Жол инфрақұрылымын жақсарту – өңірімізді дамытудың маңызды бағыты. Бүгіндері облысымыздың аумағында 8998 шақырым жол бар. Оның 1468 шақырымы республикалық, 7530 шақырымы жергілікті маңыздағы жолдар болып саналады. Оларды күтіп-ұстау, жөндеу мақсатында былтыр қандай жұмыстар атқарылды, алдағы жоспарға сәйкес іс-шаралар қай бағытта жүргізілмек? Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінде осы мәселелер талқыланды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерге сәйкес елімізде 2014-2019 жылдарға арналған “Нұрлы жол” бағдарламасы жүзеге асырылуда, оған біз де өз үлесімізді қосуымыз керек, – деді алқалы жиынды ашқан Құмар Іргебайұлы.
Алқа мәжілісінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Балахонцев баяндама жасады. Оның айтуынша, автожолдың ұзақтығы бойынша біздің өңір Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарынан кейін үшінші орында екен. Алайда, қиыршықтасты, топырақты жолдың ұзындығы бізде көрші облыстармен салыстырғанда 1,2-1,7 есе көп болып отыр. Былтырғы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61 пайызға жеткен, бірақ әлі де жөндеуді қажет ететін 2937 шақырым жол бар. Сонымен қатар 36 көпірдің алтауы апаттық жағдайда. Былтыр облыстық және аудандық мақсаттағы жолдарды жөндеуге 14,6 млрд. теңге бөлінген.
Бұл қаржыға Келлеровка – Тайынша – Чкалово автожолы жаңғыртылған, жергілікті мақсаттағы жолдарға күрделі және ағымдағы жөндеулер жүргізілген. Мемлекеттік сатып алулар конкурсын өткізу нәтижесінде қыруар қаржы үнемделген. Өкінішке қарай, жолды жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілген жайттар да кездескен. Мердігер ұйым “Квартц-Н” ЖШС-і Саумалкөл – Новоишимка тасжолының екі шақырымын сапасыз жөндеген, сондықтан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы сотқа шағым түсірген.
Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес жергілікті мақсаттағы жолдарды жөндеуге 62,8 млрд. теңге бөлінген. Бұл жергілікті мақсаттағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 73 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан аудан әкімдері жолдарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды уақтылы әзірлеуі тиіс. Қыс айларында жолды қардан тазарту үшін 2017-2019 жылдарға жасалған келісімге сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Облыс аумағында республикалық мақсаттағы жолдарда 123 сервис нысандары орналасқан. Алайда, олардың 70 пайызы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейді. Жаңа нысандар ашуға және жұмыс істеп тұрғандарын талапқа сәйкес келтіруге кәсіпкерлерді тарту жалғасуда.
Бүгіндері облыс аумағында 177 автобус бағыты жұмыс істейді, былтырғы он бір айда 464,1 млн. адам тасымалданған. Алдағы кезеңде автобус паркін жаңарту міндеті тұр. 2017 жылдың қаңтар айынан Петропавл әуежайы толық қуатында жұмыс істей бастады. Республикалық бюджеттен демеуқаржы бөлінгендіктен, Алматы, Астана, Шымкент қалалары бағыттарында тұрақты әуе байланысы орнатылды. Бүгінгі таңда “СКАТ” әуе компаниясымен және жергілікті турфирмамен Мысырдың Шари-Эль-Шейх курортына дейін шілде-қыркүйек айларында тікелей әуе рейсін ашуға келісім жасалған. Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында перронды жөндеуге және арнаулы техника сатып алуға әуежайға қосымша қаржы бөлінді. Петропавл темір жол вокзалының ғимаратын жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
“Қазавтожол” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаев республикалық мақсаттағы жолдарды жөндеу, жол бойындағы сервисті жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында хабарлама жасады.
– Жол – экономиканың күретамыры екені сөзсіз. Бұл салаға соңғы жылдары қомақты қаржы бөлінуде. Соның нәтижесінде облысымыздың 62 мың тұрғыны бар 128 елді мекеніне баратын жол жөнделді. Осы кезеңде жол-көлік оқиғалары 27 пайызға азайған. Үстіміздегі жылы жалпы сомасы 37,3 млрд. теңгеге жергілікті мақсаттағы 705 шақырым жол жөнделетін болады. Тұтастай алғанда, барлық бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда, шешімін табуы тиіс мәселелер де аз емес, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Барлық жол-құрылыс жұмыстарының сапасы жобалық-сметалық құжаттарды дайындаудан басталады. Соңғы үш жылда алты жобалау ұйымымен 150,5 млн. теңгенің 32 келісімі жасалған. Осы жобалау ұйымдарының біреуі ғана облыс орталығында, қалғандары Алматы, Ақтөбе, Жезқазған, Көкшетау қалаларында орналасқан. Соның нәтижесінде бюджетке салық аз түседі. Ол жобалау жұмысының сапасына да әсер етеді, бұл қосымша шығындарға әкеліп соқтырады. Жобалау ұйымдары шетелдерде қолданылатын инновациялық әдістерді пайдалануға құлықсыз. Жаңа технологиялардың тиімділігін анықтау және оларды жол жөндеу жұмыстарында пайдалану үшін өңір басшысының тапсырмасымен жұмыс тобы құрылатын болды.
Кеңейтілген алқа мәжілісінде облыс әкімі жол құрылысы жұмыстарының сапасына ерекше тоқталды.
– Біз жолды жөндеумен айналысатын мердігер ұйымдардың соңғы төрт жылдағы жұмысына талдау жасадық. Становое – Новомихайловка – Меңгесер – Сенжарка – Николаевка тасжолына бөлінген 1 млрд. теңге қаржыға “Гегарт” ЖШС-і үш жыл жөндеу жұмысын жүргізді. Алайда, оның кейбір учаскесіндегі сапасыз жұмыстың салдарынан ойықтар пайда болып, қайтадан жөнделді. Мұндай мысалдар аз емес. Осы жылдар ішінде мемлекеттік тапсырыс шеңберінде орындалған жұмыс көлемі 2,2 есе артыпты. Алайда, “МГА-Дорстрой”, “Петропавл жолдары”, “Норд жолдары”, “Дорожник Ашық Аспан” кәсіпорындары активтерін өсіруді мүлде ойламайды, техника паркін жаңартпайды, жұмысшыларының еңбекақысын тиісті деңгейге дейін көтермейді. Жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеті төмен болғандықтан біздің облыста филиалы жоқ компаниялар 9,5 млрд. теңгенің жұмысын орындап, жергілікті бюджетке бар жоғы 5 млн. теңге салық аударған, бұл жалпы соманың 0,05 пайызы ғана. Биыл осындай кемшіліктерді болдырмау бағытында жұмыла жұмыс істеуіміз керек, – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыс әкімі сонымен қатар жол бойындағы сервис нысандарының жұмысын да сын тезіне алды. Ақжар, Аққайың, Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев аудандарында қалыптасқан жағдайды түзету баяу жүргізілуде.
Өңір басшысы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, жол-құрылыс кәсіпорындарының басшыларына, аудан әкімдеріне талқыланған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.