Президент еліміздегі әрбір жас азаматты еңбекпен қамту жолдарын айтып, олардың өмір сүрулеріне қолайлы жағдай жасау жөніндегі тұщымды ойымен бөлісті. Еліміздің алға қойған мақсаттары мен міндеттерінің орындалуына үлес қосу – әрбіріміздің парызымыз. Себебі, Қазақстанның гүлденуіне атсалысу еліміздің әрбір тұрғынына артылған жүк.
Осы орайда: “Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз, сондай-ақ, өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатыр”, – деді Президент.
Елбасының жастар өмірін одан әрі жақсартуға қатысты тапсырмаларын зейін қойып тыңдадым. Қуаныштысы, “Жас маман” бағдарламасы әзірленіп, 100 индустриялық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша кадрлар даярланатын болады. Арнайы жол картасы негізінде атқарылатын шаралар да жастардың өміріне тың серпін береді деген үміттемін.
Айтолқын ҚАЛЕЛОВА, “Абылай ханның резиденциясы” мұражай-кешенінің экскурсия жүргізушісі.