«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРСЕТКІШТЕР КӨҢІЛДЕН ШЫҒАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда 2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, облыстық бюджеттің орындалуы, коммуналдық тарифтерді төмендету және басқа да өзекті мәселелер қаралды.

Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев өңіріміздің былтырғы жылдың 12 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін жан-жақты саралап, қол жеткізген табыстармен қатар орын алған кемшіліктерге де тоқталды. Асқар Жоламанұлының айтуынша, өңірдің қысқа экономикалық индикаторы 104,4 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 2,2, құрылыс жұмыстары 13,6 пайызға өсті. Былтыр өңір кәсіпорындары 250,7 млрд. теңгенің тауарын өндірсе, экспорт 19,6 пайызға өсіп, импорт 10,2 пайызға төмендеген.

– Соңғы жылдары облысымызда құрылыс саласы қарқынды дамуда. Бұл бағытта 79,1 млрд. теңге игерілді. Былтыр өңірімізде жалпы ауданы 218,1 мың шаршы метр болатын 2068 пәтер пайдалануға берілді. Бұл үрдіс үстіміздегі жылы да сақталмақ. Агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрландыру, озық технологияларды қолдану, минералдық тыңайтқыштарды енгізу нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері 2 пайызға өсіп, 520,4 млрд. теңгені құрады. Мал шаруашылығын дамытуда да мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Бұл саланың көрсеткіші 2,7 пайызға артып, инвестиция саласындағы өсім 212 млрд. теңгені құрады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ал нақты көлем индексі бойынша былтыр машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және кен өндіру салаларында жоспар орындалмаған. Мәселен, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ – 44, ал “ЗИКСТО” АҚ 20 пайызға кем өнім шығарған. Бұдан бөлек, Тайынша, Айыртау, Мамлют аудандарында және Петропавл қаласында бірқатар негізгі көрсеткіштер төмендеп кеткен.

Шал ақын, Аққайың, Уәлиханов және Жамбыл аудандары құрылыс жұмыстарына қарқын қосулары керек. Он екі айдың қорытындысы бойынша облыста орташа айлық еңбекақы 6,8 пайызға артып, 108 706 теңгеге жетті. Бірақ 7 ауданда орташа айлық жалақының көлемі азайған.

Облыс әкімі өзінің орынбасарларына және жауапты тұлғаларға межелі міндеттердің орындалмау себебін анықтауды, оларды түзету бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Аппараттық кеңесте облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов бюджеттің орындалуы, ал облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіров коммуналдық тарифтерді төмендету бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Өңір басшысы алдағы уақытта инфрақұрылымды дамыту басым бағыттардың бiріне айналатынын атап айтты. Әсiресе, жол жөндеу және таза ауызсумен қамтамасыз етуге арнайы қаражат қарастырылмақ. Атап айтқанда, былтыр өңірде 2200 басқа арналған төрт тауарлы-сүт кешені пайдалануға беріліп, 3,3 млрд. теңгенің цифрландыру элементтері енгізілген болатын. Үстіміздегі жылы осындай тағы үш кешен Мамлют, Қызылжар және Аққайың аудандарында іске қосылатын болады. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жылдық қуаты 5 мың тонна етті бағыттағы құс фабрикасы салынуда. Тайынша ет комбинатында жүргізілген жаңғырту жұмыстарына 700 млн. теңге инвестиция құйылды.

– Өткен жылы әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай табыстарға қол жеткіздік. Облысымызды дамытуға арналған үш жылдық жоспардың аясында өңiрімізде көптеген мәселелер шешiмiн таппақ. Кешенді жоспарды жүзеге асыруға ел бюджетінен қомақты қаражат бөлiнедi. Бұл қаржы әлеуметтiк нысандарды салуға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталады. Атап айтар болсақ, медициналық нысандардың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 120 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіледі. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да жаңа оқу-зертханалық корпус, екі жатақхана бой көтередi. Сондай-ақ, ауылдарда бір мыңға жуық үй салуды жоспарлап отырмыз, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңір басшысы алда тұрған осындай ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда аудан әкiмдерi мен басқарма басшыларына жүктелген жауапкершіліктің салмағы ауыр екенін айтты.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp