«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛЫМШЫЛАР ҚАРЖЫСЫ ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр “Астана Банкі” акционерлік қоғамы банктік және басқа да операцияларды жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған болатын. Жақында қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енді. Осыған байланысты банктің 275 мың салымшысының ақшасын қайтару жұмысы басталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы өткізген кезекті баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

“Қазақстан Ұлттық банкі” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Диас Мэлстің айтуынша, “Астана Банкінде” шоғырланған депозиттердің жалпы сомасы – 41 млрд. теңге. Оның ішінде қайтарылуы тиіс қаражаттың мөлшері – 37 млрд. теңге. “Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры” АҚ-ы “Астана Банкі” АҚ-да ашылған депозит, ағымдағы шоттар мен төлем карталарындағы ақша қалдығы бойынша өтемақы төлейді. Алайда, депозиттер бойынша қаражат кепілдіктің ең жоғары сомасынан аспайтын мөлшерде төленеді. Ұлттық валютадағы депозиттер бойынша – 10 миллион теңге, шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион, бір салымшының бір мезгілде теңгемен және шетел валютасында орналастырылған депозиттері бойынша – 15 миллион теңге. Барлық өтемақыны теңгемен төлеу қарастырылған.

Сот шешімі күшіне енгеннен кейін Ұлттық банк салымшыларға кепілді өтемақыларды төлеу жұмысын жүргізетін агент-банкті анықтады. Ол – “Еуразиялық банк” АҚ-ы. Баспасөз мәслихаты барысында аталмыш банктің өңіріміздегі филиалының директоры Бірлан Мықтыбаев салымшылардың өтініштерін қабылдау және өтемақы төлеу шаралары агент-банктің барлық 17 филиалы мен 126 бөлімшесінде үстіміздегі жылғы 26 қаңтардан бастап 26 шілдеге дейінгі уақыт аралығында жүргізілетінін айтты. Өңірімізде “Астана Банкі” АҚ-ның 2199 клиенті бар.

Өтемақы төлеу 26-27 қаңтардағы демалыс күндеріне қарамай жүргізіле бастайды. Бұл күндері “Астана Банкі” АҚ-ның салымшыларына ғана қызмет көрсетіледі. Ал дүйсенбі, 28 қаңтардан бастап агент-банк әдеттегі жұмыс режіміне көшеді. Салымшылар өтемақы алу үшін банктің кез келген бөлімшесіне немесе филиалына өтініш жазуы қажет. Сондай-ақ, тұрғындар белгілі бір жағдайларға байланысты қаржылық институтқа келе алмай қалған жағдайда басқа адамға нотариалды түрде куәландырылған сенімхат беруіне болады.

Банкте ақшаны алудың тәсілін таңдау да қарастырылған. Егер клиенттер салымдарына қандай да бір себептермен 2019 жылдың 26 шілдесіне дейін қол жеткізе алмаса, ақшасын “Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры” АҚ-на өтініш беру арқылы алады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp