Облыстық полиция департаменті үстіміздегі жылды “Есірткіге қарсы күрес жылы” деп жариялаған болатын. Осыған орай Жастар сарайында салтанатты жиын өтті. Негізгі мақсаты қоғам індетінен жастарды сақтау болғандықтан, шараға мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың басшыларымен қатар, қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары, колледж студенттері шақырылды.
Алдымен жиналғандардың назарына облыстық полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының тапсырысымен түсірілген “Тұздар және спайстар. Құрдымға апарар жол” бейнефильмі ұсынылды. Онда баласы есірткіге тәуелді болған шарасыз ана басынан өткен ауыр жайтты баяндаса, есірткіге қарсы күрес бағытында құрылған қор өкілдері қоғам індетіне ұшырап, қиын жағдайға тап болғандарға одан арылуға көмектесетіндерін айтады. Сондай-ақ, бейнефильмде әлеуметтік желілердегі қала тұрғындарын есірткі затын жарнамалауға, саудалауға шақыратын топтармен күресудің маңыздылығы да көрсетілген.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Жастар жылының” ашылу салтанатында өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, баспанамен қамтамасыз етілуіне, саламатты өмір салтын ұстануына ерекше мән берілгеніне тоқталды. Осы орайда өскелең ұрпақтың есірткіге тәуелділігінің алдын алу бағытындағы шаралардың маңызы зор.
– “Есірткісіз болашақ” жан-жақты қолдау табады деген сенімдеміз. Мүдделі органдармен бірлесіп бұл акцияны жүзеге асыру бағытында жұмыс істейміз. Есірткінің тәнді де, жанды да улайтын зат екенін барлығымыз білеміз. Сондықтан бүгінгі ұрпақ, біздің жастарымыз есірткі затының зиянды екенін түсініп, бір сәттік азғыруға жол бермеу үшін тиісті іс-шараларды қабылдауымыз керек. Қашан да аурудың алдын алған жөн, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.
Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жандос Басыбаев жиналғандардың назарына “Есірткіге қарсы күрес” жылына орай полиция департаменті әзірлеген ведомствоаралық бағдарламаны ұсынды.
Үш жыл бұрын өңірімізде синтетикалық есірткі заттары, тұздар мен спайстар пайда болды. Олар жалбыздан немесе саябақтағы шөптен жасалуы мүмкін. Алайда, оған қосылатын химиялық заттардың адам денсаулығына зияны көп. Мұндай заттардың бағасы арзан болғанымен, әсері күштірек. Синтетикалық есірткі затына тәуелді адамдар бір жылдан артық өмір сүре алмайды. Сондықтан жастардың болашағына, өміріне қауіп төнеді. Өткен жылы синтетикалық есірткіні асыра пайдаланудан елу солтүстікқазақстандық көз жұмды. Олардың 13-і кәмелеттік жасқа толмағандар болса, екеуі, тіпті, 12 жастағы бала.
Соңғы кезде үйлердің қабырғаларында, басқа да жерлерде улы заттарды саудалайтын сайттарды жарнамалайтын жазбалар тарап кетті. Өткен жылы жүзден астам осындай жазба қалдырып үлгерген адам ұсталып, 75 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүрленген болатын. Шара барысында оның бұл әрекетін полицияға хабарлап, қолға түсіруге көмектескен қала тұрғыны Мария Кудрицкая Ішкі істер министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
Шара жастар бастамалары орталығы әзірлеген флешмобпен аяқталды. Осылайша, солтүстікқазақстандық жастар басқа өңірлер де қолдайды деген үмітпен қоғам індетіне қарсы челлендж жолдады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.