Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2019 жыл “Жастар жылы” болып жариялануы айтулы оқиға десек қателеспеймін. Өзім де жас маман болғандықтан мемлекет тарапынан бізге қамқорлық пен қолдаудың көрсетілгеніне қуанамын. Өткен жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін тамамдап, еңбек әліппесін туған жерімнен бастауды жөн көрдім. Қазір Шал ақын аудандық ауруханасында жалпы тәжірибе дәрігерімін.
Медицина маманы болуды бала күнімнен армандадым. Бүгінде сол арманыма қол жеткізіп отырмын. Жалпы, елімізде мен сияқты жас мамандарға айрықша қолдау барын айтқым келеді. Жастар өздерінің арман-мақсатын жүзеге асырып, кез келген салада табысқа жетуде. Жастар жылында жаңа жобаларды, тың идеяларды жүзеге асырудың тетіктері қарастырылмақ.
Жастармен өткен салтанатты шарада Елбасымыз “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, ауылды жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту қажет екенін айтып, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың қатарын көбейтуді ұсынды. Сондай-ақ, жас мамандарға берілетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырды. Бұл әрбір маманға үлкен көмек болар еді.
Дана ҚАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, Шал ақын аудандық ауруханасының дәрігері.