Өткен жылы елімізде қызылшамен 576 адам ауырып, оның 84 пайызын балалар құрады. Ал биыл дертке шалдыққан 749 адамның 534-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Біздің өңірімізде төрт бүлдіршін ауру жұқтырған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Жиынға қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дәуренбек Бейсембаев қызылшадан сақтанудың бірден-бір жолы екпе егу екенін айтып, ауру жұқтырған адам айналасына 7-10 күн қауіп төндіретінін жеткізді. Сондай-ақ, ата-аналар әзірге балаларын қоғамдық орындарға апармай, қауіпсіздік шараларын сақтауы қажет екенін түсіндірді. Ал облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов ауруға шалдығу көрсеткіші қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар арасында кең таралып жатқанына және екпе алмаудың түрлі себептеріне тоқталды.
Оның айтуынша, екпе салдырмағандардың дені – бір жасқа дейінгі балалар. Ал енді біріне денсаулығына байланысты екпе алу мерзімі кейінге шегерілген. Өкінішке қарай, екпе алудан бас тартқандар да бар.
Қызылжар, Уәлиханов аудандарында бір адамның сырқаты күдік тудырса, Петропавл қаласында он бес жағдай тіркелді. Қызылша ауруын жұқтыру қаупі бар он алты адам вакциналаудан өтпеген. Зертханалық қорытынды бойынша облыс орталығында бір жастағы екі бала мен бір жасқа толмаған қос бүлдіршіннің ауруға шалдыққаны анықталды. Түрлі себептерге байланысты оларға екпе егілмеген.
Баяндамашы қазіргі таңда облыс тұрғындары арасында қызылша ауруынан сақтануға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мамандар білім беру мекемелерінде “дөңгелек үстел” отырыстарын өткізуде.
Шараға қатысушылар үстіміздегі жылы Үндістан, Украина, Қытай, Малайзия, Тайланд сияқты әлемнің көптеген елдерінде қызылша ауруы тіркеліп, тұрғындардың ішкі миграциясы есебінен Қазақстанда да инфекцияның таралуына ықпал еткенін алға тартты.
Адамның ыстығы көтеріліп, әлсіреуі, тамағы ауырып, мұрыны бітелуі, сондай-ақ, көздің былшықтануы мен қызаруы аурудың басты белгісі екенін айтқан Арман Сайлаубайұлы денеде бөртпе пайда болса, бірден дәрігерлердің көмегіне жүгінуге кеңес берді. Қызылша асқынса, пневмония, бронхит, энцефалит сияқты қауіпті ауруларды туғызуы мүмкін.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.