«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕР ҚАНАТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тарихқа көз салсақ, ежелгі түркі тектес халықтың көбі жылқыны ерекше қадірлеген. Әлбетте, солардың ішінде қазақтың Қамбар ата тұқымына деген құрметі айрықша. Мұны халқымыздың Қобыландының Тайбурылына, Алпамыс батырдың Байшұбарына, Ер Тарғынның Тарланына және Ақан серінің Құлагеріне көрсеткен ықыласынан аңғаруға болады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласында атқа міну мәдениетіне, әсіресе, оның елімізде бастау алғанына баса назар аударды. Өйткені, энеолит дәуірінің тарихи ескерткіші саналатын Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде жылқының алғаш рет қолға үйретілгені дәлелденген еді. Мұнда Қамбар ата төлі сүйектерінің, ыдыстардың, қыш құмыралардың және басқа да бұйымдардың табылуы соның бірден-бір дәлелі. Яғни, бабаларымыз өз дәуірінде теңдессіз үстемдікке қол жеткізді. Ал дүниежүзінің мемлекеттері арасында шаруашылық пен әскери салада биік асуларды бағындырды.

Қазақ секілді ат жарысы десе, ішер асын жерге қойып, аламан бәйгені тамашалауға асығатын халық жоқ шығар. Біз бұл спорт түріне ерекше мән береміз. Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы “Арғымақ” облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі – атбегілік өнердің қыр-сырын үйрететін өңіріміздегі жалғыз оқу орны.

“Құлагер” атшабарының жанынан құрылған мектеп 2008 жылдың қараша айынан бастап жұмыс істеп келеді. Ал “Арғымақ” атауы 2017 жылы берілді. Спорт мектебінің мақсаты жас ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстануға деген ынтасын ояту және облысымызда ұлттық ат спорты түрлерін дамытуға үлес қосу.

– Біз облыстық және республикалық жарыстарда өңір намысын абыроймен қорғайтын спортшыларды тәрбиелеуге ниеттіміз. Болашақта шәкірттеріміз сенімді ақтап, сан алуан додалардан олжалы оралса, одан асқан қуаныш жоқ деп ойлаймын. Қазіргі уақытта Ақжар, Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы, Қызылжар, Тайынша, Уәлиханов және Шал ақын аудандарында филиалдарымыз бар. Жалпы 160-тан астам өренді 11 жаттықтырушы аударыспақ, бәйге, жамбы ату, көкпар тартуға баулып жүр, – дейді мектеп директоры Ольга Патошкина.

Спорт мектебінде ағылшын, жабы, Орлов және басқа асылтұқымды тұлпарлар бар. Әрине, жануарларға ерекше күтім керек. Әр жаттығу сәйгүліктердің үстін тазалап, жалын тараудан басталады. Бұл жұмыстар балғындарды ұқыптылыққа баулиды.

Бескөлдегі спорт мекемесі тәрбиеленушілерінің қол жеткізген жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, 2016 жылы “Арғымақ” мектебінің тәрбиеленушілері ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық және Алматы қаласының бір мың жылдық мерейтойларына арналған біріншіліктерде үшінші орынға ие болды.

Спорт мектебінің тәжірибелі жаттықтырушыларының бірі – Рамазан Махатов. Ол көкпардан облыс құрамасын басқарып, өңірімізде бұл спорт түрін дамытуға өз үлесін қосып жүрген азамат. Оның көкпардан облысымыздың аға жаттықтырушысы, спорт шебері, ұлттық дәрежедегі төреші ғана емес, аударыспақ және көкпардан бірнеше дүркін облыс чемпионы екенін айта кету қажет.

Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылында тұратын бапкердің айтуынша, өңірімізде ұлттық ат спорты айтарлықтай дамып келеді. Келешегінен мол үміт күттіретін шабармандар да баршылық.

– Біздің облыста көкпар тартумен айналысатын спортшылар аз емес. Жаттықтырушылар да ат спортының аталмыш түріне машықтандыруда қажырлы еңбек етуде. Көптеген жарыстарда жерлестеріміз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Былтыр республикалық ұлттық спорт қауымдастығының жыл қорытындысы бойынша маған “Жылдың үздік төрешісі” атану бақыты бұйырды. Сонымен қоса менің шәкіртім, қазіргі уақытта ат спорты мектебінің аудан орталығындағы филиалының жаттықтырушысы болып жұмыс істейтін Еркебұлан Дүйсеков көкпардан “Үздік қорғаушы” аталымын жеңіп алды. Әлбетте, мұның барлығы жігерлендіреді. Болашақта одан да биік асуларды бағындыруды көздеп жүрміз, – дейді Рамазан Махатов.

“Арғымақ” облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде иппотерапияға, яғни, салт атпен жүру арқылы емдеу ісіне де барынша назар аударылады. Өйткені, атеросклероз, ақыл-ой жетіспеушілігі, асқазан-ішек аурулары, бас жарақаты, полиомелит және сырқаттың басқа түрлеріне шалдыққан адамдарды оңалтуда бұл әдістің маңызы зор. Мамандардың айтуынша, ол – науқастардың денсаулығын жақсартуға арналған ең тиімді емдік тәсілдердің бірі. Салт атпен жүрген кезде адамның көңіл күйі көтеріліп, өз-өзіне деген сенімділігі артады. Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде иппотерапия кеңінен қолданылуда. Арнайы орталықтар да жұмыс істейді.

Жас ұрпақтың ұлттық ат спортына деген ықыласын арттыру мақсатында мектепте үш айда бір рет “Ашық есік” күні ұйымдастырылады. Оның барысында балалар мектеп ішіне саяхат жасап, салт атпен серуендей алады.

“Арғымақ” облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығы алдағы уақытта өңіріміздегі филиалдарында конкур мен желіс жылқылар бөлімшелерін ашуды жоспарлап отыр. Ұлттық спорттың жалауын биікте желбірету үшін тер төгіп жүрген ұжымның әлі талай додада бағы жанарына сенімдіміз. Өйткені, асыл құндылықтарын сүйетін ұрпақ қана халқымыздың қастерлі мұрасына қызығушылық танытады.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp