«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕАТР – ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл ауданының орталығы – Явленка ауылындағы Мәдениет үйінде “Шабыт” халық театры жұмыс істейді. Мұнда ауылдың қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрген, өнерге деген ынтасы зор тұрғындарының бастары тоғысқан. Жарты ғасырға жуық тарихы бар театр бүгінде ауданның мәдени шараларын өткізуге белсене атсалысып, тәрбиелік мәні зор сахналық қойылымдарымен көзге түсуде.

Аталмыш театрдың іргесі 1971 жылы қаланған. Жақын маңдағы ауылдардан жиналған өнерпаздар негізін қалаған ұжымға жоғары орындаушылық шеберлігі үшін халық театры атағы берілді. Сол сәттен бастап киелі орда ауыл тұрғындарын өнер әлеміне жетелеп келеді. Режиссері Ботагөз Оспанованың айтуынша, бүгінде театр репертуары түрлі тақырыпты қамтиды. “Жыл басы – Наурыз”, “Асқақтай бер, айбынды Астана”, “Соғыс зардабы”, “Қарттарын қадірлеген ел ардақты”, “Бүгінгі күннің құндылықтары” атты туындылары аудан тұрғындары тарапынан зор қошеметке ие болып, бірнеше мәрте сахналанған. Әсіресе, аудандық театрдың әлемдік классика мен ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын көрсетілімдері көрермендер көзайымына айналып үлгерген. Жуырда тағы бір қойылым сахналанбақ, патриотизм тақырыбындағы шығарма өңіріміздің тарихынан сыр шертеді.

“Шабыт” халық театрының құрамында түрлі мамандық иелері еңбектенуде. Кәсіби әртіс болмаса да, образдарды барынша шынайы сомдау мақсатында ізденіп, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының мамандарынан дәріс алады. Сондай жанның бірі – Айжан Нәкенова. Басты рөлдерде ойнап, аз уақыттың ішінде көрермен ықыласына бөленді. Басқа салада қызмет етсе де, оның өнерге деген құлшынысы театрға келуіне түрткі болыпты. Жұмыстан қолы босай қалғанда Мәдениет үйіне келіп, актерлік шеберлігін шыңдайды. “Киелі сахнада өнер көрсету екінің бірінің маңдайына бұйыра бер­мей­тін бақыт деп білемін. Бізге келіп, сахнаға шығып, өнер көрсеткендер арасында жастар көп. Олар елге танылса, біз оған қуанамыз. Келешекте осынау өрендер арасынан ұлттық өнеріміздің даңқын асырып, мақтанышына айналар ерен тұлғалар шығатын күндер де алыс емес шығар. Қалай десек те, осы жастарға өнердің не екенін ұғындыруға, бағыт беруге асықпыз”, – дейді ол.

Түрлі рөлдерді сомдап, көрерменге танылған өнерпаздың тағы бірі – Ғабидолла Тұрдымұратов. Ол мамандығы бойынша тарих пәнінің мұғалімі. Сахнагердің пайымдауынша, халық алдында өнер көрсету адамға жауапкершілік жүктейді. “Режиссерімізбен бірге театрдың шығармашылық жоспарын құрып, тақырып өзектілігіне мән береміз. Осы тұста театрымыздың өзгелерге ұқсамайтын өз бет-бейнесі, репертуары болғанын қалаймыз. Сондықтан әр қойылымды мұқият таңдаймыз”, – дейді ол.

Театрда аудан орталығынан шеткері жатқан ауылдардан келіп, өнер көрсететін азаматтар аз емес. Олар өзге ауылдастарымен бірге театрдың бар­лық ауыртпалығы мен жауапкершілігін көтерісіп, аудандағы мәдениет саласының өсіп-өркендеуіне үлес қосуда. Ұжымның материалдық жағдайын жақсарту, сахналық костюмдер тігу, көрермендер қатарын көбейту мәселелері о бастан ортақ міндетке айналған. Бұл орайда Мәдениет үйінің басшылығы тарапынан да бірқатар жұмыс атқарылып келеді. Директордың міндетін атқарушы Нұркен Жалғасбайұлы өнер ордасының материалдық қажеттілігін өтеу мақсатында қосымша қаржы көздерін қарастырып, демеушілер қатарын көбейту жолында аянбай тер төгуде. Ауыл-ауылды аралап, өнерсүйер қауымды театрға шақыруды игі дәстүрге айналдырған.

Мерекелік шараларда сахналанатын қойылым тақырыбы ұжымда кеңінен талқыланып, бұл тұрғыда көрермендердің тілек-өтініштері де назардан тыс қалған емес. “Көрермендердің қошеметі біз үшін мәртебе. Әсіресе, Мәдениет үйінің көрермендерге лық толғанын көргенде, қуанышымызда шек болмайды. Бұл еңбегіміздің зая кетпегендігінің белгісі емес пе?”, – дейді театр өнерпаздары. Бұл орайда, театр ұжымының өз көрермендеріне айтар назы да жоқ емес. Мәселен, оларды кейінгі ұрпақ өкілдерінің рухани дамуға аса ден қоймайтындығы қынжылтады. Бүгінгі жастар әлеуметтік желілерді көп пайдаланады. Тәрбиелік мәні жоқ, атыс-шабысқа толы фильмдерді көруге құштар. Мұның аяғы рухани құлдырауға әкеліп соғатыны айдан анық емес пе? Жастардың көбі театрға баруға, барғанның өзінде бір сағат қойылымды соңына дейін көруге құлықсыз. Сондықтан “Шабыт” театрының ұжымы шығармашылық жоспарларын сапалы жасап, қызықты әрі терең мәнге ие қойылымдарды сахналауды үнемі назарда ұстап келеді. Туған жеріне кіндігі байланған осындай жандардың өнер алдындағы адалдығы, руханияттың дамуына үлес қоссам деген перзенттік парызы сүйсінтпей қоймайды.

Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp