«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС САХНАГЕРЛЕРГЕ СЫЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры жанында балаларға арналған шеберлік студиясы ашылды. Өнерге бейім жеткіншектер актерлік шеберліктің қыр-сырына үйреніп, шығармашылықтарын шыңдауда.

Театрдың жертөлесіне жөндеу жүргізіліп, жаңа кейіпке енген бөлмелерде қырық бала сабақ алуда. Ал театр сахнагері Ирина Пашкина өрендерді сөз өнері мен сахна шеберлігіне баулуда.

– Менің театр сахнасында жүргеніме ширек ғасыр. Осы уақыт ішінде азды-көпті актерлік тәжірибе жинақтадым. Сондықтан өзімнің білгенімді балалармен бөлісуді жөн көрдім. Үйірмеде тәлім алушылардың назарын сахнадағы қимыл-қозғалыс мәдениетіне, актерлік шеберлік пен шешендік өнерге аударудамын, – деді Ирина Пашкина.

Театр студиясы балаларды он жастан бастап қабылдайды. Актерлік өнерге ынта қойған Мәдина Бакина тәжірибелі мамандардан дәріс алып, театр студиясында шеберлікті шыңдауға мүмкіндік туғанына қуанышты. Көпшіліктің алдында сөз сөйлеуге қысылатын ол алдымен бойындағы үрейді жеңу үшін үйірмеге қатысуға ниет білдірген.

– Мен болашақта ұстаз болғым келеді. Сол себепті, театр студиясына айтар ойымды толық жеткізіп, өзімді еркін ұстауға үйрену үшін келдім. Өйткені, мен сахнаға шыққанда қатты қобалжимын. Ал мұғалім еркін әрі қысылмай сөйлеуі керек, – деді үйірмеге қатысушы Мәдина Бакина.

“Жастар жылының” арқасында студия ашуға мүмкіндік туғанын жеткізген театрдың көркемдік жетекшісі Елена Покрас балалар жарты жыл білім алса, курстың соңында қойылым сахналайтынын айтты. Спектакльді театр режиссёрі Тимур Кәрімжановтың өзі қояды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp