Облыс орталығында жыл басынан бері қалта ұрлығына қатысты үш факті тіркелді. Олардың барлығы қоғамдық көліктерде орын алған. Ұрлық-қарлықты анықтау мен алдын алу бағытында Петропавл қаласындағы орталық базарда 2014 жылдан бастап полицияның жедел іздестіру бөлімшесі жұмыс істейді. Оның құрамындағы бес қызметкер бейнебақылау камералары арқылы сауда орындары мен павильондардағы жағдайды қадағалайды. Нәтижесінде соңғы жылдары бейне-бақылау камералары орнатылған орындарда ұрлық азайған.
Талдау барысында қалта ұрлығының 80 пайызы әйелдерге қатысты жасалатыны белгілі болды. Қаскөйлер нәзік жандардың қарсылық көрсете алмайтындығын пайдаланып жатады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, қалта ұрыларын көптің арасынан анықтау мүмкін емес. Өйткені, олар жасөспірім немесе әйел адам болуы да мүмкін.
Аталмыш фактілер негізінен сауда орындарында және қоғамдық көліктерде таңғы сағат 7.00 мен 10.00 аралығында және кешкі сағат 17.00 мен 19.00 аралығында жасалынатын көрінеді. Көп жағдайда олардың көздейтіні – ұялы телефондар мен әмияндар.
Ерлан МАХМЕТОВ, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.