«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОСЫМША ҒИМАРАТ АШЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық онкологиялық диспансердің екіқабатты қосымша ғимараты пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Қазақ Ұлттық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова қатысты.

Аумағы екі мың шаршы метрді алып жатқан жаңа ғимарат заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда сәулелік диагностика, патогистологиялық зертхана мен реанимациялық бөлімше бар. Жаңа ғимараттың екінші қабатында әкімшілік орналасқан. Науқастарға ыңғайлы болуы үшін кіреберісте арнайы нұсқау белгілері қойылған.

Диляра Қайдарова облыстық онкологиялық диспансердің жұмысымен танысып, емдеу мекемесінің ішін аралап көрді. Сондай-ақ, ол ультрадыбыстық зерттеу кабинеті мен емдеу корпусындағы заманауи аппараттардың мүмкіндігін бағамдады. Медицина мекемесінің бас дәрігері Қабдырахман Сақтағанов қазір дәрігерлер біртіндеп қағазбастылықтан арылып, науқастардың анықтамалық картасын электронды жүйеге көшіруді қолға алғанын тілге тиек етті. Жұмыс барысында алматылық мейман әріптестерінің жұмысына оң баға беріп, өңірде обыр дертімен күрес күшейтілген түрде жүргізілуі тиіс екенін ескертті.

– Еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда, обыр ауруына шалдыққандар санының көптігі бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бірінші орында тұр. Көрсеткіш республикалық орташа деңгейден бір жарым есеге артық. Соның ішінде сүт безі мен өкпе обыры алдыңғы қатарда. Аурудың алдын алу үшін скринингтік тексерулер жүргізудің маңызы зор. Онкологиялық диспансерде қажетті құралдар орнатылған, аз уақыттың ішінде ауруды анықтауға барлық мүмкіндік бар. Осындай заманауи емдеу мекемесіне қосымша ғимарат салу үшін қолдау білдірген облыстық әкімдікке ризашылығымды білдіремін, – деді Диляра Радикқызы. Ол мамандардың біліктілігіне жоғары баға беріп, алдағы уақытта өкпе ісігін ерте анықтау мақсатында тұрғындар арасында скринингтік тексеру жүргізуді жалғастыру керек екенін айтты. Бүгінде облыстық онкологиялық диспансерде кадр тапшылығы жоқ. 48 дәрігер мен 120 орта буын медициналық қызметкер жұмыс істейді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltustik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp