Петропавл қаласындағы Спорт сарайында волейболдан Ұлттық лига командалары арасындағы XVII ел біріншілігінің үшінші туры өз мәресіне жетті. Тур барысында “Б” тобына кіретін “Есіл” (Петропавл), “Атырау” (Атырау), “Маңғыстау” (Ақтау), “ТНК “Казхром” (Хромтау) командалары сынға түсті.
Есілдіктер екінші турда “Тараз” (3:2), “Буревестник” (3:1), “Алтай” (3:0) және “Павлодар” (3:0) командаларын тізе бүктіріп, біріншілік көшбасшыларының қатарына кірген болатын. Алайда, үшінші турда сәтсіздікке ұшырады.
Алдымен “ТНК “Казхром” командасымен кездесті. Бірде-бір кезеңде жолы болмаған петропавлдықтар 0:3 есебімен жеңіліс тапты. Екінші күні маңғыстаулықтарға қарсы тұрған “Есіл” командасы бірінші кезеңде айқын басымдықпен жеңіске жетті. Өкінішке қарай, қалған үш кезеңде бұл нәтижені жалғастыра алмады. Есеп – 1:3. Турдың соңғы күні “Атырау” командасына қарсы тартысты кездесу өтті. Бұл ойын да 1:3 есебімен аяқталды.