Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында қала әкімі Марат Тасмағанбетовтің тұрғындар алдындағы қорытынды есепті кездесуі өтті. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов қатысқан жиында 2018 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алда тұрған міндеттер баяндалды.
Былтыр экономиканың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсу қарқыны сақталған. Өткен жылғы есепті кездесуде тұрғындардан түскен 401 ұсыныс-тілек толығымен орындалған. Өтініштердің басым бөлігі қаланың тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығына, яғни абаттандыру, жол құрылысы, көшелер мен аулаларды жарықтандыру, қоғамдық жолаушылар көлігінің жұмысы, сумен, жылумен қамтамасыз етуге қатысты болды.
Атап айтқанда, былтыр 93,5 мың шаршы метрді құрайтын 112 көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Сондай-ақ, өткен жылы ел бюджетінен бөлінген 1,8 млрд. теңгеге 16,8 шақырымды құрайтын 10 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаланың 21 көшесінің 3673 шаршы метрінің ой-шұңқыры тегістелді. Жалпы 14 саяжай серіктестігіне апаратын жолдар жөнделді. Балаларға арналған 41 ойын алаңы жасалып, қураған ағаштар кесілді, 65 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті ашық түске боялды.
Шаһар басшысы алдымен есепті кездесуге дейін жазбаша түрде түскен өтініш-тілектерге жауап берді. Көп сұрақтар көшелерді жөндеу және кеңейту, жол белгілерін орнату, аулаларды абаттандыру, жаңа саябақтар салу мәселелеріне қатысты болды. Марат Иманбайұлы мақсатты жұмыстардың кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын атап айтты. Бүгіндері кейбір көшелерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Қала әкімі аулалар мен көшелерді таза ұстау үшін тұрғындарды пәтер иелері кооперативтеріне бірігіп, төрағалардың басқаруымен осы жұмысты бірлесе атқаруға шақырды.
Есепті кездесуде сөз алған К.Сүтішев, Тоқсан би, Абай көшелерінің тұрғындары аулаішілік жолдарды қалыпқа келтіру, балалар алаңдарын салу жөнінде мәселе көтерді.
– Былтыр облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен аулаішілік жолдарды жөндеуге 600 млн. теңге бөлінген болатын. Ал биыл бұл жұмыстарды атқаруға қосымша 500 млн. теңге бөлу жоспарланып отыр, – деді Марат Иманбайұлы.
Көпшілік коммуналдық қызметтердің жұмысын сынға алды. Қала әкімі жиынға қатысқан коммуналдық қызметтердің басшыларына айтылған сыннан сабақ шығаруды тапсырды. Сондай-ақ, Новая, Жамбыл, Қазақстан Конституциясы, Партизан, Амангелді, Измайлов, Челюскин көшелерінің бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары аулаларды көгалдандыруды, үйлердің қасбеттері мен төбелерін жөндеуді, көшені жарықтандыруды, тозығы жеткен лифттерді ауыстыруды сұрады. Марат Иманбайұлы бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасын табатынын айтты.
Заречный және Солнечный кенттерінің тұрғындары – орталық жылу жүйесіне қосыла алмай отырғандарын тілге тиек етсе, саяжай қоғамдарының өкілдері су мен электр жарығының жоқтығын айтты. К.Сүтішев, Чкалов және Батыр Баян көшелерінің тұрғындары қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, кәріз жүйесінде орын алған олқылықтарды түзеу және жүріп-тұруға кедергі келтіріп тұрған ескі шарбақты алып тастау мәселесін шешуді сұрады. Қалалық №8, 12, 13 орта мектептерінің өкілдері білім ошақтарының тозығы жеткен есік-терезелерін жаңарту қажеттігін айтты. Жиында көпқабатты тұрғын үйлер жанындағы ағаштарды кесу мәселелері де көтерілді. Қала әкімі Марат Тасмағанбетов тұрғындардың өтініш-тілектері бойынша іс-шаралар жоспары бекітілетінін жеткізді. Сондай-ақ, есепті кездесуде тиісті мекемелердің басшыларына көтерілген мәселелерді шешу бойынша тапсырмалар берілді.
Қала әкімінің жұмысына оң бағасын берген өңір басшысы Құмар Ақсақалов өз кезегінде есепті кездесуде айтылған барлық өтініш-тілектердің жауапсыз қалмайтындығын атап айтты.
– Былтыр қала ішінде ауқымды түрде көгалдандыру шаралары жүргізілді. Атқарылған кешенді жұмыстардың нәтижесінде облыс орталығы адам танымастай өзгерді. Ондаған көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтерді. Мир көшесінде гүлзарлар мен саябақтар тұрғызылды. Сауда нысандарының қасбеттері безендіріліп, маңайлары абаттандырылды. Қаланы дамыту, көркейту жергілікті биліктің ғана жұмысы емес. Ол үшін әрбір тұрғын белсенділік танытуы қажет. Сонда ғана облыс орталығы жаңара түсетін болады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыс және қала әкімдері үш сағатқа созылған есепті кездесуде өтініштерін айтып үлгермеген бір топ азаматты кейін жеке қабылдады.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.