«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚТАУДЫҢ АҚ МАРЖАНЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында күміс көмей әнші, “Серпер” сыйлығының лауреаты, “Құрмет” орденінің иегері Тамара Асардың “Ақтаудың ақ маржаны” атты жеке концерті өтті. Әншінің өнерін тамашалауға келген көрермендердің арасында Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасарлары Мадияр Қожахмет пен Руслан Сәкеев те болды.

Қос өңірдің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармалары арасында өзара келісім мен ынтымақтастық орнатуға арналған меморандумның шеңберінде ұйымдастырылған концерт Тамара Асардың орындауындағы “Елімнің бір еркесі мен боламын!” әнімен басталды.

– Мен Петропавлға алғаш рет келіп отырмын. Қызылжар өңірі жайлы көп естуші едім, енді өңірді өз көзіммен көру бақыты бұйырды, – деді Тамара Асар.

Кеш барысында әнші “Әриайдай”, “Ақбаян”, “Әгигай”, “Аққу арман”, “Илигай”, “Ұшады Маңғыстаудан шағалалар”, “Қара жорға” және басқа да туындыларды орындап берді. Концерт барысында өнер иесі француз тілінде де ән шырқады. Күміс көмей әншінің репертуарында даңқты жерлесіміз Сегіз серінің де әндері бар екен.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеевтің айтуынша, екіжақты әріптестік орнатуда осындай мәдени кештердің маңызы зор.

– Біздің делегация қарт Каспий теңізі бар киелі Маңғыстау өлкесінен Қызылжарға ат басын тіреп отыр. Мақсатымыз – екі облыстың өнері мен мәдениетін насихаттау, тарихи жерлерін паш ету және басқа да рухани маңызы мол шараларға бастамашы болу, – деді Руслан Кенесарыұлы.

Ол өңір басшысының орынбасары Мадияр Қожахметке Бекет атаның кесенесі бейнеленген картинаны сыйға тартты.

Мадияр Дүйсенбайұлы әншіге жергілікті жұртшылыққа тамаша көңіл күй сыйлағаны үшін ризашылығын айтып, жылы лебізін білдірді.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp