«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БЕРЕКЕГЕ” ЕМХАНА КЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығындағы “Береке” шағынауданы қарқынды дамып келеді. Мұнда көпқабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың құрылысы жүргізілуде. Десе де, жаңа кейіпке енген шағынауданда күрмеуі қиын мәселелер аз емес. Мәселен, мұнда тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуде бірқатар кедергілер орын алған.

“Береке” шағынауданында орналасқан №2 қалалық емхананың филиалына сол маңдағы тұрғындар қаралады. Бірақ бәрі бірдей емес. Өйткені, аядай емхананың тұрғылықты жері бойынша тіркеуде тұрған адамдардың барлығын қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Бүгіндері емдеу мекемесіне келушілердің саны азайған. Мұнда кезек санын қысқартудың, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетудің қажеттігі анық сезіледі. Емдеу мекемесінде бұған дейін болған жеті учаскенің төртеуін таратып жіберген. Бірқатары облыстық тері-венерологиялық диспансердің босаған ғимаратына көшіріліпті. Дәрігерге қаралуды айтпағанда, тұрғындар қан тапсыру үшін әрі-бері сабылуда. Олар қаланың ортасына бармай-ақ сараптама қорытындысын “Берекедегі” емханадан жасатқылары келеді. Бірақ олай болмай тұр.

Аумағы 150 шаршы метрді құрайтын мекемеде 4,5 мың тұрғынға екі жалпы тәжірибедегі дәрігер медициналық көмек көрсетеді. Бірақ кейбір адамдардың медициналық көмектің сапасына көңілдері толмайды. Әлбетте, келушілердің саны көп болған соң сапаға да сын айтылары анық. Жағдайды өз көзімізбен көргеннен кейін тұрғындар өтінішінің орынсыз айтылмағанына көз жеткіздік.

Емханаға кірген бойда емшара кабинетінің алдында тұрған қос қарияны көзіміз шалды. Ақхалаттыларға жаутаңдаған қос зейнеткердің тағаты таусылғандай. Оларды сөзге тартуымыз мұң екен, қариялар реніштерін айтып берді.

– Қалаға көшіп келгенімізге екі жыл болды. Содан бері осы жердегі мамандардың көмегіне жүгінудеміз. Бұрын мұнда кезек көп болатын, қазір де оңып тұрған жоқ. Жаңа шағынаудан болған соң, тұрғындардың қатары жыл сайын артып келеді. Сондықтан “Берекеде” кең әрі заманауи емхана болуы тиіс. Сараптама жасату үшін апта сайын орталықтағы емханаларға бару қиын. Бұл жерде, тіпті, зертханалық-сараптама кабинеті де жоқ. Кей кездері ине салатын медбикені де таппай қаламыз, – деп қынжылған зейнеткер Қанат Рамазанов ауруханаға жатып, ем алу үшін де порталға тұрудың машақатынан жан қиналатынын жасырмады. Жүрек дертімен ауыратын зайыбын ауруханаға жатқызу үшін портал кезегін жарты жыл күткен екен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл емдеу мекемесінде тоғыз медициналық қызметкер жұмыс істейді. Жалпы тәжірибедегі қос дәрігердің бірі түске дейін, екіншісі күннің екінші жартысында қабылдайды. Ал дәрігердің жанында отыратын медбикелердің жұмысы да аз емес. Сондықтан кезектен тыс келген науқастарға ине салуға олардың қолы тие бермейтін көрінеді. Медицина мамандары да дәрігерлік көмек көрсетуде аядай емхана ыңғайсыздық тудыратынын жоққа шығармайды.

– Біздің емханаға 4, 14, 45-ші учаскелер қарайды. Медицина саласын оңтайландыру жұмыстарына байланысты дәрігерлердің жүктемесі азайды. Әрбір учаскеде шамамен 1750 адам тіркеуде тұр. Күн сайын 20-30 адам қабылдаймыз. Сондықтан медициналық қызметкерлер мен тұрғындарға ынғайлы болуы үшін жаңа емхана салынса, нұр үстіне нұр болар еді. Өзіміздің мекемеде арнайы зерттеу әдісін жүргізетін сараптама орталығы жұмыс істесе, тіпті жақсы болар еді, – дейді жалпы тәжірибедегі дәрігер Наталья Матвеюк.

Жасқа толған баласына қызылшаға қарсы екпе салдыруға келген Дана Мұқажанова айналымға келмейтін тар жерде ауру жұқтыру қаупі жоғары екенін алға тартты. Әсіресе, ол кішкентай балалардың денсаулығына алаңдайды. Өйткені, сау адамдар мен науқастар бір жерде қабылданады. Сондықтан аталмыш мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтен мән-жайды білген едік.

– Денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі – алғашқы медициналық көмекті жетілдіру. Соның аясында отбасылық медициналық орталықтарды тәжірибеге енгіздік. Отыз мың тұрғыны бар “Береке” шағынауданында орналасқан №2 қалалық емхананың филиалында бұрын жалпы тәжірибедегі 7 учаскелік дәрігер жұмыс істеді. Жұмысты оңтайландыру үшін біз екі учаскені қалалық емханада ашылған жаңа отбасылық денсаулық орталығына көшірдік. Бірақ бұл шешімге тұрғындар қарсы болды, – деген Тимур Сламжанұлы қазіргі таңда “Берекеде” отбасылық денсаулық орталығын ашу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы аясында емханалардың жұмысын оңтайландыруға талап күшейгенін жеткізді. Оның айтуынша, облыс орталығында төрт қалалық емхана болса, соның біреуі жекеменшік. Олардың барлығы үлкен жүктемемен жұмыс істеуде. Әрбіреуінде шамамен сексен мыңға жуық тұрғын тіркелген. Сондықтан емханаларда отбасылық денсаулық орталықтары ашылуда.

Сонымен қатар №2 қалалық емхананың акушерлік-гинекологиялық бөлімшесі бұрынғы облыстық тері-венерологиялық диспансердің ғимаратына көшірілгенін де айтып өткен жөн. Бұл да тұрғындар үшін ыңғайсыздық тудыруда. Бірақ басқарма басшысы жұмыс мұнымен тоқтап қалмайтынын айтып, алдағы уақытта облыстық кардиологиялық, перинаталдық орталықтар мен онкологиялық диспансерді біріктіру арқылы көпбейінді медициналық кешен құрылатынын айтты. Яғни, өңірде жаңа құралдармен жабдықталған заманауи медициналық орталық салынып, үш мекеме бір жерде қызмет көрсететін болады.

Жасыратыны жоқ, қаладағы өзге де мекемелер үлкен жүктемемен жұмыс істейді. Оны ауруханалардағы ұзын сонар кезектен байқауға болады. Бұл тығырықтан шығу үшін алдағы уақытта көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінші қабатында денсаулық кабинеттерін ашу жоспарланып отыр. Мұндай жаңашылдыққа жекеменшік медициналық қызмет көрсетуші ұйымдарды тарту көзделген. Бірақ денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы көп нәрсеге кедергі келтіруде. Облыста 230 дәрігер тапшы. Соның ішінде жалпы тәжірибедегі 30 дәрігер жетіспейді. Одан басқа терапевт, акушер, анестезиолог-реаниматолог, педиатр сияқты бірқатар мамандар қажет. Әсіресе, кадр тапшылығы Петропавл қаласында анық сезіліп отыр. Мамандардың әлеуетін арттыру үшін құрылысы басталатын көпбейінді облыстық аурухананың жанында 200 пәтерлік тұрғын үй салу жоспарлануда. Жөнді емханаға жарымаған шағынаудан тұрғындарының тілегі де ескерусіз қалмаса екен дейміз. Бұл мәселе ұзын арқау, кең тұсауға салынбай, тез арада шешімін тапса жақсы болар еді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp