«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ ТИІМДІЛІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласының тұрғыны Дәрия Тұрғынова WHATSAPP желісіне: “Мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдардың бірімін. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлем механизмі енгізілетіні жайлы естіген едік. Осы жөнінде толығырақ ақпаратты қайдан алуға болады?” деген сұрағын жолдаған екен.

Оқырманның сауалына Петропавл қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Лилия Әбілева жауап береді:

– Бүгінгі таңда еліміздегі заңнамаға сәйкес медициналық әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне қатысу барлық азаматтар үшін міндетті болып табылады. Алайда, тұрғындар арасында қызметін заңдастырмаған, еңбек келісімшарты жоқ немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендер бар. Олар осыған дейін әлеуметтік, зейнетақылық қамсыздандырудан, әлеуметтік сақтандырудан тыс қалған болатын. Сондықтан 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға зейнетақы жүйесіне қатысуға мүмкіндік беретін бірыңғай жиынтық төлем механизмі енгізілді. Ол 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады. Бірыңғай жиынтық төлем жеке табыс салығын, әлеуметтік және медициналық сақтандыру, сондай-ақ, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорларына аударымдар жасауға жағдай туғызады.

Петропавл қаласы бойынша бір айда бірыңғай жиынтық төлем сомасы 1 айлық есептік көрсеткішке тең. 2019 жылы бұл сома 2 525 теңгені құрайды. БЖТ-нің 40 пайызы – міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына, 30 пайызы – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 20 пайызы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылатын әлеуметтік төлемдерден және 10 пайызы жеке табыс салығынан тұрады.

БЖТ төлеу “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының жеке банктік шотына бір төлем тапсырмасымен жүргізіледі.

Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқық қорғау, кәсіпкерлік, тағы басқа да салалар бойынша шешімі табылмай жүрген мәселелеріңіз, көкейкесті сауалдарыңыз болса, 8-705-463-13-29 нөміріне WHATSAPP желісі арқылы хабарлама жолдай аласыздар.

Біз өз кезегімізде оқырмандарымызды толғандырған сауалдарды тиісті органдарға жолдап, олардың жауабын газет бетінде жариялайтын боламыз. Хабарлама мәтіні түсінікті жазылып, оны жолдаушының аты-жөні, мекенжайы толық көрсетілуі қажет.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp