«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ӘКІМДЕР АЛДЫНДА — ТЫҢ МІНДЕТТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есiл ауданында жұмыс сапарымен болған өңiр басшысы Құмар Ақсақалов актив жиналысында жаңадан тағайындалған аудан әкімі Ербол Сағдиевті таныстырып, нақты мiндеттер жүктеді. Ербол Сағдиев Алматы зооветеринарлық институтын зоотехник, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетiн құрылыс бакалавры және ауыл шаруашылығы бакалавры мамандықтары бойынша тамамдаған.

Еңбек жолын Қостанай мемлекеттiк облыстық ауыл шаруашылығы тәжiрибе станциясында зоотехник болып бастаған, Көкшетау облысының Көкшетау ауданындағы КОКП ХХIV съезi атындағы кеңшардың директоры болған, кейін коммерциялық кәсiпорындарға жетекшiлiк еткен. 2003-2015 жылдары Ақмола облысындағы Зерендi, Атбасар, Сандықтау аудандарының әкiмi қызметтерiн атқарды. 2015-2017 жылдары Шал ақын ауданының әкiмi болды. 2017 жылдан осы тағайындауға дейiн Тимирязев ауданын басқарды.

– Бұған дейін Есіл ауданын басқарған Мұратбек Әбішев басқа жұмысқа ауысуына байланысты бұл лауазымнан босатылды. Біз оған осы жылдар ішіндегі жемісті еңбегі үшін алғысымызды білдіреміз. Президент Әкімшілігі мен жергілікті халық қалаулыларының келісімімен және менің өкіміммен Ербол Сағдиев Есіл ауданының әкімі болып тағайындалды. Осы қызметке дейін шаруашылық, коммерциялық құрылымдарға жетекшілік еткен, бірнеше ауданды басқарған Ербол Болатұлын тәжірибесі мол, білімді, іскер басшы деп айта аламыз.

Жаңа басшы ретінде енді ол өзінің туған жеріндегі Есіл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бар күш-жігерін салады деп сенеміз, – деді Құмар Іргебайұлы.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауларында қойылған міндеттерді жүзеге асыру бағытында атқарылуы тиіс жұмыстарға, алда тұрған жоспарларға да тоқталды. Тұтастай алғанда, 2018 жылы аудан бойынша оң экономикалық серпін байқалған. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімі 2,4 пайызға өсіп, 32,8 млрд. теңге болған. Алайда, ауданның ауыл шаруашылығы саласы дамудың жаңа деңгейіне көтерілуі керек. Алдағы жылдары майлы және астықты-бұршақты дақылдардың егістік алқабын ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар ауданда сүт фермаларын, мал бордақылау алаңдарын құру, ет экспортын ұлғайту, ауыл шаруашылығына инвестициялар тарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуы қажет. Аудан аумағында төрт жүзден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда, жыл басынан бері олардың жиырма алтысы ғана жұмысшыларының жалақысын көтерген. Қазір аудан бойынша орташа айлық еңбекақы 91 мың теңге, бұл облыстық көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Өңір басшысы аудандағы кейбір агроқұрылымдардың жаңа технологияларды өндіріске енгізуде, машина-трактор паркін жаңартуда, егістік алқаптарын әртараптандыруда жүйелі жұмыс жүргізбеуі салдарынан оң көрсеткіштерге қол жеткізе алмауын сын тезіне алды және аудан әкіміне жағдайды түзетуді тапсырды. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда қосымша шаралар да іске асырылуы керек. Ауыл әкімдері елді мекен тұрғындарының шағын кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасағаны жөн. Бесқұдық, Корнеевка, Николаевка, Ясновка ауылдық округтерінде мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылар саусақпен санарлық. Соңғы үш жылда ауданға оңтүстік өңірлерден 137 адам көшіп келген. Үстіміздегі жылы отыз отбасы қоныс аударуды жоспарлап отыр, оларға барлық жағдай жасалуы тиіс. Биыл аудандағы 16 ауылда республикалық бюджет қаржысы есебінен 50 тұрғын үй салынбақ. Сонымен қатар сапалы ауызсумен қамту, білім беру, денсаулық сақтау салаларында шешімін күтіп тұрған мәселелер жеткілікті.

– Мен маған көрсеткен сенімдеріңізді ақтау үшін білімімді, жинаған тәжірибемді және күш-жігерімді тиімді пайдалануға уәде беремін. Өйткені, өзімнің кіндік қаным тамған ауданда еңбек ету маған зор жауапкершілік жүктейді. Әрине, алда тұрған жұмыстарды бірлесіп атқарамыз деп ойлаймын, – деді Ербол Болатұлы.

* * *

Өңір басшысының өкiмiмен Мұратбек Әбiшев Жамбыл ауданының әкiмi болып тағайындалды. Өткен аптаның жұма күні облыс әкiмi Құмар Ақсақалов аудан активiне жаңа басшыны таныстырып, бiрқатар мiндеттер жүктедi. Мұратбек Әбiшев 1965 жылы Челябі облысында туған. Агроном мамандығы бойынша Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тамамдаған. Еңбек жолын “Қаракөл” кеңшарында 1989 жылы учаскелік агроном болып бастаған. 1991-2011 жылдары коммерциялық ұйымдарда қызмет атқарған. Содан кейін Қостанай облысындағы Алтынсарин ауданы әкiмiнiң бiрiншi орынбасары, Ақмола облысының Есiл ауданындағы Есiл қаласының әкiмi болып еңбек етті. 2013 жылдан осы тағайындауға дейiн Есiл ауданының әкiмi болды.

– Жергілікті халық қалаулылары ауданның басшылығына ұсынылған Мұратбек Әбішевтің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Мұратбек Жапасұлы білікті басшы ретінде шаруашылық, коммерциялық, мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқарып, мол тәжірибе жинақтаған. Ол өзіне тапсырылған қызметтерді абыройлы атқарып, сенім үдесінен көріне білді. Енді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауларында алға қойған міндеттерді аудан тұрғындарымен бірге жүзеге асыруға күш жұмсайды деп сенеміз, – деді Құмар Іргебайұлы.

Одан кейін өңір басшысы жаңа әкімге ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу, шағын және орта бизнесті дамыту, еңбеккерлердің жалақысын өсіру, ауызсумен жабдықтау және басқа да мәселелерді шешу бағытында атқарылуы тиіс міндеттерді атап көрсетті.

Жамбыл – өңіріміздегі ең құнарлы жерге ие аудандардың бірі. 2018 жылдың қорытындысында аудан астық жинау көрсеткіші бойынша облыста екінші орын алды. Алайда, егіншілік саласындағы жағдай біркелкі емес. Мәселен, озық шаруашылықтар былтыр астықтың гектар берекелігін 27-28 центнерге жеткізсе, “Золотой разлив” ЖШС-де, “Жамбыл” агрофирмасында бұл көрсеткіш 13 цетнерден аспаған. Аудандағы агроқұрылымдарда жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу бағытында көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс. Облысымыздың 2018-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес Жамбыл ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Үстіміздегі жылы мұндағы болашағы бар алты ауылда 53 тұрғын үй бой көтермек. Сонымен қатар 35 ауылда сумен жабдықтау мәселесі оң шешімін табатын болады.

– Бүгін маған сенім артып, жауапты қызметті тапсырғандарыңызға зор алғысымды білдіремін. Өзімнің тәжірибемді, білімім мен күш-жігерімді ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға арнайтын боламын, – деді Жамбыл ауданының жаңа әкімі.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp