«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САН ҚЫРЛЫ ТАЛАНТ ИЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні есімі елімізге белгілі ақын, жазушы, драматург, манасшы, сазгер, бір сөзбен айтқанда, өн бойына сан түрлі өнерді теңдей тоғыстырған ардақты азамат – Баянғали Әлімжанов “Soltústіk Qazaqstan” газетінің ұжымымен кездесіп, өмірі мен шығармашылығы, қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі туралы әңгіме өрбітті.

Кездесуді ашқан “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов мейманды ұжымға таныстырғаннан кейін Алаштың небір аяулы азаматтарының ізі сайрап жатқан “Soltústіk Qazaqstan” газетінің бір ғасырлық ғұмыр жолына қысқаша шолу жасап, редакцияның бүгінгі тіршілік-тынысына тоқталып өтті.

Баянғали Тақанұлы үшін қазақтың тәуелсіздігі, тілі, біртұтастығы жолында бастарын бәйгеге тіккен небір ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті Қызылжар өңірінің орны ерекше. Жүз жылға жуық уақыт бойы тұрғындардың мұң-мұқтажын, толғандырған мәселелерін дер кезінде көтеріп, оң шешім табуына ықпал етіп келе жатқан қарашаңырақ – “Soltústіk Qazaqstan” газеті де бөтен емес. Әңгімесін “Бұл басылымда елге, ұлтқа ақылшы болған талай аға буын өкілдері қызмет етті. Біз олардың өнеге-тәлімін алдық”, – деп бастаған қаламгер редакция ұжымына жуырда Мәскеудегі “Художественная литература” баспасынан жарық көрген “Сказ столетнего степняка” атты жаңа кітабын сыйға тартты.

Әлі сиясы кебе қоймаған туындыға енген “Сказ столетнего степняка” романының, “Разрешите жить!”, “Аблай хан и его батыры” атты повестері мен “Доброжелательный Аскар”, “Мальчик, победивший Джалмауз” сияқты басқа да ертегілерінің әрқайсысының жазылу тарихы бар. Кітаптың мазмұны жайлы сөз сабақтаған жазушы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Кездесу соңында Жарасбай Қабдоллаұлы мейманға ризашылығын білдіріп, газеттің тарихы жазылған “Дәуір-дастан”, “Қарашаңырақ” кітаптарын тарту етті. Баянғали Әлімжановпен болған сұхбатты газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар.

Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp