«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨЛЕМ ЖАСАУЫ ТИІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдан бастап пластмасса, шыны, макулатура, картон және қағаз қалдықтарын алдын ала өңдеусіз көмуге тыйым салатын норма күшіне енді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында “Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Әсел Даңғылова хабарлады.

– 2016 жылдан бастап елімізде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері қағидасы жұмыс істейді. Оның аясында өнім өндірушілер өндіріс қалдықтарын қайта өңдеуі немесе утилизациялық төлем жасаулары тиіс. Бұл міндетті орындауға тауар мен қаптаманы және қаптамадағы тауарларды импорттаушылар да тартылып отыр. Соңғы үш жылда бұл төлем түрі автокөлік және оның компоненттері – шина, аккумулятор, май өндірушілерге де жүктелген. Бұл қаражат қаптама қалдықтарын жинау, тасымалдау, өңдеу, жою, сонымен қатар ғылыми-зерттеу және ақпараттық жұмыстар үшін өтемақы төлемдеріне жұмсалатын болады, – деді Әсел Даңғылова.

Баяндамашының айтуынша, май, полимер, шыны, қағаз бен картон қаптамасын және аккумулятор жасаушылар өндірісте қайталама шикізаттың кемінде 30 пайызын пайдаланған жағдайда төлемнен босатылады. Бұл тізімде экспортқа бағдарланған өнімдерге қаптама өндірушілер мен импорттаушылар да бар. Бұдан бөлек, сүт, жарма, көкөніс сияқты әлеуметтік маңызға ие 19 өнімге арналған қаптамаға, гуманитарлық көмек ретінде әкелінген және өндірушілердің өз қажеттіліктеріне арналған тауарларға төлем қарастырылмаған.

Бұл міндеттеменің жеке тұлғаларға қатысы жоқ. Ал ӨКМ субъектілері қаптаманы өндірген немесе ел нарығына енгізгеннен кейін орташа есеппен 2-2,5 айдың ішінде утилизациялық төлем жасаулары тиіс.

Қазіргі уақытта өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері қағидасы еліміздің түкпір-түкпірінде түсіндірілуде. Мәселен, өткен екі аптаның ішінде серіктестік өкілдері еліміздің 7 өңірінде болып, насихат жұмыстарын жүргізген. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері бойынша қаптама және қаптамадағы тауарларға қатысты төлем мөлшерлемесі үстіміздегі жылдың наурыз айында белгіленеді деп күтілуде.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp