«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ БАЯНДАМА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық мәслихатта өткен қоғамдық тыңдау барысында 2018 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама талқыланды. Жиынға аумақтық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

Жүргізілген сауалнама нәтижесінде солтүстікқазақстандықтардың 86 пайызының мемлекеттік органдардың жұмысына көңілі толатыны анықталған. “Бармақ басты, көз қыстылықпен” күрес жұмыстарына қоғам өкілдері де белсенді қатысып келеді. Осы орайда өткен жылы қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманың маңызы ерекше болмақ. Ұлттық баяндама бірнеше бөлімнен тұрады. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі әлемдік тәжірибе, статистикалық деректер және әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері біріктірілген. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға арналған нақты ұсынымдар мен нұсқаулар да осы баяндамада атап көрсетілген. Мемлекеттік қызметшілермен бірлесіп әзірленген жоба бірқатар заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістерде көрініс тапқан.

– Баяндамада көрсетілген қағидалар төрт заң мен жиырмаға жуық актіге енгізілді. Бұл біздің дұрыс бағытта жұмыс жасап жатқандығымызды көрсетеді. Өйткені, департамент жемқорлықпен күрес жүргізіп, мемлекеттік қызметтің сапасын қадағалайды. Ұлттық баяндамада Петропавлда құрылған “Ашық әкімдік” жобасы мысалға келтірілді. Тың жаңашылдық мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетіп, тұрғындарға да ыңғайлы болып отыр, – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко.

Департаменттің басқарма басшысы Серік Айдарбеков жиналғандарды еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру барысындағы жұмыстармен таныстырды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Құқықтық тәртіп” кафедрасының оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наталья Баранова халықаралық және ұлттық деңгейлердегі сыбайлас жемқорлықтың таралу ахуалы мен үрдісіне тоқталса, “The last Hope” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Асаубаев адалдықты әркім ең алдымен өзінен бастау керектігін айтты.

Серік ҚҰБЫШЕВ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp