Еліміздің болашағы білімді, бәсекеге қабілетті, тәрбиелі жастарға тікелей байланысты. Сондықтан өрендерді елін, жерін сүйетін, ұлтына шын жаны ашитын, Отанына адал ұрпақ етіп тәрбиелеу – басты міндет.
Біздің мектебімізде оқушыларды ұлттық үлгіде тәрбиелеуге ерекше назар аударылады. Жуырда ұйымдастырылған “Әке көрген оқ жонар: ұлт тәрбиесі – ұлт бағдары” атты шараның да көздегені осы болды. Жиын барысында ауыл ақсақалдарымен кездесу ұйымдастырылып, олардың өнегелі әңгімелері тыңдалды.
Кешке арнайы шақырылған имам Солтан Зейноллаұлы мен Мұхамед-Қанапия Ғабдулуахитұлы, Қайырбек Мешелұлы есімді аға буын өкілдері жоғары сынып оқушыларына өздерінің өмірден түйген тәжірибелерімен бөлісіп, жақсы азамат болып қалыптасудың жолдарын үйретті.
Шарада ер баланың тәрбиесі, жастар арасындағы қатыгездік жайлы бейнероликтер көрсетілді. Сонымен қатар меймандар оқушылар тарапынан қойылған “Бала тәрбиесіне кім жауапты?”, “Балаңыздың тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?” сияқты сауалдарға нақты мысалдар арқылы жауап берді.
Ақсақалдар ақыл-кеңестері арқылы ер бала – қарашаңырақтың иесі екенін ұғындырды.
Самат РЫСКЕЛДИН, Кішкенекөл №2 ішінара интернаты орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі.
Уәлиханов ауданы.