«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУҚЫМДЫ ЖҰМЫС АТҚАРЫЛУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат тұтады. Елбасымыздың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауы даму көкжиегімізді кеңейтуге тың серпін берді.

“Ауылдың гүлденуі – елдің гүлденуі” демекші, табысымыздың еселенуіне елді мекендердің де қосар үлесі жоғары. Республикамыздың даму көрсеткіші әрбір аудан, ауылдың экономикасына байланысты. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Уәлиханов ауданында агроөнеркәсіптік кешенді, шағын және орта бизнесті дамыту, индустриалды-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды орындау, тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша іс-шаралар жалғасын табуда.

Ауыл шаруашылығы – еліміздің экономикасын биікке көтеретін жетекші сала. Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Бұл орайда басымдыққа ие (рентабельді) дақылдарды көбейту үшін егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Егістік алқабы 195,099 гектарды құрайтын ауданда майлы дақылдардың көлемін көбейтуге басымдық беріліп отыр. Өткен жылы ала жаздай танап басында таң атырып, күн батырған диқандар 212834 тонна өнім жинады. Гектар шығымдылығы орта есеппен 19 центнерден айналды. “Қызылту астық”, “Қызылту Нан”, “Жолдасбай Агро”, “Ақжол БСБ” сияқты агроқұрылымдардың жақсы нәтижесін атап өтуге болады. Бұл жетістікке озық технологияларды қолдану мен ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңарту арқылы қол жеткізілді.

Еңбек етуге құлшынысы зор азаматтарға мемлекет әрқашан қолдау көрсетеді. Мәселен, былтыр өсімдік шаруашылығы саласына 508,1 млн. теңге демеу-қаржы бөлінгенін атап өткен жөн. Өткен жылы ауданымыздың агроқұрылымдары 1,1 млрд. теңгеден астам қаржыға қыруар техника сатып алды. Жалпы, ауданда 25 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 184 шаруа және фермерлік қожалық, 11 ауылшаруашылық кооперативі жұмыс істейді.

Ауыл шаруашылығын цифрландыру – жұмысты оңтайландырудың бір тетігі. Оның басты мақсаты еңбек өнімділігін арттыру мен шығынды азайту болып табылады. Бұл орайда Елбасы агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толық іске асыру үшін мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын тиімді пайдаланып, заманауи агротехнологияларды игеру қажеттігін айтқан болатын. Жер-Ананы күтіп, баптасаң ғана берекеге кенелесің. Жерді мақсатты пайдалана алмаған азаматтар Уәлиханов ауданында да бар. 2018 жылы Ақтүйесай ауылдық округінде жалпы көлемі 405 гектар жер учаскесі сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылса, үш жер учаскесінде жер пайдалану құқығы тоқтатылып, жалға алу келісімдері бұзылды.

Ауыл тұрғындары үшін негізгі күнкөріс көзі – төрт түлік. Ауданымызда мал басын көбейтуге мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған жандар аз емес. “Сыбаға”, “Іскер” бағдарламалары арқылы және кәсіпкерлердің жеке қаржысы есебінен ірі қара мен жылқы сатып алынды. Былтыр мал шаруашылығын дамытуға 121,8 миллион теңге субсидия беріліп, шаруалар мемлекеттік қолдауға ие болды.

Мал шаруашылығы саласында инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылдың соңында Қулыкөл ауылдық округінде жас кәсіпкер Саян Мүбәрәк басшылық жасайтын “Беркут” кооперативі жанынан модульдік мал сою алаңы ашылды. Жоба құны – 32 млн. теңге. Сондай-ақ, етті тасымалдау үшін бес тонналық рефрижератор сатып алынды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Сондай-ақ, Қайрат ауылдық округінде бордақылау алаңын тұрғызып, 150 басқа арналған мал фермасын ашу биылғы жылдың жоспарында бар.

Экономиканың қозғаушы күші саналатын өнеркәсіп саласының дамуына да тоқталып өткенім артық болмас. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2018 жылы 701,1 млн. теңгені құрады. Ауданымызда қиыршықтас өндіретін – екі, уран өндіретін бір кәсіпорын бар. Қазіргі уақытта “Жамантұз Бабеке” серіктестігі ас тұзын қайта өңдеу мен тұрмыстық және мал шаруашылығына қажет “Лизунец” тұзын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр.

Ауданның экономикалық дамуында көлік-логистикалық инфрақұрылым ерекше орын алады. Өткен жылы республикалық маңыздағы “Көкшетау – Кішкенекөл – Бидайық – Омбы”, облыстық “Щучинск – Степняк – Золотая Нива – Кішкенекөл” жолдары жөндеуден өтті. Жергілікті бюджет есебінен Кішкенекөл ауылындағы Мәліков көшесінің бір бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың 36 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Биыл аудандық бюджеттен “Ақтүйесай – Шағырсай” жолын ағымдағы жөндеуден өткізуге – 45 млн. теңге және Кішкенекөл ауылының ішкі жолдарына 20 млн. теңге бөлінді. Ресей Федерациясының “Каскат” компаниясы Петропавл қаласының “Достық темір жолы” ЖШС-мен бірлесіп, “Қызыл Ту – Граничная” темір жолын жөнге келтіріп, Граничная шекара пунктінің құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Сонымен қатар үстіміздегі жылы Бидайық ауылдық округіндегі Шагаев бөгетіне жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Елбасының Жолдауындағы ерекше назар аударатын тағы бір мәселе – мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту. Өткен жылы ауданымызда 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту мәселесі толық шешілді. Қазіргі таңда ауданда екі балабақша, сонша қосымша білім беру мекемесі мен 24 жалпы бiлiм беретiн мектеп, 22 шағын орталық бар. Мемлекет басшысының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 79 бағытын іске асыру мақсатында 2018-2019 оқу жылында он жеті мектеп үштілді оқыту бағдарламасына көшті. Үштілділікті енгізу жоспары бойынша химия, биология, информатика, физика пәндерінің мұғалімдері біліктіліктерін арттырды. Мектептердің барлығы кеңжолақты интернет жүйесіне қосылған. Бүгінгі күні шалғай ауылдардағы ғаламтор жүйесінің жылдамдығын арттыру үшін аудандық телекоммуникация торабымен бірлесе жұмыс жүргізілуде. Аудандағы үш мектеп робототехника кабинетімен жабдықталған. Алдағы уақытта Ақтүйесай, Әуезов, Мортық орта мектептерінде, Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясында робототехника кабинеті ашылады.

Облыстың 2018-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына Уәлиханов ауданы бойынша енген Ақтүйесай, Жамбыл, Мортық және №2 Кішкенекөл орта мектептеріне күрделі жөндеу жүргізу көзделіп отыр.

“Туған жерге туыңды тік” демекші, “Туған жер” бағдарламасы аясында бірқатар жерлесіміз өздері түлеп ұшқан білім ордаларына қаржылай көмек көрсетті. Мектептердің қоршаулары жасалып, қажетті спорттық құрал-жабдықтар, жиһаз, компьютерлік техника сатып алынды. Көбенсай орта мектебінің түлегі Виктор Вовктің қолдауымен 6,5 млн. теңгеге мектеп жанындағы жолға асфальт төселді. Жеке кәсіпкер Абай Бейсембин Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, терезелерін ауыстырды. Қулыкөлде ауыл жанашыры Саян Мүбәрәк өзінің жеке қаражаты есебінен 10 млн. теңгеге ауылдық емхананың бұрынғы ғимаратын толығымен жөндеп, спорттық кешен ашты.

Қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан әлеуметтік мәселелер әрқашан назарда. Тұрғындарды әлеуметтік қорғау, жұмыссыздықты азайту, аз қамтылған азаматтардың санын қысқарту сияқты мәселелерді назардан тыс қалдырмаймыз. Өткен жылы 1716 адам екі қолға бір күрек тауып, 1406-сы тұрақты жұмысқа орналасты. Мүмкіндігі шектеулі жүзден астам адамға әлеуметтік көмек көрсетіліп, оңалту құралдары берілді. Жағдайы төмен отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған. Ол азаматтардың жауапкершілігін еңбекке деген құлшынысының артуына ықпал етуде. Ал жұмыс күші көп өңірлерден солтүстікке бағыт алған көш Уәлиханов ауданына да келіп жетті. 2018 жылы оңтүстіктен келген он бес отбасы қоныстанды. Оларға тұрғын үй сатып алуға 7,619 миллион теңге демеуқаржы төленді. Сонымен қатар Моңғолиядан атажұртқа оралған бес отбасы бар. Оларға да қолдау көрсетіледі.

Даму бағытымызды айқындап, болашаққа нық қадам басуға бағыт сілтеген мәні терең, маңызы зор тарихи құжат айтылған міндеттер әрбір адамға жауапкершілік жүктейді. Еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, келешек ұрпақтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – сіз бен біздің міндетіміз.

Медет ОСПАНОВ, Уәлиханов ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp