«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛЖАНДЫЛЫҚ – ЕРЕКШЕ ҚАСИЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” және “Ұлы даланың жеті қыры” атты бағдарламалық мақалаларынан туындайтын міндеттердің үдесінен шығу мәселесі сөз болды. Ардагерлер ұйымы №7, 23, 32 орта мектептермен бірлесе отырып, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді көздейді.

Қалалық ардагерлер кеңесі төрайымының орынбасары Иманғали Татбаев жас ұрпаққа тәлімді де саналы тәрбие беру ісінде, білім беру мекемелеріне алдыңғы толқын өкілдері де зор көмек бере алатынын айтты. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде соғыс және еңбек ардагерлерінің айтары көп. Сұрапыл соғыстың ауыртпалығы халқымыздың жадында сақталып қалған. Міне, оны жастарымыз да ұмытпауы тиіс. Қазір қаламызда 59 соғыс ардагері бар.

Жиын барысында жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын одан әрі жандандыра түсу қажеттігі сөз болды. Қаламызда бұл бағытта жұмыс жүргізетін 4 клуб бар. Солардың бірі – “Саланг”, оның жетекшісі Александр Азегов та жас ұрпақты елжандылыққа баулуда аянып жатқан жоқ. Сондай-ақ, №23 мектептің “Жас Арлан” әскери-патриоттық клубының құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да, отансүйгіш ұландарды тәрбиелеуде тындырымды істер атқаруда. Ауған соғысының ардагері Ерік Таттыбаев бүгінде 75 балаға әскери-патриоттық тәрбие беруде.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жангелді Тажин, №7, 23 орта мектептердің директорлары Гүлнар Таласбаева мен Нұржамал Қожина, қаламыздағы білім беру мекемелерінің бастауыш ардагерлер кеңесі өкілдері ұлтжандылыққа тәрбиелеудің тиімді жолдарын ортаға салды. Шара барысында №18 әл-Фараби мектеп-лицейі және Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп әзірлеген патриоттық тақырыптағы бейнефильм көрсетілді. Ал жиын соңында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің еліміздің ертеңі – жас ұрпаққа жазған хаты оқылды. Бұл хат Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесі қарсаңында қала мектептерінің оқушыларына таратылмақ. Мұнда соғыстың ауыр жолы, бүгінгі бейбіт өмірдің қаншалықты қымбат екені, оны одан әрі баянды ете түсу жолында жастардың өз елін сүйіп қана қоймай, оның нағыз патриоты бола білуі қажет екені айтылған.

Қошан ҚАЛИ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp