«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАМАНАНЫҢ ҮНІ, СЫРЫ, МҰҢ, ЗАРЫ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ТАҒДЫРЛЫ ТҰЛҒА

“Мен бүгін бой жаздым… өлкемнің көлемін

бір шолып қарадым көзімнен төгіп жас.

Қобызға қостым да ақынның өлеңін,

Тағдырдың алдында амалсыз идім бас”. Ақын, аудармашы – Хамза Абдуллиннің ұстазы Мағжан Жұмабаевқа арнаған өлеңі осылай басталады.

Екеуінің өлеңдері түгіл тағдырлары да ұқсас: көрген азаптары да бір-бірінің көшірмесіндей, екі рет түрмеде тауқымет тартты. “Алашым”, “елім” деп көкірегі қарс айырылған Мағжан мен Хамза ақынды сол заманда сыртқа тепкендер аз болмады. Қазақ елінің тәуелсіздігіне, жарқын болашағына шын жүректерімен сенген арыстардың есімдері ел арасына азаттықтың арайлы таңымен бірге қайта оралды. Өмірінің соңына дейін марғасқа Мағжанды пір тұтқан Хамза Абдуллиннің туғанына 10 ақпан күні 100 жыл толады. Осыған орай онымен аралас-құралас болғандардың бірі – еңбек ардагері, Мағжан Жұмабаев ауданының құрметті азаматы Зейнолла Олжабаевпен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз. Алғашқы сауалымыз Хамза Абдуллиннің жастық шағы, жақындары жайында өрбіді.

– Қателеспесем, жасым 12-13-тер шамасында болуы керек. Хамза Абдуллиннің Қызылжардағы ауыл шаруашылығы техникумын үздік тамамдап, Омбыдағы жұмысшылар факультетінде білімін жалғастырып жүрген кезі. Демалыс уақытында ауылға келеді. Ақ сабынмен жуынып, есік алдында аппақ орамалмен сүртініп отырады. Ақ сабынды көрмеген біз, ауылдың балалары, аң-таң боламыз. Оның ата-анасы Мағжан Жұмабаев ауданындағы Жанықұл деген ауылда тұрды. Өзі Мағжан туған топырақтан онша алыс емес Ойқызыл деген елді мекенде дүние есігін ашқан. Әкесінің шын есімі – Жармұхамет, шешесі Гүлсім. Жармұхамет Мағжанның әкесі – Бекен болыстың қарамағында іс жүргізуші болып қызмет еткен. Жармұхаметтің бауырынан Мүбәрак, Ғазиз, Хамза, Қалижан, Қанаш есімді перзенттер тарады. Байдың тұқымдары болған соң бәрі өздерінің фамилияларынан тайды. Тұқымы тұздай құритынын сезген соң бірқатары басқа жерлерде бас сауғалады. Екеуі Жакупов, ал Хамза Абдуллин болып кетті. Көзі тірісінде тағдырдың тәлкегіне көп ұшыраған марқұм Хамзекең маған бөтен адам емес, арамызда туыстық байланыс бар. Нақтырақ айтсам, Гүлсімнің туған інісі – Қабдолла менің әкемнің қарындасына үйленген. Сондықтан да ол өмірден озғанға дейін араласып тұрдым.

– Фашистің де, кеңестің де түрмелерінде азаптың уын ішкен Хамза Абдуллиннің тағдыры расында да өте қилы болғанын артында қалған шығармаларынан аңғарамыз. Бірақ ол бар кінәні сұм соғысқа аудара салмады ғой.

– Соғыс туралы ащы шындықты айтар болсақ, қоршауда қалып немесе жаралы күйінде тұтқынға түсіп, азап шекендерді елемей кетуге болмайды. Соғыстың алғашқы кезеңінде кеңес жауынгерлері мыңдап қырылып, тірі қалғандары қоршауды бұзып өтіп партизандарға қосылды. Мұндай бақытқа қолы жетпегендер концлагерьлерде азап шекті. Хамза солардың қатарында болды. Ол бәріне кінәлі мейірімнен жұрдай Кеңес одағы екенін анық аңғарды. Алайда, ақиқатты жария ететін күн тумаған еді. Кеңес өкіметі тұтқынға түскен жауынгерлерін тұтқындар ретінде мойындамағандықтан, олар қорғаусыз қалды. Оны мен Хамзекеңнің өз аузынан естігенмін.

1941 жылы тамыз айының соңында неміс қарулы күшінің құрамындағы генерал Боктың армиясы Киев бағытында шұғыл шабуылға шығады. Бокқа қарсы соғысқан үш армия төтеп беруге шамасы келмей, кейін қарай жылжыған. Үш армия жаяу­лап-жалпылап 23 тамызда Днепрден бері қарай өтіп, өзенді жағалай өскен қопа мен шіліктердің арасына жасырынып, Украинаның астанасын қорғауға кірісіпті. Дәл осы кезде Сталиннің: “Өл­сек те, тірілсек те Киевті жауға бер­мейміз!” деген бұйрығы шықты емес пе? Боктың әскерінің жартысы Кременчугтен, жартысы Черниговтан өтіп, Харьковта түйіседі. Кеңес армиясы қоршауда қалады. Осылайша, кеңестің 650 мыңнан астам адамы тұтқынға түседі. “Осыдан кейінгі өмірім Еуропаның көптеген лагерьлері мен түрмелерінде өтті. Алдымен Полтава облысындағы Хорол қаласындағы лагерьге қамалдым. Одан соң Ковель-Алтенбург-Демблин-Веньямино лагерьлерінде өлместің күнін кештім”, – деген еді Хамза. Кеңестік тұтқындардың сүйектерінің концлагерьлерде отын ретінде жағылғаны да содан. Хамзаны осы қорлықтан Алаштың ардақтысы Мұстафа Шоқай арашалап қалғанын біреу білсе, біреу білмейді. Алайда, қаруластарының арасында шошайып аман қалғанына қуанғаны ұзаққа созылмады: фашистер бұларды қоршап алыпты. Менің жеке мұрағатымдағы еңбектерде Хамзекеңнің мынадай сөзі сақталған. “Біз соғыс аяқталған соң елге қайтамыз деп оңбай қателестік. “Отаныма” оралып едім, олар 10 жылға жер аударды. 1956 жылы лагерьден босап, елге келдім. Келсем, туған үйімнің орны ғана қалыпты. Анам Гүлсім қайғыдан қан жұтып, мәңгілік мекеніне аттаныпты. 1937 жылы ұсталған әкем сол күйі хабарсыз кетіпті. Шаңырақ иесі – үлкен ағам Мүбәрак майдан даласында қаза тауыпты. Тірі қалған екі ағам – Қалижан мен Ғазиз және інім Қанаш елден безіп, шалғайдағы басқа елдерде өмір сүреді екен. Мен өзіміздің ауылда қалған немере апам Бибізайып пен оның ері Сәлімжанның (Мағжанның туған інісі) үйін паналадым. Жаз бойы осы үйде тұрып, күзге қарсы Алматыға сапар шектім”.

– Хамза Абдуллинмен бертінге дейін араластым дедіңіз. Осы жайында айтып берсеңіз. Оның туған жері – Қызылжарға соңғы рет Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойында келгенінен хабардармыз. Сол жиында сіз де төбе көрсеттіңіз ғой.

– Тағдырлы тұлғаның өмірінің көп бөлігі түрмеде, айдауда өтті. Бұрынғы Булаев ауданында бас зоотехник болып қызмет істеп жүрген кезім болатын. Кеш қарая үйге келсем есік алдында киім-кешек салынған сөмке жатыр. Жолдасым: “Үйге Хамза келді”, – деді. Жүрегім зырқ ете қалды. Құшақтасып амандастым. Ол да мені бауырына қатты қысты. Бұл 1960-шы жылдар еді. Өңі жүдеу. Үңірейіп қалған көздерінен әбден қиындық көргені байқалып тұрды. Мені жақын тартып келіп отырғанына қатты қуандым. Сол күні Сейітжан, Әлімжан деген немере ағаларымды шақырып, бәрінің басын қостым. Дастарқан басында Хамзекең біраз шешіліп әңгіме айтты. Тұтқында жүргенде көрген қорлықтарын есікті іштен тарс бекітіп алып, үш күн бойы тыңдағанымыз әлі есімде. Содан кейін де келіп, кетіп жүрді.

Елге аман оралғанда да оны суық қабылдады. Ақын-жазушылардың өзі бойларын аулақ ұстай бастады. Қайда барса да алдынан “сотталғансың”, “Отанға опасыздық жасағансың” деген суық сөздер шыға берді. Абақтыда отырып, азып-тозып, әбден шаршап-шалдығып келсе де, қайта қайраттана түсті. 1993 жылы Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойына қатысты. Сол жиыннан кейін Хамзекеңмен біраз сөйлестім. Әңгіме арасында “Мағжанның ақталғанын, тойын көру бұйырды. Бұдан өзге арманым жоқ еді”, – деді ерекше тебіреніп. Сол шарадан кейін қатты ауырып, Булаев ауруханасында емделді. Беті бері қарағаннан кейін марқұм Бақыт Мұстафиннің шаңырағында бірнеше күн болды.

– Ғұмырының басым бөлігі тұтқында өткен азаматтың отбасы, бала-шағасы туралы сұраудың өзі әбестік болар?

– Оның алғашқы жарының есімі – Бақыт. Еуропа, Ресей түрмелерінен шыққаннан кейін Бақытқа қосылды. Мамандығы мұғалім еді. Әдебиетті бір кісідей жақсы көретін. Хамзаның өлеңдерін тегіс жатқа білді. Өзі айтқандай, екеуін поэзияға деген құштарлық жарастырды. Алайда, жұбайлық өмірлері ұзаққа бармады. Бақыт 32 жасында құрт ауруынан қайтыс болды. “Оның сұлулығына бәрі тамсанатын. Маңдайымның соры бес елі ғой. Алла маған қалған өмірімнің мәніне айналған Бақытты да көп көрді”, – дейтін Хамза. Екеуінің перзенттері болмады. Екінші мәрте үйленді. Ұлы мен қызы дүниеге келді. Олардың есімдерін қазақ әдебиетінің алтын қорына қосқан айтулы еңбегі “Жолбарыс тонды жаһангездің” кейіпкерлерімен атады. Ұлының есімі – Шота. Ал қызына осы поэмадағы Тинатин ханшайымның атын берді. Ұлының өмірден озғанын естідім. Қызы Алматыда тұрады.

– Хамза Абдуллиннің Кеңес одағы түгіл, Берлинде де, Колымада да ұлы Мағжанды аузынан тастамағанын қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері айтып кеткен. Ақиық ақынның қолжазбаларын сонау қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде өлеңді шын қастерлейтін жандарға сыйға тартқаны нағыз ерлік емес пе? Мені оның есімінің бүгінгі жаймашуақ заманда Мағжанмен қатар естілмейтіні ойландырады? Бұған не айтасыз?

– Хамзекең Мағжанға деген адалдығынан өмір бойы айнымай өтті. Ол “Батыр Баян” поэмасы жазылған қолжазбаны менің қолыма мектепте оқып жүрген кезімде “Сенің бойыңда Баянның қаны бар. Түбі керек болады” деп ұстатқан еді. Ол Мағжанды алғаш рет 1927 жылы көргенін айтқан. Осыдан соң әкесі Жармұхамет Мағжан тағдырының түзелмейтінін білген соң, ақынды туыс­тарымен қосып қонаққа шақырады. “Мағжан Жұмабаев мені бауырына басып, маңдайымнан иіскеді. Қолтаңбасын жазып, кітабын сыйға тартты”, – деп еске алып отыратын. Хамзекең оны аялап, құлыпқа салып ұстап жүрді. Хамзаны жауапқа тартқанда тағылған кінәнің бірі осы “халық жауы Мағжан Жұмабаевты насихаттауы” болатын. Мағжанның ақталуына Хамза Абдуллиннің де қосқан үлесі аз емес. Бұл пікірді кезінде Қазақстан Жазушылар одағы ресми түрде мойындады. Оны жас ұрпақ білуі керек. Мағжанның атымен оның шәкірті Хамзаның есімі де қатар аталуы тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан, Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

ШЕБЕР АУДАРМАШЫ

Грузин халқының ұлы ақыны және терең ойшылы Шота Руставели XII ғасырдың екінші жартысында дүниеге келді де XIII ғасырдың бірінші жартысының аяқ шеніне дейін өмір сүрді. Шотаның 800 жылдық тойының қарсаңында грузин ғалымдары ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеу саласында көптеген ғылыми жұмыстар жүргізді.

Оның “Жолбарыс тонды жаһангез” дастанында кілең мұсылман мемлекеттері жыр етіледі. Асылы, ұлы ақын қай-қайдағы шалғай жатқан елдерді суреттей отырып, өзінің туған Грузиясын тебірене, күңірене жыр еткен. Екіншіден, Тамараға Шотаның іштей ғашық екенін, “Жаһангездің” дүниеге келуіне де осы жағдайдың басты себеп болғандығын естен шығаруға болмайды.

“Жолбарыс тонды жаһангезді” қазақ тіліне аудару мәселесімен шұғылданып жүрген ақындардың саны өте көп болды. Бірақ солардың ішінде ұлы шығарманы игере алған бір де бірі болмады. Поззиялық және ғылыми тұрғыдан көз салсақ, тек X. Абдуллин аудармасының солардың бәрінен де жоғары, дара тұрғанын байқаймыз.

Дастанның арғы тегі грузиннің сегіз буынды халық жыры болғанымен, бұл сол кездегі әлем әдебиетіне келген кесек жаңалық “Жаһангез” – көп жылғы ой-толғаныстарының жемісі. Бұған ақын, сөзсіз, үлкен дайындықпен келген, шығарманың қазақшасын оқып отырғанда, оқырман өзін жаңа бір жыр дүниеге тап болғандай сезінеді. Мұның құпиясы аударма авторының тек Руставелиге ғана тән поэтикалық әдісті түгелдей түсініп, түгелдей сақтай алуында жатыр. Хамза Шотадан үйренген ақындық әдісін одан әрі дамыта қолданады. Мұнда біз кейде жолдың бірінші жартысының аяғындағы сөздер мен екінші жартысының басындағы сөздердің ұйқасып отыратынын көреміз.

Руставелилік маджамдарды да аударма авторы, мақтауға тұрарлықтай етіп, шебер бере білген:

Міне, мұның бәрі де “Жаһангезді” аударуда кездесетін ерекшеліктер. Былай айтқанда, Руставелидің адам жанын әсерлі күйге бөлейтін сиқырлы өлеңдерімен рухталынған ойларын басқа тілге көшіру мейлінше қиын: мазмұнын толық берсең, сұлулығы ақсап, сұлулығын толық берсең, мазмұны сылти басып қалып отыруы ықтимал. Сол үшін, алдымен, дастанның тұңғиық рухын терең түсінген жөн. Тек сонда ғана аударманың идеялық ішкі сырына оның сыртқы сұлулығы сайма-сай келіп, бір-бірімен ұдайы үйлестік және үндестік тауып отыруы мүмкін. X. Абдуллиннің, сарылып отырып, көп жыл істеген еңбегі бізге осыны айтады.

Руставели жырларындағы осындай тылсымға толы құбылыстарына егіле білмеген ақынның оның шығармасын аударып, кәдеге жарата алуы неғайбыл. Ал X. Абдуллин осы бір кесек дүниеге кірісер алдында кездесетін қиындықтардың бәрін де сезінгенге ұқсайды. Шота сияқты алыпты аударатын ақынның, шынында да, өз поэзиясын ғана терең түсінетін, өз елінің жырын ғана ұршықтай иіре алатын ақыны болуы жеткіліксіз. Ол сонау Гомерден бастап кешегі Абайға дейінгі бүкіл әлемдік өлең-жырды, әсіресе, Шотаның ақындық арнасының бір саласы – классикалық Шығыс поэзиясын жақсы білуге тиіс. Біз Шотаны аудармақшы болған адамға, ең алдымен, осы тұрғыдан қараймыз. Біздіңше, Хамзаның күші де осында.

Осы аударма арқылы қазақ поэзиясына бұйра бөрікті, күміс кіселі Шотаның дәл өзі келгенін байқайтындаймыз. Ашып айтқанда, біз мұнда Шотаның тау тасқынындай ақындық рухының түгелдей сақталғанын көреміз.

Екіншіден, үлкен дастанның бастан аяғына дейінгі біркелкі құлпырмалы да ырғақты сарыны, бәсеңдетілмей, ылғи көтеріңкі қалпында берілген.

Үшіншіден, аударма авторы Шота теңеулерін, метафоралары мен афоризмдерін өз қалпында түсіре алған. Сөйтіп, “Жаһангездің” бізге тек ішкі мазмұнымен ғана емес, түрімен де, барлық ақындық әсем әуенімен де жақын екенін аңғарамыз. Осыны ең алдымен дастанды аударған адамның білгені, сақтай алғаны қатты қуантады.

Аударманың ішкі жан дүниесі мен сыртқы түр-сипаты да тең түсіп отырады. Мұнда ұлы ақынмен үлкен үндестік бар. Дастандағы оқиға желісін, кейіпкерлер бейнесін, автордың асқақ ой сезімін аудармашы түгелдей ұға білген. Аударма авторының тілі сауатты және мәдениетті.

X.Абдуллин жеті мың жолға таяу аударманың көпшілігін төрт буынды ұйқастармен берген. Төрт жолдың төртеуін де төрт буынды ұйқастармен беру қаншама қиын болса, соншама сұлу. Мұндай ұйқастың тағы бір аса айрықша қасиеті – оның қайталанбауы. Оның үстіне осы жеті мыңға жуық жолдың ішінде ұйқастан тыс тұрған бір де бір жол жоқ. Демек, әр шумақтағы төрт жолдың төртеуі де ұйқасып отырады. Бұған тармақтарда жиі-жиі кездесіп отыратын ішкі ұйқастарды қоссақ, қазақ өлеңдерінде бұрын аз кездесетін сұлулықты көреміз. Осының бәрі де аударма авторының өз басына өзі тілеп алған барып тұрған ауыр, барып тұрған қиын әдісі. Соның өзінде де мазмұн мен түр, тізе қосып қатарласа, бірінен-бірі қалып қоймай, ерегісті екпінмен алға қарай жүйтки түседі.

Хамза Абдуллиннің 25 жыл еңбек етіп, қазақ жыр әлеміне тарту еткен бұл баға жеткісіз дүниесін әдебиетіміздің өміріндегі аса бір үлкен, айтарлықтай мәдени табыс деп таныған жөн. Адам баласының дүниелік алтын қорына жататын көркем шығармалар өз қалпында, өз бояуларында, өз стилінде аударылуға тиіс. Хамза осы жолмен аударған.

Ғабит МҮСІРЕПОВ.

(Хамза Абдуллин аударған Шота Руставелидің “Жолбарыс тонды жаһангез” дастанына жазылған алғысөзден, ықшамдалып алынды).

“Қазақ үшін көрдім көбін азаптың”

Былтыр Алаштың ардақты перзенттерінің бірі – Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде тойланып, ұлт қаламгерлерінің мақалалары, зерттеу еңбектері баспасөз беттерінде жарияланды ғой. Солардың көбін зейін қойып оқып шығып, ақын әлеміне терең үңілгендей күй кешкенім рас.

Мені жергілікті қаламгерлердің бірінің өз мақаласында Мағжан туралы толғана отырып, ақын Хамза Абдуллиннің де көрген қорлығын тілге тиек еткені ойландырды. Шыны керек, бұл есімді бұрын естімеген едім. Оның кім болғанын, қандай шығармалары бар екенін білмек болып, С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға бардым. Кітапхана мамандары қолыма “Теңізден теңізге” атты пышақтың қырындай ғана кітапты ұстатып, одан өзге туындыларының жарық көрмегені жайлы айтты.

Кітаптың мұқабасы жұқа болғанымен, парағындағы өлеңдердің әрқайсысы бес атанға жүк боларлықтай тамаша туынды екенін алғашқы бетіне көз жүгірткенде-ақ аңғарған едім. Бұл Хамза Абдуллиннің 1965 жылы жарық көрген жалғыз кітабы екен. Ол туралы мағлұматтар жинастыра жүріп көзі тірісінде белгілі тарихшы болған Хасан Оралтайдың “Алаш – Түркістан түріктерінің ұлттық ұраны” атты кітабын кезіктірдім. Онда Хамза ақын туралы былай делінген: “Ол мақалаларын да, өлеңдерін де “Сайран” деген бүркеншік атпен жазды. Оның журналдарда жарияланған өлеңдері Мағжан Жұмабаевтың шығармалары сияқты қуатты және өзіне тартатын болғандықтан жұртшылық сүйіп оқитын. Өкінішке қарай, бұл біреулерге ұнамады. Сондықтан жазықсыз жала жабылды”.

Көзі тірісінде небір қорлық пен қиындық көрген Хамза Абдуллиннің аталмыш еңбегіне жүзден астам өлеңі мен “Теңізден теңізге” атты поэмасы топтастырылған. Оқып отырып, тебіренесің, бірде шаттанып, бірде жанарыңа жас үйіресің. Әр өлеңінің ұйқасы шымыр, бейнебір зергердің қолынан шыққандай шеберлікпен жазылған.

Оның “Мен – қазақпын!” атты өлеңінде:

“Мен – қазақпын!

Қазақ үшін көрдім көбін азаптың!

Шыда, бауырым, Алаштың жас ұланы,

Азаттыққа қалды, тіпті, аз-ақ күн”, деген жолдар кездеседі. Халқымыздың тәуелсіз ел атанатынына періштедей пәк пейілмен иланғаны оқыған адамның ішкі рухын одан сайын қайрай түседі. Қарап отырсам, қазақ поэзиясында “Мен қазақпын” деп өзінің қазақ болып туғанын кеңес дәуірі кезінде мақтанышпен, ерекше асқақ үнмен жырға қосқан ақын ол – Жұбан Молдағалиев екен. Оның өзі бұл өлеңін Хамза ақыннан он бес жыл кейін жазған. Ендеше, өзінің қазақтығын мақтаныш еткен осындай айбынды да айбарлы ақынымызды насихаттау біздің парызымыз болмақ.

Алмагүл ТАСТАНОВА, М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті.

Отан

Өтті ғой, достар, сол күндер,

Қатігез күндер қалды артта.

Қабылдап мені мол гүлдер,

Жай тапты жаным жәннатта.

 

Жәннатым – Отан бесігім,

Бесігім менің тербелген.

Ұлы өмір мұнда есігін,

Ашқанда жарық мен көргем.

 

Атты таң, торды талқандап,

Қуанышқа бөлендім.

Отан деп шат боп айқайлап,

Еліме тартып жөнелдім.

 

Ерді де бақытты ететін,

Өзінің өскен елі екен.

Ақынды бақытты ететін,

Өзінің туған жері екен.

Туған жер

Батты-ау, тіпті, зар жаныма,

Көзімнен көл төгілген.

Қан майданның ар жағында,

Күтуде анам егілген.

 

Сағындым ғой жасыл белім,

Сағындым ғой кең далам.

О, Отаным, асыл менің,

Кетті шетке жан балаң.

 

Жау қолында болып пенде,

Солдым, қалмай түр деген.

Ащы мұңға толып кеуде,

Сені ойлаймын, күңіренем!

Тау мен көлім, ну ағашым,

Шақырады жайқалып.

Өмір – теңіз, қайық – басым,

Келе жатыр шайқалып.

 

Көркейе бер, өскен өлкем,

Ән сала бер, бұлбұлым.

Ұмытармыз күні ертең,

Сұм тағдырдың бұл күнін.

 

Бітер соғыс. Нұрын шашып,

Күн де күлер көгімнен.

Қуантармын, құшақтасып,

Жан анамды егілген.

Есіл

Есілім, менің Есілім,

Сылаңдайсың сылдырап,

Арқаның ашып есігін,

Ағасың төмен құлдырап.

 

Думан-той, у-шу, мереке,

Терістікке баруың,

Жеріңде жүрген береке,

Өлкемді кезген, аруым.

 

Әкетіп алға ағының,

Тасқының мені тербеткен,

Қуғандай белес сағымын,

Жүзуде жүлде ап ер жеткем.

 

Жарыссам асау толқынмен,

Ойнаса шоршьіп шабағың,

Күлкілі күміс шолпыңмен,

Ұрушы ең жардың қабағын.

 

Өзімнен жастай сыр ұққан,

Жатырсың жайнап, Есілім!

Кездерім болса ұмытқан,

Ете гөр сен де кешірім. 

Жолды-өзегім

Мұнарланған сенің ну мен көліңді

Қостым жырға, туған Жолдыөзегім.

Жырлайын да қандырайын шөлімді,

Келгеннен соң өлең жазар кезегім.

 

Нәзік қолға әуел қалам алғанда,

Тұңғыш жырды дәл өзіңнен бастағам.

“Туған жер!” – деп, мынау жалпақ жалғанда,

Ақын бар ма шалқымаған, таспаған?

 

Жырлайды әркім өзі өскен өлкесін,

Мен де сені жаздым, Жолдыөзегім!

Жүрген шақта жаудың қиып желкесін,

Ойлап сені, шерге толды өзегім.

 

Жыр, хикая, томдар жазса, теңіздей

Толқып әркім, дәріптейді өз елін.

Жолдыөзегім, туған екі егіздей

Есіл менен қосады Ертіс өзенін.

 

Айтып бірі Қарқаралы, Баянды,

Көтереді көкке бірі Көкшесін,

Жолдыөзегім, сүйем сенің саяңды,

Жатқан сұлап, жанап Көкше өкшесін.

 

Асан данам желмаясын шалдырған,

Жолдыөзектің көріп жасыл даласын.

Ескерткіш қып талай атты қалдырған,

Нулы өлкеде сүйіп қазақ баласын.

 

Ойдым-ойдым сансыз айдын көлінде,

Жүзіп аққу, қаңқылдайды қаздарың.

Мен туғам жоқ сонау Бетпақ шөлінде,

Сенде өткіздім өмірімнің жаздарын.

 

Шие терсем мені әнге бөлеген

Боз торғайы бұтасында теректің.

Табиғатқа емеспін құн төлеген,

Тапсам-дағы жанға бәрін керектің.

Ертіс

Ағады Ертіс есіліп,

Таппай бір тыным тағатын,

Теңселіп жатыр көсіліп,

Жайып сап жалпақ қанатын.

 

Шулатып асау Зайсанды,

Аралап алтын Алтайды,

Жөңкиді Ертіс байсалды,

Алты рет аттап алты айды.

 

Халқымның ойлап бар қамын,

Қуантады елдің ұл-қызын,

Жеріне жалпақ Арқаның,

Бұршақтай сеуіп жұлдызын.

 

Ақпаса, өзен тоқталса,

Ерінін туған ел тістер.

Елімде шіркін көп болса

Ертістер, асыл Ертістер.

Хамза АБДУЛЛИН.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp