«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЛА ӨРКЕНИЕТІНІҢ БЕСІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облыстық мұражайлар бірлестігі “Халық қазынасы” акциясы аясында “Ботай – ата-бабалар мұрасы” атты көрме ұйымдастырды. Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласында өткен шара өңірдің мәдени құндылықтарын дәріптеуді, “Ботай” ескерткішін насихаттауды және бүгінгі ұрпақтың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Оған жергілікті билік өкілдері, еңбек ардагерлері мен жастар қатысты.

Көптеген мәдени жетістіктер біздің өлкемізден бастау алады. Бұған ата-бабамыздың алдыңғы қатарлы технология тетіктерін ойлап тапқаны, тұңғыш рет жылқыны қолға үйреткені дәлел. Көрменің ашылу салтанатында тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Зайберт өңірдің тарихи-мәдени мұрасындағы “Ботай” ескерткішінің алатын орны жайында айтып, ғылыми зерттеулердің маңызына тоқталды. “Экономикалық тұрғыдан алсақ, жылқыны қолға үйрету жергілікті тұрғындарға да, ұлтқа да, жалпы өркениетке де пайдалы болды. Мұны қазақ даласындағы маңызды тарихи оқиғалардың бастамасы ретінде қарастыруымыз керек”, – деді ғалым.

Үкімет ежелгі мұраны насихаттау және туризмді дамыту мақсатында “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығын құру жөнінде қаулы шығарғаны мәлім. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі Римма Попович осы тұрғыда қандай шаралар жүзеге асқанын атап өтті. “Бүгінгі күні энеолит дәуірінің археологиялық ескерткіші “Ботай” қонысы республикалық маңызды нысандардың бірі саналады. Мұражайымызда оны насихаттау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал Елбасымыздың тапсырмасына орай тарихи-мәдени музей-қорығын құру әлемдік ғылымға сапалы ақпарат ұсынуға жол ашады. Зерттеу көкжиегі кеңейіп, өңірлік туризм саласын дамытуға мүмкіндік туады”, – деді ол.

Еліміздің әрбір азаматы өз елінің тарихын білуі және мақтан тұтуы тиіс. Бұл орайда Ботай мәдениетінің бір өзі бабаларымыздың өткен өмірі, тұрмысы, салт-дәстүрі мен шаруашылығынан хабар беретін құнды деректерге бай. Көрмеге жиналған қауым назарына Ботай қонысынан табылған археологиялық қазба материалдары ұсынылды. Мәселен, көрме сөрелеріндегі тастан, сүйектен және ағаштан жасалған заттар, жебе ұштары мен тері бұйымдары бабаларымыздың отырықшы өмір салтын ұстанып, сәулет өнерін меңгергенін айғақтайды.

Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp