«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЫСЫРҒА ТІКЕЛЕЙ РЕЙС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір тұрғындары алдағы уақытта Мысыр еліне демалуға тікелей рейспен ұшып бара алады. Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен кездесу барысында “Петропавл – Шарм-эш-Шейх – Петропавл” бағытындағы әуе қа­ты­насын ұйымдастыру мәселесі қаралды. Жиынға жергілікті туроператорлар қатысты.

Солтүстікқазақстандықтар үшін мұндай мүмкіндікті шымкенттік туроператор – “Selfie Travel” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынып отыр. Серіктестіктің бөлім басшысы Екатерина Русованың айтуынша, “Sunday Airlines” әуе компаниясы қызмет көрсетуге дайын. Сонымен қатар бүгінгі таңда Петропавл халықаралық әуежайы “Boeing 757-200” ұшағын қабылдауға сақадай сай.

– Үстіміздегі жылдың 8 маусымынан бастап жерлестеріміз көне Мысыр еліне саяхаттай алады. Бұл күні “Sunday Airlines” компаниясының алғашқы әуе кемесі Петропавлдан таңғы 6.30-да ұшып шығады. Ал рейстердің қатынау жиілігі 9-10 күнді құрайды. Ұшақта жолаушыларға ыстық тамақ пен алкогольсіз сусын беру қарастырылған. Жолаушылардың жүгі 20 килограмнан аспауы керек. Жалпы, біздің серіктестік өткен жылы Мысырға Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен 25 мың туристі жөнелтті, – деді серіктестік өкілі.

Қызыл теңіздің жағасындағы мейманханаларда 10 күн демалу бағасы 500 АҚШ долларынан басталады. Демалушылар “All inclusive” қағидаты бойынша, яғни мейманханаға төлеген қаражатқа тамақтанады.

Серіктестік менеджері Азиза Төлебаева Шарм-эш-Шейх қаласына жеткен солтүстікқазақстандықтарды жергілікті “Selfie Travel Egypt” компаниясының өкілдері күтіп алатынын айтты. Саяхатшыларға визаны шаһардың халықаралық әуежайынан сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Бағасы 25 АҚШ долларын құрайтын виза Мысырда 30 күнге жарамды.

– Демалыс бағдарламасы ауқымды. Туристер үшін әйгілі пирамидаларға, Сфинкс мүсініне, Каир мұражайларына, Александриядағы теңіз портына, Луксор ғибадатханасына, Ніл өзенінің бойында орналасқан Абу-Симбел жартасына экспедициялар ұйымдастырылады, – деді Азиза Төлебаева.

Сонымен қатар сапар барысында саяхаттаушылар дайвингтің көмегімен Қызыл теңіздегі маржан кедертастары мен түрлі түсті балықтарды тамашалай алады. Петропавл қаласындағы кез келген туристік агенттік арқылы Мысырға жолдама алуға болады. Қосымша ақпараттар “www.selfietravel.kz” сайтында берілген.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp