«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ — ІРГЕЛІ КӘСІПОРЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары Қызылжар өңіріне жұмыс бабындағы іссапармен келіп, кеше “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамында болды. Халық қалаулылары зауыттың өнімдерімен танысты, кәсіпорынның ұжымымен кездесті, олармен Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру барысы туралы әңгімелесті.

“С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамы темір жол көлігі үшін автоматика, телемеханика, байланыс және қауіпсіздік жүйелері құралдарын жасап шығарады. Кәсіпорында сондай-ақ, сандық теледидар, медициналық мекемелер үшін жабдықтар, мұнай-газ кешеніне өнімдер және байланыстың арнайы құралдарын шығару желісі жақсы жолға қойылған.

– Қазақстанның барлық өңірлерінде біздің өнімдерімізді тұрақты тұтынушылар аз емес. Олар – темір жол көлігі, энергетикалық өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, коммуналдық қызмет кәсіпорындары. Соңғы уақытта осызаманғы талаптарға толық сәйкес келетін құрал-жабдықтарға сұраныс артып келеді, бұл бізді өнім көлемін ұлғайтуға ынталандырады, тиісінше жаңа жұмыс орындары пайда болады. Қазіргі уақытта зауытта алты жүзге жуық адам жұмыс істейді, олардың орташа айлық жалақысы – 153 мың теңге, – деді “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы өндіріс бөлімінің басшысы Александр Криволапов.

Мәжіліс депутаттары Абай Тасболатов, Ирина Аронова, Тарас Хитуов, Серік Құсайынов пен Ирина Унжакова 3D-принтерлер, радио және әртүрлі техника үшін электронды платаларды өндіру цехына барды. Оларды шығару 2017 жылы қолға алынған болатын. Бүгінгі таңда зауытта екіқабатты электрондық платаны әзірлеу желісі тиімді жұмыс істеп тұр. Болашақта көпқабатты платаларды шығару жоспарланып отыр.

– Қазіргі уақытта отандық өндіріске көп көңіл бөлу қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында атап көрсетті. Платаларды өндіру – уақыт талабы, олар электрондық жабдықтар, радиостанциялар үшін өте қажет. Ұлттық қауіпсіздік мәселесінде де бұл маңызды болмақ. Көптеген электрондық аспаптарда шетелдік өндіріс платалары орнатылған, енді біз оған отандық өнімді пайдалану мүмкіндігіне иеміз. Бұл елімізді ақпараттық және киберлік қорғау тұрғысынан өте маңызды, – деді Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов.

Ілияс СӘБДЕНОВ, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp