«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗАҚТЫҢ МЕН ДЕ АҚКӨҢІЛ БАЛАСЫМЫН”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Белгілі ақын, драматург, манасшы Баянғали Әлімжановты Қызылжар жұртшылығына таныстырудың өзі артық. Жуырда редакция ұжымымен кездесіп, жарық көрген туындылары, қазіргі әдебиеттің, соның ішінде поэзияның жай-күйі туралы айтқан әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Баянғали Тақанұлы, әңгімемізді жуырда Мәскеудегі “Художественная литература” баспасынан жарық көрген “Сказ столетнего степняка” атты кітабыңыз жайында бастасақ. Ресейдегі бұл баспадан екінің бірі өз туындысын шығара алмайтыны белгілі. Сіз бұған қалай қол жеткіздіңіз. Жалпы, бұл туындыңызды орыс тілінде жазуыңыздың себебі неде?

– Мен үшін Қызылжар топырағы ерекше ыстық. Туған жерімнен кем көрмеймін. Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында дүниеге келіп, балалық дәуренімді, жастық шағымды сонда өткізгенімді жақсы білесіздер деп ойлаймын. Елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан өңір баспасөзінің қарашаңырағы саналатын “Soltústik Qazaqstan” газеті – осы өлкенің руханиятын, тілі мен мәдениетін, дәстүрін насихаттап, сақтап отырған киелі орда. Біз үшін орны бөлек. Бұл қарашаңырақта небір ардақты тұлғалар қызмет етті, Тәуелсіздік үшін күрескен азаматтардың іздері сайрап жатыр. Қазақ әдебиетінің біраз жанрларында қалам тербеп жүрмін ғой. Мені балалар әдебиетінің ақсап тұрғаны, бүлдіршіндерге арналған шығармалардың аздығы бұрыннан алаңдататын. Бір күні өзіме “осы олқылықтың орнын толтыру үшін неге еңбектенбеске?” деп сұрақ қойдым. Жастардың көкірек көзін ашу үшін құр аңыз-әңгімелерге ғана емес, тарихи туындыларға терең бойлау маңызды. Абылай ханның ерлігі, сол замандағы оқиғалар туралы зерттеп, жаза бастадым. Алайда, сол кезде жазушы Сәкен Жүнісовтің Абылай хан туралы пьесасы оқырман қауымға жол тартты. Іле-шала “Көшпенділер” киносы шықты. 2014 жылы қолжазбамды оқып отырып, біраз деректерді қамтығанымды аңғардым. Сосын жалғастыра бастадым. Мәскеудің беделді баспасынан жарық көрген кітабыма енген негізгі шығарма да осы болды. Туындымның жалпы мазмұны жайлы айтар болсам, жүз жасаған қарияның ой-танымы арқылы қазақтың жүз жылдық тарихы баяндалады. 1916 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістен бастап, 1932 жылғы аштық, саяси қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс қамтылған. Алғысөзін орыс жазушысы, академик Георгий Пряхин жазды. Кітап туралы бүгінге дейін жүрекжарды лебіздерін білдіріп жатқандар аз емес. Оқырмандарыма, әсіресе, соғыс тақырыбын қамтыған шығармалар ұнаған сияқты. Әкем соғысқа қатысқан адам. Берлинге дейін барған. Маған тұтқынға түскен адамдардың тағдырлары туралы көп айтатын. Мен де зейін қойып тыңдайтынмын. Соның әсері болса керек, шынайы жазылды. Міне, естігенімді оқырманға ұсынып отырмын. Қазіргі балалар бұрынғы тарихты ертегі сияқты көреді. Тарихты білмей тұлға болып қалыптасу мүмкін емес.

Кітапқа енген “Доброжелательный Аскар” атты ертегім төрт тілде жарық көрді. Бұл туындылардың бәрін орыс тілінде жазайын деп алдын ала дайындалған емеспін. Құдайдың құдіреті шығар, орыс тілінде құйылып келіп, солай жазылды. Оқыған адам қазақтың дәстүрлі аңызын, мифологиясын, дүниетанымын кездестіре алады.

Одан өзге “Батыр болмақ ойдан дүр” атты кітабымның да жарыққа шыққанын айта кеткенім жөн шығар. Мұнда ата-бабаларымыз қолданған найза, қамшы, қылыш сияқты қару түрлерінің шығу, жасалу, қолданылу тарихы сөз болған. Біз қамшы туралы айтқанда, көп жағдайда оның қару болғанынан әрі аса алмаймыз. Оның басына батырларымыз қорғасын құятын болған. Бабаларымыз онымен бір тартқанда жауын сұлатып салған. Жазушы Ақселеу Сейдімбектің бір шығармасында:

“Жауға шап батыр болсаң Наймантайдай,

Қолында бір қамшым бар айбалтадай”, – деген жолдар бар. Бұл қамшының басында не шоқпар, не айбалта болғанын дәлелдейді. Әнші Иманжүсіп Құтпанұлы қамшымен бір тартқанда өгіздің терісін қақ бөледі екен. Осының бәрі оқыған адамға қызық. Қазақ жырындағы: “Ұшына найзасының жау қадаған” деген сөз де бекер айтылмаған ғой.

– Сіздің көптеген өлеңдеріңіз бен поэмаларыңыз бар. Әнге жазылған сөздеріңіз, сатиралық шығармаларыңыз бір төбе. Енді осының бәрін әдебиетсүйер жұртшылыққа паш ететін жеке шығармашылық кешіңізді ұйымдастыруды ойлап жүрген жоқсыз ба?

– Менің шығармашылығым сала-саладан тұрады. Проза, драматургия, поэзия, ән, тағысын тағылар. Осы уақытқа дейін қырыққа жуық кітабым жарық көріпті. Енді оларды біртұтас дүние ретінде халыққа ұсыну жайлы айтып отырғаныңыз орынды. Бірақ арнайы дайындалып, кеш өткізіп көрмеппін. Мұндай шаралардың, ең бірінші, ұйымдастыру жағы қиын болады. Ол үшін жауапты мекеме басшыларымен келісіп, бағдарламасын ұтымды ойластыру керек. Мен таза шығармашылықтың адамымын. Оны атақ-мансапқа айырбастаған кезім жоқ. Алпыс бес жыл ғұмырымда бір мекемені басқарып көрмеппін. Маған өзімнің шығармашылық еркіндігім ұнайды. Менің жазған дүниелеріме қызығушылар тарапынан кездесу кештерін өткізу туралы ұсыныс түсіп жатса, қуана-қуана келісемін. Ал өзім барып, жалынуды, өтінуді жаным сүймейді. Мектептер жиі шақырып жатады. Таяуда ғана өзімнің туған жерімдегі мектеп ұстаздары “Баянғали оқулары” атты байқау ұйымдастырып, оқушылар менің шығармашылығымды жатқа айтудан сайысқа түсіпті. Қуанып қалдым. Жазған дүниең жас ұрпақтың керегіне жарап жатса, қаламгер үшін нағыз жетістік деген осы емес пе?!

– Бір өлеңіңізде: “Аңсаған адамдардың жарасымын, Арнаған туған елге бар асылын, Қиялы көп болғанмен, зияны жоқ, Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын!”, – деп жырлапсыз. Өзіңіз де оқыған шығарсыз, жуырда белгілі математик Асқар Жұмаділдаев “қазаққа қиялы терең ақыннан гөрі, технократтар жетіспейді”, – деді. Бұған еліміздің белгілі зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушыларының өз айтарлары бар. Сіз қандай пікірдесіз?

– Оған бола даурығудың қажеті жоқ. Бір айта кетерлігі, Асқардың сөзінің жаны бар. Біз “Қазақ ақын халықпыз” дедік те қолымыздан келсін, келмесін, бойымызда талант болсын, болмасын сол жолға түсіп кеттік. Ұстазымыз, марқұм Тұрсынбек Кәкішев бір басқосуда: “Бәрінің әдебиетке ағылуының себебі онда ақша бар, атақ бар”, – деген болатын. Қазіргі заманда әдебиетте ақша аз болса да бәрі жазып жатыр. Қаузап жүргендері бір тақырып. Түгел сөз қуып кетсек тағы да болмайды. Ұлтты қорғайтын жауынгеріміз, дәрігеріміз қайда дегендей… Сосын қазіргі қоғамда көпшілік “Дұрыс, парасатты сөз айтқан адамға селт етпейді. Біреуге тиісіп сөйлегендерді көтере, мақтай жөнелеміз. Бұрын Қостанай өңіріне келген бір орыс губернаторына мейман ретінде ерекше құрмет көрсетіліп, қымыз беріледі. Әлгі кісі ішпей, кесені қайтарып беріпті. Оған ұнамады екен деп қазақ төл сусынынан бас тарпайды ғой. Өлең де сол сияқты.

– Қазіргі қазақ поэзиясына деген көзқарасыңыз қандай?

– Бүкіл қазақ поэзиясы жөнінде пікір айту үшін барлық ақындардың шығармаларын оқу керек. Жастар поэзиясы туралы да солай. Біз қазір шашылып қалдық. Әдебиеттің есігін кім көрінген қағып жүр. Көп шығармалар кезінде бағасын ала алмады. Қаламгерлер жанында жазып жүрген танысын, бірге жүрген жолдасын ғана оқиды. Шыны керек, кімнің не жазып, қандай тақырып қозғап жүргенін де біле бермейміз. Атағы дардай деген ақындардың шығармашылығынан бейхабармыз. Өйткені, оларды талдап, талқылап жатқан сыншылар жоқтың қасы. “Ақындықта құн қалды ма, мұң қалды, Түгел сөздің тереңіне кім бойлап, астарына кім барды?” – деп өрілетін өлеңімде де осы жай айтылған. Сосын қазірде әдебиет жөнінде әңгіме бола қалса, белгілі бір тізім бар. Сол тізімге енгендер “ең кереметтер”. Бұл да нақты көрсеткіш емес. Тасада қалып қойып жатқан дарындар аз емес. “Мені бағаламады, бағамды алмадым, жақсы пікір естімедім, мен туралы жазылмады, атақ алмадым” деп ренжуге де болмайды. Өйткені, ақын болып жаралғаннан кейін бойдағы өнерді халыққа қалтқысыз беру керек. Егер де біреудің бағасын, мақтауын күтетін болсақ, ол өнерге адалдық болып саналмайды. Әдебиетте, өлеңде көшбасшы болмайды. “Талант – Құдайдан” деген сөз бар. Алла дарынды біреуге аз, біреуге көп береді. Ақын Мәшһүр-Жүсіп Көпеев: “Тілей бер бір Құдайдан өз бағыңды, Басқаның хақысына көңіл бөлме”, – дейді. Атамыздың бұл сөзін өлең өлкесіне қадам басқан жастарға қаратып айтқым келеді. Өлең туады. Күшеніп жазылған өлең өлең емес.

Қазіргі қазақ поэзиясында алаңдайтын дүниелер аз емес. Жастардың көбі мұңға, өкінішке бейім. Өмір жолын жаңа бастап жатып өткінші жалғанға өкпе артады. Олардың туындыларында зарлы мотив жиі кездеседі. Жас ақындарды аға буынның оқымайтыны да содан. Ал поэзия – адамның ішкі көңіл күйі ғана емес қой. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің көбі өмірге құштар болған. Жұртшылықты да батыл болуға шақырған. Орыс әдебиетінде де солай. Ақын И.Тургенов жасы қырықтан асқанда бір сұлуға ғашық болып, өмірге деген көзқарасын өзгерткен.

Реті келгенде айта кетейін, қазіргі ақындар, жас жазушылар, тілшілер болсын, тіл мәселесін айта береді. Біздің тіліміз орнықты. Енді қорқудың қажеті жоқ. Мен оқу бітірген жылы ұстазым “математика мен физиканы игергені үшін” деп мақтау қағаз берді. Көп адамдар менің филолог болам деген талабыма қарсы шығып, “Қазақ тілінің болашағы жоқ”, – деді. Шешем марқұм “Баянғалидің бетінен қақпаңдар” дегеннен кейін арманыма бір табан жақындай түстім. Алматыға барған соң тынысым ашылды.

Ұлтына жаны ашитын адам ендігі жерде қазақтың қазақ болып қалуын, тәуелсіздігінің баянды болуын ойлауы керек. Халықтың денсаулығына алаңдауымыз керек. Осы ретте мені шетелдерден, соның ішінде көрші Қытайдан келіп жатқан заттардың сапасы, халқымыздың денсаулығына келтіріп жатқан зияны алаңдатады. Сапасыз, түрлі химиялық бояулар қосылған заттарды тұтынған ұлттың, ойыншықтарымен ойнаған ұрпақтың болашағы не болады? Осыған мән беруіміз керек. Бұған бір жағынан кінәлі өзіміз. Дүкенде самсап тұрған дүниелерді арзан деп, сатып алуға құмармыз.

– Қазақтың аяулы ақын қыздарының бірі – Жанна Елеусіздің: “Әдебиеттен атақ-мансаптарды, мүшәйра-бәйгелерді алып тастасақ нағыз жазатындар санаулы қалатын еді” – деген сөзі бар. Сіз де әдеби бәйгелерде көп төбе көрсетпейсіз. Оның себебі неде?

– “Алланың берген өлеңін,

Бәйгеге салма пенделік”, – деп келетін өлеңім бар. Жаратқанның өлеңін пенделік бәйгеге салу артық сияқты. Бірақ біз қоғамда өмір сүреміз. Сол жағын да ескеруіміз керек. Өлең үшін жеңімпаз болу басты мұрат емес. Байқауларға қатыспайтын себебім, “жабық бәйге” дегенді ұнатпаймын. Жабық бәйге ешқашан әділ өтпейді. Алдын ала дайындалған адамдар, тамыр-таныстық болады. Бәлкім, мұндай шаралар қаламгерді ынталандыру үшін де керек шығар. Орыс жазушысы Лев Толстой қаламақы төлене бастаған кезде “енді “халтурщиктер”, ақша үшін жазатындар көбейеді”, – депті. Осыдан сақ болуымыз керек. Әдебиет ақшаның емес, ардың ісі екенін есімізден шығармайық.

– Оқырмандарымызға отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз?

– Құдайға шүкір, Құралай, Ақмарал, Ақкенже есімді үш қызым бар. Ұлым – Нұрлан Әлімжановты жұртшылық жақсы біледі. Қыздарымның ішінде өнер жолын Ақкенже таңдады. “Анаға апарар жол”, “Қарашаңырақ” сияқты өзге де киноларда түрлі рөлдерде ойнады. Жарым – Әлия медицина қызметкері. Ұзақ жылдар бойы перзенттеріміздің тәрбиесімен, оның үстіне сырқаттанған анам мен әкемді бағып үйде отырды. Кеңасшы ауылы тұрғындарының батасын алды. Осылай ел, жер аралап жүргенімнің бір себебін Құдай қосқан қосағымның қолдауының арқасы деп білемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp