«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА — БАСТЫ БАЙЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда “дәстүрлі отбасы” деген ұғым өз құнын жоғалтып бара жатқан сыңайлы. Жұмысбасты жастардың дені шаңырақ құруға асықпайды. Сонымен қатар некесіз сәбилі болу, толық емес отбасында бала тәрбиелеу жағдайлары белең алуда. Адамның тұлға болып қалыптасуы туған шаңырағынан бастау алады. Оның бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер де осы жерде қалыптасады, сондықтан туған үйдің жылуы көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде қалады. Дей тұрғанмен, қазіргі қазақ қоғамында отбасы құндылықтарының құлдырап бара жатқаны жасырын емес.

Күнделікті тұрмыстың қамымен жүріп, табыс табуды басты міндеті санайтын жас ата-аналардың көбінің бала тәрбиесін кейінгі орынға қоюы алаңдаушылық туғызуда. Қоғамда орын алып отырған келеңсіз жайттардың барлығының себебі отбасы мәселесіндегі олқылықтарға тіреледі. Бұл мәселемен айналысатын мамандардың айтуынша, бүгінгі шаңырақ иелерінің білім деңгейінің төмендігі, жұмысбастылығы, бос уақыттарының жоқтығы балаларының бойында жағымсыз қасиеттердің туындауына әкеп соқтырады. Жас отба­сы­­лардың арасындағы ажы­­ра­­су­­ фактілері соңғы жылдары көбейіп отыр. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Біздің еліміз шаңырағы шайқалғандар санының көптігі бойынша алғашқы ондыққа енген. Соның кесірінен рес­пуб­лика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40 мыңнан асып жығылады. Бұл жай ғана жалаң цифрлар емес, қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші. Әрісінде қаншама адамның тағдыры жатыр десеңізші?! Әкесіз тәр­биеленген ұл мен қыз баланың “жарым­жан” тағдырына жалпы қоғам болып жауапты екенімізді ұмыта бас­т­а­ған сыңайлымыз.

Арнайы жүргізілген талдауларға сәйкес отбасы мен бала мәселесі туындаған жағдайда оған кәсіби тұрғыда көмек қажет. Бұл орайда, балабақша, мектептердегі әлеуметтік педагогтар мен жеке психологтардың маңыздылығы арта түседі. Елімізде осы мәселеге орай арнайы бағдарламалар қабылданған. Солардың бірінде қиын жағдайға тап болғандарға әлеуметтік-психологиялық көмек беру бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізіледі. Білім беру саласындағы әдістемелік іс-шаралар және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері Анна Сергеева бұл бағытта облысымыздың білім мекемелерінде 800-ден астам психолог пен әлеуметтік педагогтардың жұмыс істеп жатқанын айтады. Соңғы кезде балалардың бос уақытының дұрыс жоспарланбауы, олардың өз-өзіне тәуелді болуы белең алған. Ата-аналардың жақындары алдындағы жауапкершілігі, махаббат пен сенім сияқты отбасы құндылықтарынан гөрі материалдық жағдайды жақсартуды бірінші орынға қоятыны байқалған. “Осындай тұжырымның салдарынан қоғамда некесіз бала туу немесе толық емес отбасы деген ұғымдар пайда болды. Мұндайға еті үйренген сайын ертеңгі күні некесіз балалы болуды “өзім үшінге” жатқызатындардың көбеймесіне кім кепіл? Табысты өмір сүруге ұмтылған дұрыс, бірақ бала тағдырына немқұрайды қарауға болмас”, – дейді Анна Сергеевна.

Қоғамда белең алып отырған жағымсыз құбылысқа тосқауыл болуда отбасындағы тәрбиенің маңызы зор. Иісі қазақ қыз бойжеткен соң, оны тұрмысқа беруді парыз тұтқаны белгілі. Мүмкін, осындай ұлттық болмысымызға тән тұсымыз әлсіреп, дәстүрімізді ұмыта бастағандығымыздың кесірінен әкесіз, анасыз бала тәрбиелеу қалыпты құбылыс болып кетті ме? Салдарынан қазіргі таңда елімізде некесіз туған балалар саны артқан. Бұл сөзімізге мына дерек дәлел. Облысымыз бойынша некесіз өмірге келген 1571 бала жалғызбасты аналардың тәрбиесінде болса, ажырасқандар саны екі есеге артып отыр. Әсіресе, мұның басым бөлігінің елді мекендер бойынша тіркелгені қынжылтады. Қаймағы бұзылмаған ауыл бұрыннан тәрбиенің тал бесігі саналды емес пе?

Облыс орталығында тұратын Мәриям Ілиясова жалғызбасты аналардың бірі. Екі баласы бар. Осыдан үш жыл бұрын ауылда жұмыс болмаған соң, қалаға көшіп келген. “Заңды некеде болмасам да, ұлдарыма толыққанды тәрбие бере аламын. Оларға әке де, ана да болуға күш-жігерім жетеді. Қоғамның некесіз бала туып алды деп шеттетпегені болмаса, жағдайымыз төрт көзі түгел отбасылардан кем емес”, – дейді жас ана.

“Әйелдерді қолдау орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алина Орлова толық емес отбасыларда баланы дұрыс тәрбиелеуге кедергі келтіретін бірқатар себептердің болатынын айтады. Яғни, жалғызбасты аналар сәбилеріне толыққанды отбасындағыдай тәрбие беремін деп, оларды шектен тыс қамқорлыққа алады. Әрі мұндай аналардың балаға деген қарым-қатынасы сәбиімнен айырылып қалмаймын ба деген ойдың төңірегінде қалыптасады екен. Ажырасқан, сондай-ақ, тұрмыс құрмай, бала сүйген нәзік жандардың бойындағы “Ұл-қызымның алдында кінәлімін” деген сезімінің арты шамадан тыс қамқорлыққа әкеліп соқтыруы мүмкін. Өзгелерден қалыспаймын деп, толыққанды отбасылардағыдай жақсы жағдайды орнатуға талпынған қыз-келіншектер күндіз-түні жұмыс істеп, бос уақытының жоқтығынан баласына көңіл бөлмей, мәселені одан сайын ушықтыра түседі. Әйелдерді қолдау орталығы әлеуметтік-педагогикалық қорғау проблемаларына сараптама жүргізіп, қиындыққа тап болған жандарға мамандардың көмегі аса қажет екендігін алға тартты. Толық емес отбасының балалары жасық, жасқаншақ болып өссе, олардың ата-аналары ертеңгі күнге деген сенімнен айырылады. Анасының әлдиін тыңдап, аялы алақанын сезінбей өскен ұрпақтың болашақта тасжүрек, қылмысқа бейім болмасына кім кепіл? Бұл мәселе жөнінде жеке психолог Самал Еспердинова былайша әңгіме өрбітеді: “Бүгінгі қоғамның даму жағдайындағы отбасы тәрбиесінің жай-күйі ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Мектеп жасындағы балаларды біз отбасы жағдайына байланысты бөліп жармаймыз. Олардың бәрі бірдей. Жасөспірімдер тарапынан көбіне үйдегі жағдайға орай түсінбеушіліктер орын алып жатады. Қатарластарымен қарым-қатынас орнатуда қиындыққа тап болса, жәрдемдесеміз. Ата-анасымен келіспей, мінез танытқан балаларға психологиялық ақыл-кеңес беруге әрдайым әзірміз. Осы заманда баланы жалғыз өсіріп, жетілдіру қиын екені баршаға мәлім. Жастар келте ойлаудан алшақ болып, баланың тағдырын бірінші орынға қоюы тиіс”.

Облыстық кәмелеттік жасқа толмағандарды оңалту орталығына түсетін жеткіншектер санының жыл санап арта түскені де қозғап отырған тақырыбымыздың өзектілігін аңғартады. Олардың арасында көше кезіп, қайыр сұраған, құқық бұзып, істі болғандар аз емес. Аталмыш орталыққа жыл сайын 300-ге жуық бала жеткізіледі. Ал былтыр ел бойынша Білім және ғылым министрлігінің сенім телефонына 200 мыңға жуық мектеп оқушысы хабарласып, көмек сұраған. Мамандар суицид пен түрлі психологиялық ауыртпалықтардың алдын алған. Ата-аналарының қарауынсыз қалған балғындарға психологиялық, заңгерлік көмек көрсетуде бірқатар іс-шаралар жүргізілгенімен, мәселені түпкілікті жою мүмкін емес дейді орталық мамандары. Мұнда жеткізілген ең кішкентай сәбилердің жасы үште ғана. Олардың жәутеңдеген көздеріне қарап тұрып, туған баласынан қол үзген ана мен әке қалай тыныш ұйықтауы мүмкін деген ойға кенелесің. Бірі сәбилі болуға қолы жете алмай, ана бақытын сезінуді армандап жүрсе, енді бірі баласын мойнына артылған жүк сынды көреді. Қалай дегенмен де, бүгінгі бала ертеңгі болашағымыз екенін ұмытпағанымыз абзал.

Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Коллажды жасаған Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp