«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРЫҒЫН ЖАҚҚАН КЕЗДЕ ТҮНГІ КЛУБ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аға буын өкілдері түнгі клубтарды “жамандықтың мекені” деп бекерге айтпаса керек. Өңір жұртын дүрліктірген, көпшілікті алаңдатқан аты шулы қылмыстық оқиғалардың дені осы түнгі клубтарда орын алатыны жасырын емес.

Алған соққысынан есін жимастан жан сақтау бөлімінде өмірімен қоштасқан баскетболшы Игорь Нанаевтың қайғылы қазасы, болашағынан зор үміт күттірген спортшы Ербол Хамитовтың аяғынан айырылғаны, тіпті әлі сот үкімі шығып үлгермеген, екі жасар қызы бар Ксения Овсянникованың өліміне алып келген жол апаты да сол түнгі клубтарда болғанын бәріміз білеміз. “Парк-сити” түнгі клубындағы төбелесте алған ауыр жарақатының салдарынан көз жұмған Игорь Нанаевтың ісіне қатысы бар деп танылған, он жылға бас бостандығынан айырылған бес жігіт өмірін тас қапаста өткізуде. Ал спортшы Ербол Хамитовке қатысты оқиғада, тіпті, кәмелеттік жасқа толмаған өрендер бар. Қандай ата-ана дүние есігін ашқаннан бері “қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай” мәпелеп, үлкен үміт артып өсірген бауыр еті баласының тура жолдан тайып, жастық шағын темір тордың арғы жағында өткізгенін қалайды дейсіз? Ал осының бәрін сырттан естіп-біліп отырған жастар бұдан сабақ алып, көңіл көтеру орындарына баруды азайтты ма? Өкінішке қарай, жоқ.

Облыс орталығындағы сауда-саттықпен айналысатын мекемелердің мыңға жуығында спирттік ішімдіктер сатылады. Соның ішінде оннан аса түнгі клуб, екі жүздей дәмхана, отызға жуық мейрамхана мен боулинг орталықтары бар. Оларға кіру бағасы әртүрлі. Тіпті, кей жерлерде қыздарға түнгі клубтардың есігі айқара ашық, яғни тегін.

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы Петропавл қаласындағы көңіл көтеру орындарында 143 қылмыс тіркелген. Атап айтар болсақ, түнгі клубтарда негізінен төбелес, жанжал, ұрлық-қарлық секілді қылмыстар орын алып жатады. Былтыр бір жыл ішінде “Ностальжи” түнгі клубында 23 қылмыс тіркелді. “Фантазия” және “Шоколад” түнгі клубтарында 18 қылмыс жасалса, “Колос”, “Рай”, “Шен”, “Экспресс”, “Хазар”, “Марка” дәмханалары мен “Брецель” мейрамханасында да түрлі келеңсіздіктер аз болмаған. Мысалы, ауылдан келген бір топ жігіт облыс орталығындағы түнгі клубтардың бірінде ұялы телефондарынан айырылып қала жаздаған. Олардың билеп жүргенін байқаған бейтаныс әйел үстелде қалған ұялы телефондарды алып, мекемеден шығып кеткен. Абырой болғанда, күдікті клубтағы бейнекамераға түсіп қалыпты. Осылайша, ұрлықтың ізі суымай ашылды. Қаладағы түнгі клубтардың бірінде жігіттер сөзге келіп қалған бір адамды далаға шығарып алып, жабылып ұрып кеткен. Олардың бұл әрекеттері де бейне-бақылау камерасы арқылы әшкере болып, кінәлілер жазасын алды.

Бүгіндері облыс орталығындағы түнгі демалыс орындарындағы қылмыстардың алдын алу үшін рейдтер жүргізіледі. Бұл жұмыстарға құқық қорғау органдары қызметкерлерімен қатар, депутаттар, білім беру саласының өкілдері де қатысады. Облыстық мәслихат депутаттары тәртіп сақшыларымен бірге түнгі клубтарды аралап, нәтижесінде бірқатар құқық бұзушылықтарды анықтаған болатын. Тексеріс барысында бірнеше мекемеден қорқор тәркіленген. “Фантазия”, “Шоколад” түнгі клубтары санитарлық талаптарға сай емес әрі спирттік ішімдік ішкен жастарға толы екені анықталды. Сол жолы тіпті, “Фантазияның” күзетшісі де жоқ болып шықты. Яғни, мекемеге емін-еркін кіріп-шығуға болады.

Күзетші демекші, олардың арасында да өз міндетіне салғырт қарайтындар аз емес. Күзетшінің міндеті кәмелеттік жасқа толмаған балалардың түнгі клубтарға кіруіне жол бермеу және көңіл көтеру орнындағы тәртіпті қадағалау емес пе?! Ал бүгінде түнгі клубтарға “күзетші” болып кез келген адам бара алады. “Континент” мейрамханасының бұрышында орналасқан “777” түнгі клубы күзетші қажет болған жағдайда, таныстарына қоңырау шалады. Бұл үшін күзет агенттіктеріне тіркелудің де қажеті жоқ. “Бір түнде мекемені күзетіп, оңай ақша табамыз”, – дейді көңіл көтеру мекемесіне уақытша күзетші болып барып жүрген Азамат есімді жігіт. Олар арнайы дайындықтан өтпеген әрі тәжірибелері жоқ. Мекемеге келушілердің құжаттарын мұқият тексеріп, ал жан-жал туындаған жағдайда көпшілікті тәртіпке шақыру арнайы даярлығы жоқ күзетшінің қолынан келе ме?!

Жақында Алматы қаласының тәртіп сақшылары түнгі клубтардағы тәртіпсіздіктер мен қылмыстардың себептерін анықтады. Онда қаладағы көңіл көтеру орындары күзетшілерді “көшеден” жалдай салатындығы белгілі болған. Яғни, жоғарыда атап өткеніміздей, түнгі клубтардағы қылмыстардың алдын алуда ондағы күзетшілерге де жауапкершілік жүктеледі.

Тағы бір мәселе, мекеме басшылары демалушылардың көлік рөлінде келгенін көре тұра, оларға спирттік ішімдік сатады. “Ащы суға” сылқия тойып алған жүргізушінің рөлге отыруына да ешқандай кедергі келтірмейді. Осы орайда, тоқтала кететін тағы бір жайт, көңіл көтеру орындарына 18 жасқа толған азаматтар кіре алса, заңға сәйкес, спирттік ішімдік 21 жастан асқандарға ғана сатылуы тиіс. Ал құжатын көрсетіп, ішке кіргеннен кейін, ішімдікке тапсырыс берушілердің жас мөлшерін бақылап жатқан ешкім жоқ.

Өткен жылы көңіл көтеру орындарына жүргізілген рейдтік шараға тәртіп сақшыларымен бірге қалалық мәслихаттың депутаттары да қатысты. “Учаске” жедел алдын-алу шарасы аясында көшелер мен аулалар, көңіл көтеретін орындар, олардың маңындағы іргелес аумақтар тексерілді. Шара барысында құзырлы орган жиырмадан астам дүкен, дәмхана, диско-бар және басқа да түнгі демалыс орындарын аралаған. Нәтижесінде 19-шы шағынаудандағы көңіл көтеру орындарының бірінде қор-қор тарту фактісі анықталды. Жеке қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салуды бұзғаны үшін әкімшіге хаттама толтырылған екен.

– Біз түнгі 23-тен бастап таңғы сағат төртке дейін “Ударник”, “Шоколад”, “Ностальжи” сияқты онға жуық көңіл көтеру мекемесіне бардық. Түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүрген кәмелеттік жасқа толмаған алты жасөспірімді анықтадық. Олардың біреуі “ащы суға” сылқия тойып алыпты. Өскелең ұрпақтың теріс қылығы түнгі клубтардың оларды дұрыс жолдан тайдырып, жамандыққа итермелейтінін аңғартады, – деді рейдтік іс-шараға қатысқан “Нұр Отан” партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты Кеңес Мұқышев.

Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Осыдан бірнеше күн бұрын полицейлер түнгі уақытта қараусыз жүрген кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді анықтау мақсатында дәмханалар, компьютерлік клубтар, сауда үйлерін тексерген болатын. “Түнгі қаладағы балалар” облыстық жедел алдын-алу іс-шарасының үш күнінде қырыққа жуық әкімшілік хаттама толтырылды. Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұхатовтың айтуынша, енді олардың ата-аналары Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстің 442-бабының 2-бөлігі “Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы” бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Не құдіреті бары белгісіз, жастар түнгі клубтарға үйір. “Ұл – ұлағатың, қыз – ұятың” демеуші ме еді атам қазақ. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Тек кейбір замандастарымыздың түнгі клубты жағалап, уақытын құр босқа өткізіп жүргеніне қарап, қарадай қарның ашады.

Жалпы, соңғы он шақты жыл ішінде әлемнің әр түкпіріндегі түнгі клубтарда болған қайғылы оқиғаларды сараптап көрсек, ажал құшқан адамдар санының артқаны байқалады. 2009 жылы Ресейдің Пермь қаласындағы “Хромая лошадь” түнгі клубында кенеттен өрт тұтанып, 156 адам қаза тапса, сол жылы Таиландтың астанасы Бангкоктегі “Сантика” түнгі клубы отқа оранып, 61 адам көз жұмды. Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы “Вуванг” түнгі клубында 43 адам, Аргентинаның астанасы – Буэнос-Айрестегі “Республика Краманьон” түнгі клубында 194 адам, АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы түнгі клубта 100 адам, ал Қытайдың Лоян қаласындағы бір түнгі клубта 309 адам өрттің салдарынан түтінге тұншықса, олардың арасында тірідей жанып кеткендер де бар. Тізбелей берсек, адам өліміне апарып соққан келеңсіздіктерді санап тауысу мүмкін емес. “Ащы суға” сылқия тойып алып, жайсыз оқиғаға ұрынып, жарымжан, мүгедек күйге түскен жастардың өзі бір бөлек әңгімеге арқау болады. Жантүршігерлік жайттардан кейін де тәртіпсіздіктің ошағына айналған түнгі клубтарға барушылар азаймай отырғаны қынжылтады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp