«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕҢ БОЛСАҢ, КЕМ БОЛМАЙСЫҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Нұр Отан” партиясының Ақжар аудандық филиалының белсенділері балалар үйінің түлектері – ерлі-зайыпты Рябковтар отбасын қамқорлыққа алып, оларды азық-түлікпен және отын-көмірмен қамтамасыз етті.

Павел мен Светлана Рябковтар үш бала тәрбиелеп отыр. Нұротандықтар отбасының ең кішкентай мүшелері Арсений мен Савелийді туған күндерімен құттықтап, тәттілер мен ойыншықтар сыйлады. Бір жыл бұрын үй иесі ауыр жарақат алған еді. Денсаулығы сыр берген отағасы әлі күнге дейін айыға қойған жоқ. Айлар бойы кереуетке таңылған Павелдың жары Светланаға отбасын асырау қиынға соғады. Ұл-қыздарын балабақшаға орналастырып, жұмысқа шығу керек болды. Өйткені, тұрмыстары күрт нашарлап, азық-түлік, балаларға керек-жарақ заттардың жетіспеушілігі сезілді. Осындай сын сәтте нұротандықтар көмекке келіп, қол ұшын созды. Аудандық аурухананың бас дәрігері, партия фракциясының мүшесі Шолпан Сәбитова Светлананы жұмысқа қабылдады. Бұдан басқа, партия белсенділері балаларға киім-кешек сатып әперді. Аудандық мәслихаттың депутаттары Айбек Хоршат пен Болат Зәкенов азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Нұротандықтардың көмегімен Рябковтардың ұл-қыздары “Айгөлек” балабақшасына қабылданды. Балабақша олар тұрған үйден алыс орналасқан соң, балаларды апарып, алып келу мақсатында арнайы көлік қарастырылатын болды. Жасөспірімдер үйінің директоры Тәтті Здуәлиева мен жергілікті кәсіпкер Мағжан Жүсіпбеков және ардагерлер кеңесі балабақша төлемін өтеуді мойындарына алды. Отын мәселесі де шешімін тапты. Аталмыш отбасына “Диорит ЛТД” ЖШС бір қысқа жетерлік отын әкеліп берсе, партия белсендісі Берік Махметов осы мақсатта 100 мың теңге қаржылай қолдау көрсетті. “Жаны жомарт жандарға деген алғысымыз шексіз. Әсіресе, балалар үйінің директоры Тәтті Құдайбергенқызының қамқорлығына ризамыз. Үнемі бізді қолдап, қасымыздан табылады”, – деді Павел мен Светлана Рябковтар.

Ілияс СӘБДЕНОВ, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp