«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫРЫСТЫҢ ҚАЗЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еленбаевтар отбасы – босағасынан береке аттап, татулығы төрге озған үлгілі шаңырақтардың бірі. Отағасы Еділ Нығметұлы ұзақ жылдар бойы Есіл ауданының Өрнек ауылында бригадир, кеңшар директорының орынбасары, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі қызметтерінің тізгінін ұстады. Зейнет демалысына шыққан соң, “Ақ бидай” шаруа қожалығын басқарып, нарықтық экономика жағдайында жас басшылармен қатар жұмыс істей білді. Қызметтің қайнаған ортасында жүрсе де, кейінгі буынға білгенін үйретіп, біліктілікке баулудан жалыққан емес.

Кейіпкеріміз отбасында жайсаң әке, жүзі жылы ата. Зайыбы Мәуия Қабдөшқызымен бірге бес баланы өсіріп, он бір немере-жиен, төрт шөбере сүйіп отыр. Мәуия апа да көпбалалы ана болғанына қарамастан, зейнет жасына шыққанға дейін басшылық қызметте істеді. Өрнек ауылы кеңшар болып тұрған кезінде қойма меңгерушісі болып еңбек етті. Оған дейін ауылдағы мектепте мұғалім қызметін абыроймен атқарды. Ұлағатты ұстаз, асыл жар атанып отырған отанасы ағамызбен алғашқы танысқан кездерін айтып, жастықтың жалынды сәттерінен сыр шертті: “Отау құрған алғашқы күннен бастап бір-бірімізді сыйлауға ұмтылдық. Жаспыз деп арқаны кеңге салмадық. Барлық қадір-қасиеттің еңбекпен ғана келетінін кішкентай кезімізден санамызға сіңіріп өскен соң, қызметімізді абыройлы атқаруға талпындық. Отағасы Еділ қарапайымдылығымен жан баурайды. Жұмыстан қолы қалт етсе, бақшаға барып, жеміс баптайды. Ол отбасымыздың әр мүшесіне байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер екенін үнемі айтып отырады”.

“Алыстағы туыстан, жаныңдағы көрші артық”. Қазақы қалыпқа қарата айтылған бұл мақал осы үйдің босағасына берік орныққандай. Бұл отбасы көршілерімен тату. Қуанышта да, қиындықта да қасынан табылатын көршілер арасында сыпайы сыйластық, ізеттілік пен ілтипаттылық орнаған. Ұл-қыздары әкесінің жолын қуып, оқу оқып, бүгінде мемлекеттік мекемелерде қызмет етуде. Ерлі-зайыптылар балаларының тәрбиесімен қатар білімге деген құлшыныстарын қадағалап отырады. Нәтижесі көңіл көншітерлік. Ұл-қыздарымен қатар немерелерінің барлығы дерлік сабақты жақсы оқып, көзге түсіп жүр. Осындай берекелі отбасы татулықты басты байлығы санайды. Еділ мен Мәуия Еленбаевтар сыйластық орнаған отбасына ғана бақ қонатынын немере-шөберелеріне үнемі айтып отырады.

Серуенбек ҚОСПАНОВ, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp