«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСТА ЕСІГІ “ҚҰЛЫПТАУЛЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында достарымды шаңғы теуіп, сергіп қайтуға шақырдым. Бірақ бізге сапалы қызмет түрін ұсына алатын және бағасы қолжетімді демалыс орнын табу қиынға соқты. Сондықтан Борки кентіндегі шаңғы базасын місе тұтуымызға тура келді. Міне, осыдан-ақ алты ай бойы ақ қарға оранып жататын Қызылжар өңіріндегі қысқы туризмнің қажетті деңгейде дамымай отырғанын аңғаруға болады.

Өңірімізде жоғарыдан шаңғымен төмен құлдилауға мүмкіндік беретін заңғар таулар болмаса да, табиғатымыз сұлулығымен көз тартады. Қар жамылған қайыңдар мен қарағайлар әркімнің де жанарын баурары анық. Дегенмен, өңірде жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін демалыс базалары саусақпен санарлықтай. Олардың басым бөлігі қар түссе, “қалың ұйқыға” кетеді. Мәселен, қыс уақытында қырықтан астам демалыс базасының тек онға жуығы қызмет түрлерін ұсына алады. Мұндай сылбырлық өңірде қысқы туризмнің дамуына кедергі келтіруде. Жылуға төленетін шығынның өсуі, қыста қолданылатын ойын-сауық түрлеріне лайықты материалдық-техникалық базаның болмауы табысты саланың ілгері жылжуына мүмкіндік бермей отыр.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Қанат Шәмсутдиновтің айтуынша, кейбір демалыс базалары келушілерге коньки, шаңғы берумен ғана шектеледі.

– Өңірде қысқы туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Облыс аумағында “Gorkigorod” экстремалды тау-шаңғы кешені, “Green park” отбасылық демалыс, “Сосновый бор” шипажайы, “Абакшино”, “Волна”, “Солнечное-VIP”, “Green-Wood”, “BeautyLand” сияқты ірі демалыс базалары туристер арасында сұранысқа ие. Басым бөлігі Қызылжар ауданында орналасқан бұл демалыс орындарында табиғат аясында жан сергітіп, рахатқа бөленуге жағдай жасалған. Қалғандарының қыстыгүндері жұмысы тоқтап тұрады, – деді Қанат Қайратұлы.

Былтыр облыс орталығындағы 20-шы шағынауданда ашылған “Gorkigorod” экстремалды тау-шаңғы кешені бүгіндері қала қонақтарының сүйікті орнына айналған. Есіл өзенінің биік жиегіндегі ол жерде тау шаңғысы мен сноубордты жалға алып, 300 метрлік биіктіктен төмен құлдилауға болады. Төбеге көтерілу үшін аспалы арқан жол да орнатылған.

Кешен директоры Василий Шунько алдағы уақытта шаңғы тебу, сноуборд және сноутюбингке арналған жолды кеңейтіп, конькимен сырғанауға арналған мұз айдынын салуды, келушілерге шай ұсынатын автоматты қондырғылар орнатып, қарағай көшеттерін отырғызуды және құзға өрмелеуге арналған жабдық сатып алуды жоспарлап отыр.

– Еуропаның Франция, Австрия, Швейцария сияқты бірқатар мемлекеттерінде қыс қатты болмайды, қалың қар да жоқ. Дегенмен, бүгінде олардың әрқайсысында ондаған тау-шаңғы курорты бар. Әрине, бұл елдерде қысқы туризм бірден дамыған жоқ. Дегенмен, аталмыш мемлекеттердің билігі тау-шаңғы кешендерін салуға, олардың инфрақұрылымдарын дамытуға және жаңа демалыс орындарын ашуға ниет білдірген кәсіпкерлерді қолдады. Енді, міне, сол жұмыстың жемісін көруде. Бізде де қысқы туризмді дамытуға мемлекет тарапынан қолдау қажет, – дейді Василий Шунько.

Қызылжар ауданындағы “Green park” демалыс аймағына келушілер легі қысы-жазы бір толастамайды. Өңір туристері арасында танымал, қарағайлы орман ортасынан орын тепкен база – күнделікті күйбің тірлікті ұмытып, таза ауамен сергіп қайтуға ыңғайлы орын. Ресейдің Омбы қаласының тұрғыны Адина Теменова – демалыс аймағына жылда келіп тынығатын көп туристердің бірі. “Петропавл қаласына келсем, “Green park”-ке соқпай кетпеймін. Мұнда отбасымен де демалуға болады. Сондықтан осы жолы балаларымды ала келдім. Қыс уақытында квадроциклге, шана жегілген хаски иттеріне, атқа және пониге мініп сейіл құруға болады. Бұдан бөлек, балаларыма аниматорлардың көңіл көтеру бағдарламасы мен зообақтағы маралдармен суретке түсу ұнады”, – деді ол. Бірақ бұл демалыс аймағына келіп, еркін тыныстауына жергілікті тұрғындардың қалтасы кө тере бермейді.

Солтүстікқазақстандық туризм индустриясы туралы әңгіме өрбіткенде Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағын айтпай кетуге болмайды. Ауданда кәсібін дөңгелетіп отырған “Солнечное-VIP” демалыс орнының директоры Марина Гинаятуллинаның айтуынша, бұл жерге, әсіресе, Ресейдің Қорған, Омбы, Самара, Кемерово қалаларының тұрғындары жиі келеді. Сондай-ақ, былтыр Германия, Польша, Португалия елдерінің туристерін де қабылдаған.

– Біздің демалыс базамыз қазақстандық және шетелдік туристерге пантымен емдеу, тұз шахтасы, балық аулау, биік төбешіктен сырғанау, шаңғымен серуендеу, скандинавиялық жүріс сынды тынығу түрлерін ұсынады. Демалыс аймағының туристерді тартуда әлеуеті зор. Алайда, әлі күнге дейін шешімі табылмай келген өзекті мәселелер де аз емес. Солардың бірі – жолдың сапасы. Соңғы төрт жылдан бері жол мәселесі шешілмей келеді. Көктемде езілген грейдер жолы жолаушыларды шаршатады. Ал қыста қалың жауған қар туристердің жүріп-тұруына кедергі келтіруде. Біз болсақ, жолды тазалау үшін техника іздеп әбігерге түсеміз. Осы түйткілді мәселелер шешілсе, қыс мезгілінде демалушылардың саны әлдеқайда артары сөзсіз, – дейді Марина Владимировна.

Айыртау аудандық туризм бөлімінің басшысы Аманбек Махметовтің айтуынша, алдағы уақытта Имантау-Шалқар курорттық аймағында жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Атап айтқанда, бұл аймақ еліміздің туристендіру картасының 10 үздік жобасының қатарына енген. Осыған орай бүгінгі таңда аймақта 68 іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл мақсатқа 32,4 млрд. теңге қаржы қажет.

– Демалыс базаларында жарық беру, инфрақұрылымды жаңарту сияқты мәселелер шешімін таппай отыр. Биыл 9 жаңа демалыс базасын ашуды және тағы төртеуін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, қазіргі таңда аудандағы барлық демалыс орындарының жыл бойы жұмыс істеуі үшін кешенді шаралар жүргізілуде. Бұл туристер санын көбейтуге көмегін тигізеді. Мәселен, өткен жылдың 9 айында ауданға 45 мың турист келсе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 400 мыңға жеткізу көзделуде. Алдағы уақытта ауданда жерді дұрыс пайдаланбай отырған кәсіпкерлердің жұмысын жандандыру міндеті тұр, – дейді Аманбек Ғазизұлы.

Облысымызда туризмнің кенже қалуына өңірдегі демалыс базалары туралы жарнаманың аздығы да ықпалын тигізуде. Мұны жергілікті туристік фирмалардың басшылары да жоққа шығармайды.

“Прогресс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Наталья Зваричтің айтуынша, жергілікті демалыс базаларының басым бөлігі туроператорлармен әріптестік байланыс орнатуға құлықсыз. “Олар біздің қызметімізді жалдап, туристер арасында саяхат ұйымдастыруға шығынданғылары келмейді. Жергілікті туристік нысандарды жарнамалау арқылы көп мәселенің түйінін тарқатуға болады. Сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы тарапынан да осы мәселеге көңіл бөлінсе, біз қол ұшымызды беруге дайынбыз”, – дейді Наталья Зварич.

Облыста қысқы туризмді дамыту үшін, ең алдымен, жергілікті тұрғындарға демалыс орындарының қызметі қолжетімді болуы тиіс. Бұдан кейін ғана өңірге шетелдіктерді тарту жөнінде сөз қозғауға болады. Облыстық туризм және кәсіпкерлік басқармасының мамандары жергілікті демалыс орындарын жарнамалау мақсатында жүйелі жұмыстарды қолға алғандарын айтуда. Басқарма мамандары соңғы жылдары Алматы, Павлодар, Қостанай және Ресейдің Мәскеу қаласында солтүстікқазақстандық демалыс базаларының қызметтерін насихаттап жатқандарын алға тартты. Бірақ олардың бұл мақсаттағы жұмыстары нәтиже беріп жатқаны шамалы.

Соңғы жылдары өңірімізде қыс уақытында туристерге балық аулап, тынығу ұсынылуда. Мәселен, Шал ақын ауданында орналасқан “Beauty Land” демалыс базасына келген қонақтар Есіл өзеніне қармақ сала алады. Мұнда балықшыларға арналған үйлер мен моншалар бар. Коньки мен шаңғы жалға беріледі. Сонымен қатар өңір аумағында спорттық балық аулаудан біріншіліктер өткізу жоспарлануда. Облыстық спорттық балық аулау федерациясының директоры Ерік Мейрамовтың айтуынша, қыс аяғына дейін мұз үстінде балық аулау бойынша бірнеше сайыс өтетін болады. Жуырда алғашқысы Мамлют ауданындағы Чистое көлінде ұйымдастырылды. Ол мұндай жарыстардың қысқы туризмді өркендетуге үлесі зор екеніне сенімді.

“Қансонарда бүркітші шығады аңға” демекші, таңсәріден қарға түскен аң ізін қуалап, аңшылық құрудың да қызығы мол. Өңірімізде мергендігін сынап көргісі келетін туристерге аң аулау мүмкіндігі де беріледі. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Ерлан Тәшімовтің айтуынша, бұл үшін туристер қару мен оқ-дәріге, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат алулары тиіс. Алайда, өткен жылы өңірімізге аң аулау мақсатында он шақты ғана турист келіпті. Германия мен Австрия азаматтарын, негізінен, Сібір елігі қызықтырған. Ал түлкі, қоян аулағысы келетін туристер жоқтың қасы. Бұл бағытта да атқарар жұмыс шаш-етектен.

Облыстық статистика департаментінің дерегіне сүйенсек, өткен жылдың алғашқы 9 айында өңіріміздегі 109 туристік нысан 105016 қонаққа қызмет көрсеткен. Олардың 91,5 пайызы отандасымыз болса, қалғаны – шетелдік туристер. Ал қаңтар-наурыз айлары аралығында өңіріміз 21785 ғана демалушыны қабылдаған. Яғни, бізде әлі де болса қысқы туризмнің қарқыны бәсең. Ақ көрпесін алты ай жамылып жататын аймақта маусымдық типтегі демалыс базалары жазда ғана жұмыс істеп, қыстың мол ризығынан құр қалуда. Табиғаттың тартуын кәдеге асырып, туристердің санын көбейту алдағы уақытта шешімін табады деген үміттеміз.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp