«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛІМЖЕТТІК – ӘЛСІЗДІҢ ІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық өзекті мәселелердің біріне айналуда. Мамандар шаңырағы шайқалған отбасылардан шыққан, әлімжеттікті көріп өскен балалардың тәртіп бұзуға бейім тұратынын айтады. Түрлі қылмыстардың белең алуында осы жайт басты себепке айналса керек. Өңіріміз бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша нендей шаралар жүргізіліп жатқанын білу мақсатында облыстық полиция департаменті, Жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімінің аға инспекторы Қайсар Қанафинді әңгімеге тартқан едік.

– Қайсар Хамитұлы, алдымен бөлім жұмысына тоқталып өтсеңіз.

– “Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” демекші, отбасы бала тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Шаңырақта ата-ананың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы дұрыс болмаса, баланың тәрбиелі азамат болып қалыптасуы екіталай. Мұны көп жағдайда, ер-азаматтар жағы ескере бермейді. Нәзік жандарға жұдырық ала жөнеліп, әлімжеттік жасайтындардың саны аз емес. Әйелдердің көбі осындай келеңсіз жайтты сыртқа шығармай, жабулы күйінде қалдырғысы келеді. Сөйтіп, шаңырағын шайқалтпауға тырысады. Алайда, тәжірибеден көріп отырғанымыздай, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Біздің мекеме мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге құқықтық көмек көрсету мәселесімен айналысады. Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар аясында облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясаты жөніндегі комиссиясымен, аталмыш мәселеге жауапты тиісті мемлекеттік мекемелермен және әйелдерді қолдау орталығымен бірлесіп, тұрғындарды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау аясында бірқатар шараларды жүзеге асырдық. Бөлім жұмысы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының жоспарына сәйкес жүргізіледі. Зорлық-зомбылықты және адам саудасын жою, кәмелетке толмағандардың тәртібін қадағалау бойынша ақпараттық-насихат жұмысы ұдайы назарымызда. Балаларды жыныстық коммерциялық мақсатта пайдалануды болдырмау мақсатында оқу орындарында түрлі тақырыптарда дәрістер оқылды. Былтыр облыс орталығындағы қонақүйлерде, ойын-сауық мекемелерінде, вокзал маңында 84 рейд ұйымдастырылды. Сонымен қатар “Стоп-трафик” жедел-алдын алу шарасы аясында теміржол вокзалының аумағында азаматтар арасында сауалнама жүргіздік. Оған облыс орталығының 300-ден астам тұрғыны қатысты. Адамға қарсы күш қолданудың қылмыс екендігін түсіндіру мақсатында жас буын өкілдерімен кездесу ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Былтыр осындай сегіз іс-шара өткіздік.

– Қыз-келіншектерге қатысты зорлық-зомбылық көрсеткіштері қандай?

– Өткен жылы түрлі деңгейде қысым көрген 67 әйелге құқықтық көмек көрсетілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жәбір көрген 600-ге жуық нәзік жан мамандардың кеңесіне жүгінді. Бұл шара “Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн” акциясы аясында да жалғасты. Есепте тұрған 744 азамат тексерілді. Акция шеңберінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға орай 150-ден астам қорғау нұсқамасы шығарылды, 12 тұлға жауапқа тартылды. Аталған мәселеге орай сенім телефонына да шағымдар келіп түседі. Соның нәтижесінде 18 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен екі әйел қабылдау пунктіне орналастырылды. 2018 жылы әйелдердің құқықтарын аяқасты етудің 1200 фактісі анықталды. Өткен жылы нәзік жандарды ұрып-соғу бойынша 19 қылмыс тіркелсе, соның үшеуінде адам өлтіру фактісі қарастырылды. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Әйелдер мен қыздар арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, зорлық-зомбылықтың салдарын түсіндіретін шараларды жиі ұйымдастыру жоспарланып отыр.

– Тарыққанда сүйеу, қамыққанда тіреу болатын нәзік жандарға қатысты құқық бұзушылықтардың белең алуына не себеп деп ойлайсыз?

– Мұндай жағдайдың, негізінен тұрмысы төмен отбасыларда болатыны мәлім. Алайда, соңғы деректерге сүйенсек, жағдайы жақсы ерлі-зайыптылардың арасында да зорлық-зомбылық фактілері тіркелуде. Мұның бәріне, әрине, ішімдік ішу, рухани тәрбиенің төмендігі себеп болуда. Ер-азаматтар көп жағдайда бала тәрбиесімен үйде отырған қыз-келіншектерге қоқан-лоқы көрсетуге құмар. Оларды тәртіпке шақырып, отбасына қайтарылған нәзік жандар қаншама? Ата заңымызда еліміздің басты құндылығы адам деп көрсетілгеннен кейін әрі зайырлы мемлекет болған соң, өзгеге қастандық жасау қылмыс болып табылады. Кей азаматтар отбасындағы жағдайды өзінің жеке мәселесі ретінде қарап, артық кетіп жатады. Қашан да қазақ қыз баланы гүлге теңеп, аялаған. Осы қасиетімізді жоғалтпасақ екен. Бірімізге – ардақты ана, бірімізге – сүйікті жар, бірімізге аяулы апа-қарындас бола білген қыз-келіншектерімізді құрметтейік, қастерлейік, алақанымызға салып аялай білейік. Ана – өмірдің бастауы, әдемілік пен мейірімділіктің діңгегі, мемлекеттің тірегі екендігін есте сақтайық!

Сұхбаттасқан Кәмел ОМАРҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp