«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АШЫҚТЫҚ СЕНІМ ҰЯЛАТАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер” жобасының тәжірибесін тарату жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірімізде “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі өз жұмысын бастады. Мұнда “бармақ басты, көз қысты” әрекеттердің алдын алуға бағытталған іс-шаралар жүргізілмек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы өткізген кезекті баспасөз мәслихатында айтылды.

Аталмыш жобаның жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Екатерина Старостинаның айтуынша, тың бастама арқылы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және парақорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру көзделіп отыр.

– Бүгінгі таңда өңірімізде жоба аясында денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары, құқық қорғау салаларында арнайы топтар құрылды. Жобалық кеңсе “Интегро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірге қоғамдық бақылаудың интерактивті картасын жасауда. Қазіргі таңда серіктестік “www.publicbudget.kz” сайтының тәжірибесін зерттеуде. Содан кейін арнайы сайт жасалатын болады. Осылайша, өңір тұрғындары бюджеттік қаражаттың игерілуі мен әлеуметтік маңыздағы нысандардың құрылыс барысына мониторинг жасай алмақ. Алдағы уақытта мобильді қосымша әзірлеу де жоспарланған, – деді Екатерина Сергеевна.

Баспасөз мәслихатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Өткен жылы мемлекеттік қызметшілер бірқатар игілікті шараларға ұйытқы болған. Мәселен, олар ауыр дертке шалдыққан Әмір Ғабдуллинге қаржылай көмек көрсету үшін қайырымдылық концертін ұйымдастырып, Мамлют ауданындағы мешіттердің біріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге қол ұшын берген. Сондай-ақ, былтыр тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілердің саны 2017 жылмен салыстырғанда 24 пайызға азайған.

Баяндамашының айтуынша, өткен жылы өңірдегі 588 мемлекеттік мекемеге түгендеу жүргізіліп, нәтижесінде 22 мың шаршы метрден астам аумақ пайдаланылмай келгені анықталған. Бұл жыл сайын бюджет қаражатын 16,7 млн. теңгеге үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның қаржы басқармасы бұған дейін жеке тұлғадан 158,3 шаршы метр орынды жалға алған. Жуырда олар жергілікті кірістер басқармасының бос бөлмелеріне көшірілді. Осылайша, 1,4 млн. теңге қазына қаржысы үнемделетін болды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp