«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ — ІСКЕ СЕРПІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі күні мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” атты Үндеуінде: “2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда, “ Бизнес Бастау” жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады. Сондықтан 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын”, – деген болатын.

Бүгіндері тұрғындарға кәсіпкерлік негіздерін үйрететін “Бастау” жобасы өңірімізде жемісін беруде. 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қолға алынған қанатқақты жобаға бастапқыда бізден 5 аудан ғана қатысқан болатын. Қазіргі таңда аталмыш жобаның тиімділігін түсінген тұрғындар саны арта түсті. Былтырдан бері бұл жоба Петропавл қаласы мен барлық аудандарда жүзеге асырыла бастады. Палата мамандары кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктерден қаржы алу үшін қажетті құжаттарды жинауға көмектесті. Бұдан кейін бір жыл бойы ақпараттық-әдістемелік тұрғыдан қолдау шараларын жүргізеді.

Өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасы “Бастау” жобасы аясында 2060 азаматты оқытты. Жоба қатысушыларының 57 пайызы бизнес-жобаларын сәтті қорғаса, 405 азамат 900 млн. теңгенің грантына қол жеткізіп, өз кәсібін ашу және кеңейту мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар мемлекет қолдауымен 189 жұмыссыз және 332 өзін-өзі жұмыспен қамтыған жерлесіміз өз кәсібін ашты. Олардың басым бөлігінің таңдауы ауыл шаруашылығы саласына түсті.

Кәсіпкерлік негіздерін оқыту бойынша Қызылжар ауданы көш басында. Бұл ауданнан былтыр 196 тұрғын бизнесті игеру үшін білімін жетілдірді. Он екі айдың ішінде Айыртау және Тайынша аудандарынан 180-нен астам адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Жаңа нысандардың қатары Мағжан Жұмабаев және Тайынша аудандарында арта түскен. Жалпы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауының арқасында жергілікті бюджеттен жоба аясында қосымша топтарды оқытуға қомақты қаражат бөлінді.

“Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары жүргізген сауалнаманың нәтижесіне сүйенсек, тыңдаушылардың 90 пайызы оқыту сапасын жоғары бағалаған.

Өткен жылдың соңында Астана қаласында палатаның қорытынды жиынында екі солтүстікқазақстандық жаттықтырушы марапатқа ие болды. Атап айтқанда, Уәлиханов ауданының тұрғыны Рауан Ерғалиев “Үздік қаржы моделі” аталымында топ жарса, Мағжан Жұмабаев ауданының өкілі Болат Қажырахымов облысымыздың үздік бизнес-жаттықтырушысы атанды.

Кәсіпкерлікке қадам басқан азаматтар қаржылық қызметті ұйымдастыруда, менеджмент пен маркетинг саясатын жүргізуде, даму жоспарын жасауда түрлі қателіктер жіберіп жатады. Сол себепті, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға ниет танытқан тұрғындарға ақпараттық қолдау, кәсібінің өнімділігін арттыру және іскерлік байланыстарды кеңейту бойынша көмек көрсетіледі. Палатаның кеңесшілері азаматтарға қаржы институттарымен жұмыс істеудің шарттарын түсіндіріп, мемлекеттік қолдау шараларымен таныстырады. Өткен жылы кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында 3 мың тұрғынға қызмет көрсетіліп, 10 мыңнан астам адамға кеңес берілді. Орталық мамандары көмегімен 643 млн. теңгенің 304 жобасы қолдау тауып, 202 кәсіпкерлік субъектісі ашылды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы іскер азаматтарға бухгалтерлік, салықтық, статистикалық есептерді жүргізуге, кедендік, заңдық сұрақтарды шешуге, маркетинг пен ақпараттық технологиялар қызметі бойынша, мемлекеттік сатып алуларға қатысу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік орнатуға қолғабыс жасайды. Мысалы, әрбір жекеменшік ұйымның жоғары сыныпты заңгер маманы жоқ. Сондай-ақ, ісін жаңа бастаған кәсіпкер салық және заңдық мәселелерде қиындыққа тап болып жатады. Міне, осындай сәттерде сервистік қолдаудың маңызы зор. Атап айтар болсақ, өткен жылы 1300-ден астам жерлесімізге жоғарыда аталған қызмет түрлері көрсетілді. Сонымен қатар “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалында өз-өзіне қызмет көрсету аймағы құрылды. Кәсіпкер компьютер арқылы арнайы органға өтініш жіберіп, мемлекеттік сатып алулар сайтына тіркеле алады.

Азаматтарды кәсіпкерлік қызметтің негіздеріне үйрету мақсатында қолға алынған “Бизнес-мектеп” жобасының бірнеше бағыты бар. Мәселен, “Бизнес-кеңесші” курсында қысқамерзімді оқыту жүргізілсе, “Бизнес-өсім” шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тереңірек меңгеруге баулиды. Былтыр алғашқы курсқа 723 адам, ал екіншісіне 122 тыңдаушы қатысты. Ал “Жобалық оқыту” курсы барысында бірнеше топқа бөлінген қатысушыларға өңірімізге танымал кәсіпкерлер дәріс оқиды.

“Аға сеньорлар” курсы туралы да айтып өтуге болады. Өңірге білікті шетелдік мамандар шақыртылып, олар жергілікті кәсіпкерлерге кәсіпорынды басқарудың жаңа әдістерін, заманауи өндіріс технологиясын, жабдықтарды қолданысқа енгізуді, ұжым мүшелерінің білімін жетілдіру жолдарын үйретеді. Өткен жылы 7 кәсіпкер бұл курс бойынша оқуға ниет танытты. Осылайша, Түркиядан шақырылған сарапшылар өңір кәсіпорындарында болып, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, “Іскерлік байланыстар” жобасы да жергілікті кәсіпкерлерге шетелдік әріптестерімен іскерлік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беруде. Оның аясында жерлестеріміз шетел кәсіпорындарына барып, бизнес-тағылымдамадан өтеді. Былтыр 29 солтүстікқазақстандық бұл бағдарламаға қатысуға тілек білдірді.

Бүгіндері палатада “Бизнеске арналған Үкімет” жобасы аясында мемлекеттік қолдау шараларын автоматтандыру қолға алынған. Мәселен, палата тарапынан көрсетілетін түрлі қызметтерді үйден шықпай-ақ, “www.services. atameken.kz” сайтынан алуға болады. Онлайн-платформа құрылғалы бері оның көмегіне 800-ден астам адам жүгініп, бизнесті дамыту бойынша қажетті кеңес алды. Ал несие рәсімдеуге өтінішті “Несиелік агрегатор” қосымшасы арқылы жөнелтуге болады. Өтініш бірден еліміздегі алдыңғы қатарлы 10 қаржы институтына түсіп, кәсіпкердің уақытын үнемдейді. “Аtameken.Academy” қосымшасы – кәсіпкерлерге білімдерін жетілдіруге мүмкіндік беретін жаңашыл қызмет түрі. Көп ұзамай тұрғындар “Бастау”, “Бизнес-кеңесші” жобалары бойынша да онлайн қызметке қол жеткізетін болады.

“Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” мыңдаған адамның өз ісін ашуына мүмкіндік беруде. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтар үшін кәсіптің игілігін көрудің жолдары көп. Бұл ретте облыстық кәсіпкерлер палатасы жерлестерімізге көмек қолын созуға әрдайым дайын.

Дархан ҚАЛИЕВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp