«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙСЫЗДА АЖАЛ ҚҰШТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымызда аязды күндері өрт оқиғалары мен жолаушылардың қар құрсауында қалып қою фактілері көбейді. Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте баспасөз мәслихаты өтті.

Жыл басынан бері өңірде 35 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жау төрт тұрғынның өмірін қиса, бір адам дене жарақатын алған. Қайғылы аяқталған оқыс оқиғалардың бірі өткен сейсенбі күні Қызылжар ауданында орын алды. Архангелка ауылындағы тұрғын үйден шыққан өртті ауыздықтауға Петропавл қаласынан екі мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесі қатысты. Құтқарушыларға “Молодая Агро” және “Елім Қызылжар” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің еріктілері көмекке келгендерімен, нәтиже шықпапты. Өйткені, ауа температурасының төмендігі және қатты соққан жел өртпен күресті қиындатқан. Жалын 190 шаршы метрге жайылып, салдарынан тұрғын үй, қора-қопсы және автокөлік жанып кеткен. Өрт сөндірілгеннен соң оқиға орнынан 47 жастағы үй иесінің мүрдесі табылды.

Кейін белгілі болғандай, марқұм үйден құжаттарын алып шықпақшы болған. Бірақ жалынның құшағынан құтылып шыға алмаған. Төтенше жағдай қызметінің мамандары қайғылы оқиғаға газ баллонын дұрыс қолданбау себеп болған деген болжам айтып отыр.

– Марқұм даладан кіргізілген газ баллонның суықтан қатып тұрғанына қарамастан, орнатып, іске қосқан. Бұдан кейін өзі басқа жұмыстарымен далаға шыққан. Сәлден соң үй иесінің қызы газдың иісін сезіп, асүйге бет алғанда, от тұтанып, пердеге тиеді. Баспана иесі келгенше жалын күшейе түскен. Ал марқұмның зайыбы бұл кезде жұмыста болған, – деді департамент бастығының орынбасары, подполковник Ерік Сарыбаев.

Бұл күні өртсөндірушілер осы аудандағы Пеньково ауылында тіркелген өртті де ауыздықтауға қатысты. Жалпы ауданы 180 шаршы метрді құрайтын екіқабатты ғимараттан шыққан қызыл жалынды сөндіруге облыс орталығының екі мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесі тартылды. Алайда, құтқарушылар оқиға орнына жеткенше нысан толықтай жанып кеткен. Қазіргі таңда мамандар ғимараттың иесін анықтауда.

Департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Атығаевтың айтуынша, өрттердің басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында орын алуда. “Жерлестеріміз көп жағдайда пешті қараусыз қалдырып, электр құралдарын орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Электр сымдарының қысқа тұйықталуы да келеңсіз оқиғаға себеп болуда”, – деді Нұрлан Атығаев.

Жиын соңында мамандар “112” телефон нөмірінің тәулік бойы жұмыс істейтінін ескертіп, аязды күндері сақ болуға кеңес берді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp