«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰЛ ҚЫЛЫҚПЕН ҚАЙ БИІККЕ ШЫҒАМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аралайтын бүтін ауыл қалды ма?

“… Депутаттар ауылдарды аралауға аттанды”.

(Баспасөз бетінен).

Газетті оқып, жайып қойдым алдыма,

Бұл ақпарат санама ой салды ма?

Дәл бүгінгі өзіміздің қоғамда,

Аралайтын бүтін ауыл қалды ма?

“Депутаттар ауылды жүр аралап”,

Бірлі-жарым табар мүмкін даралап.

Жалпы, ауылдар азып-тозып барады,

Келіп оның неменесін қарамақ?

Кейде мен де қолға қағаз-қалам ап,

Шығам кезіп ауылымды аралап.

Ауылымда қаңыраған үйлер көп,

Осы жағдай жанымды жүр жаралап.

Мекен іздеп қоныстарға шеттегі,

Ауыр тиді елді тастап кеткені.

Осы жағдай билікке де батпайды,

Неге олардың “бүлк етпейді” беттері?

Мен біреудің қас-қабағын бақпаймын,

Жиналысқа барсам “әдеп сақтаймын”.

Ауыл жайлы мақтан сөздер айтқанда,

Ұялғаннан кірер тесік таппаймын.

Сағымға айналған зауыт

“Бұл заманға нарықтың сай талабы,

Шал ақында қант зауытын салады.

Тәтті іздеген тұтынушы ел кезбей,

Өзіміздің ”Учхоздан” сатып алады.

 

Сөрелерді майыстырып өніммен,

Мәз қыламыз тәтті сүйер баланы”.

Аудандағы алқалы бір жиында,

Қалың елге осы хабар тарады.

 

Қаржы кетті құмға сіңген судай боп,

Қант зауыты сағым болып қалады.

Тимурға не айтайын?

“… Бір ешкісі бар адам жұмыспен қамтылған болып саналады …”

(Экономика министрінің сөзінен).

Министрден ұялған соң,

Өз мұңымды шағуға.

Таң біліне қырға шықтым,

Бір ешкімді бағуға.

Ас-суымды арқама асып,

Ашып қалдым шашпаны.

Қасқыр жегір сол ешкінің,

Дала кезіп қашқаны.

Сүлейменов жұмыс берді,

Жұмыссыздықпен “күресіп”,

Дала кезіп жүрмін ұзақ,

Бір ешкіге ілесіп.

Ұзақ күнге тәуелдімін,

Алты қырдан асқырға.

Кездеспеді-ау, тым болмаса,

Ешкіні жер қасқыр да.

Түсіне алмадым арам өлгір,

Қалай жақты билікке.

Ешкіге мен ұрсып жүрмін,

“Саясатқа килікпе”.

Министрге несіменен,

Ұнай қалды кескінің.

Жұмыс жоқта жұмыс болған,

Қылығын-ай ешкінің!

* * *

Кеш болғанда өліп-талып,

Мен үйіме қайтайын.

Бір ешкіні бақсын деген,

Тимурға не айтайын?!

Ұрпағыңды кешіргейсің, ақыным!

“ … Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте”. Қадір МЫРЗА-ӘЛІ.

Орындалмай өсиеті ақынның,

Мен намыстан жарылуға жақынмын.

Өз елімде өгейсіп жүр өз тілім,

Пайымдаймын, азғаны ма ақылдың?

 

Ұрпағыңды кешіргейсің, Қадірім …

Ана тілім аша алмай жүр адымын.

Биліктегі шала қазақ басшылар,

Ұғар емес туған тілдің қадірін.

 

Өзге тілдер үстем алды билікте,

Бодандыққа тағы басты идік пе?

Осыны айтсам біреулерге жақпаймын,

Ақылшы көп деп айтатын: “килікпе”.

 

Билігіміз бір керемет іс қылды,

Реформалап тәлім бермек үш тілді.

Қазақ тілі босағадан орын ап,

Өзге тілдер тұғырларын күшті ілді.

 

Білімді біз солай қойдық қатырып,

Түсінісе алмай күнді жүрміз батырып.

Анасынан қазақ болып туғандар,

Өзге тілді меңгеруде шатылып.

 

Басы ауырып ешкім бұған саспайды,

Ақпарларда “іс тындырып тастайды”,

Айтатыны: жаһандану көшінде,

Өзге тілдер елді алға бастайды.

 

Бұл сылтауға сене алмайды өз басым,

Өз тілімнен өзге тілдер озбасын.

Өзге тілмен қай төбеге шығып ек,

Жүріп өткен тарихты ашып қозғасын.

 

Тәуелсіз ел тұғырына шығып біз,

Қазақ тілін мемлекеттік деп ұғыппыз.

Өзімізді өзгелерге мазақ қып,

Тіл беделін неге жүрміз жығып біз?

 

Еліктеуге болып алдық құмар біз,

Бұл қылықпен қай биікке шығамыз.

“Өз тіліңді құрметте …” деп тапсырған,

Қадір ақын сөзін қашан ұғармыз.

“Айдаболдың арағы”

Арағы Ақмолалық “Айдаболдың”,

Сен қайдан Шал ақында пайда болдың?

Кей кезде көрінбейсің көпшілікке,

Сапардан оралдың ба, қайда болдың?

 

Ізің жоқ күндіз жүрген көрінбейсің,

Партизанша түн кезіп, ерінбейсің.

“Айдабол” атаң болыс болған екен,

Мықтылық дарыған ғой, берілмейсің.

 

Сусынын ішкіштердің қандырасың,

Қандыра сап есінен тандырасың.

Тыныш жатқан ауылда шу шығарып,

Жанжалды бір-ақ сәтте жандырасың.

 

Бар сенің әр ауылда “туыстарың”,

Теңге санап толтырған уыстарын.

Өзіңнің айтшы қандай сиқырың бар,

Жығатын ток соққандай жуысқанын.

Тойласын қазақ, тойласын!

Тойласын қазақ, тойласын,

Күні-түні күлсін, ойнасын.

Шаруаны қойсын ысырып,

Тек қана тойды ойласын.

Тойлауға халқым құмар-ақ,

Тойласын айлап, жұмалап.

Армансыз қазақ іш те, же,

Бітпейді ас-су, сұм арақ.

Уыты ертең миды алып,

Тұруың мүмкін қиналып.

Дүкенге бетті бұрарсың,

Жұмысқа бармай жиналып.

Қазақтың тойы бітпесін,

Бұл күнді жылдап күткенсің.

Аларсың тағы несие,

Қалтаңда ақша біткесін.

Банкке бұрыл, барып қайт,

Несие берсе алып қайт

Астананы барып арала,

Халықты келген танып қайт.

Одан да әрі асарсың,

Қарағанды жерін басарсың.

Қазбек би бабаң басында,

Айлап жүр, ырым жасарсың.

Сол жақта үш ай жүріп қайт,

Ел танып, ойнап-күліп қайт.

Қай жерде қандай тойлар бар,

Соны да болжап, біліп қайт.

“Бостандық”

Кеңес одағы кезінде,

Жұмысқа ешкім кешікпейтін.

Бірлі-жарымды айтпағанда,

Жалпылама жағдай есітпейтін.

Әркім атқарған жұмысына жауапты,

“Ұжым – тәрбие, бесік” дейтін.

Бүгінді байқасақ ойлап,

Жатып алсаң да айлап,

Осыдан көр қоғамды,

Жауапсыздық алғанын жайлап.

Ешкім жұмысқа шақырмайды,

Жұмысын жасатып алған соң.

”Үйде отыр” деп ақылдайды,

Еңбектен қашатын жалқаулар,

“Ғажап болды” деп мақұлдайды.

“Жасасын бас бостандығы!” деп ,

Ұрандатып тақылдайды.

Қойшыбай ШӘНИЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Шал ақын ауданы, Ысқақ Ыбраев атындағы ауыл.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp