«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА САЛЫНАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Өткен жылы үш ауданда медициналық нысандар ашылып, 113 миллион теңгеге қажетті құралдар сатып алынды. Биыл облыс орталығында 700 орынға арналған көпсалалы аурухананың құрылысы басталатыны туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында айтылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты атқарылып жатқан шаруалармен таныстырып өтті.

– Елімізде “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы табысты жүргізілуде. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетіп, саланың қарқынды дамуына жағдай жасау. Оның жеті бағыты бар. Әр бағыт бойынша нақты міндеттер көзделген. Өткен жылы мемлекеттік бағдарламаның бірқатар бағыттары орындалды. Көрсеткіштердің 2016-2017 жылдармен салыстырғанда жақсарғанын байқауға болады. Бірақ облыста ана мен бала өлімі тіркеліп, қан айналымы жүйесі, обыр дерті ауруларынан қайтыс болғандар саны азаймай отыр, – деген Тимур Сламжанұлы аурулардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласының басым бағыты – алғашқы медициналық көмек көрсетуді жетілдіру. Бұл орайда қалалық емханаларда екі отбасылық денсаулық орталығы ашылғанын айтқан жөн. Қант диабеті және артериалды гипертониямен ауыратын науқастар тарапынан түсетін шақыртулар екі есеге азайған. Баяндамашы медицина саласында күрмеуі қиын мәселелердің жетіп артылатынын жоққа шығармады. Мәселен, кейбір дәрігерлік учаскелерде жұмыс жүктемесі көп. Сондай-ақ, өңірде 228 дәрігер жетіспейді. Әсіресе, терапевт, хирург, акушер-гинеколог, педиатр, анестезиолог-реаниматолог қажет. Жалпы, қазір мемлекеттік емдеу мекемелерінде 1434 дәрігер мен бес мыңнан астам орта буындағы медициналық қызметкер жұмыс істейді.

2018 жылы өңірге 58 жас маман келсе, соның 31-і ауылды жерде жұмыс істеуге ниет танытқан. Петропавл қаласындағы емханаларда да орынның тапшылығы мен алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігіне қатысты кемшіліктер барын атап өткен жөн. Соңғы кезде жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмған адамдардың көбейгені де жиын барысында айтылды.

Біздің облыста қатерлі ісік аурулары республикалық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары екені белгілі. Сондықтан обыр дертін алдын алу мақсатында тұрғындарды скринингтік тексерулерден өткізуге айрықша мән беру керек.

Жиын барысында басқарма басшысы тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін айрықша атап өтті. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда бес пайызға артты. Яғни, былтыр 80 мыңға жуық науқасқа тегін дәрі-дәрмек берілген. Өткен жылы имуннобиологиялық және вакциналық дәрілерді сатып алуға 690 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Ал медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға 1,7 миллиард теңге бөлініп, он сегіз нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл төрт миллиард теңгеге медициналық техника сатып алу көзделіп отыр.

Жиында өзге де денсаулық мекемелерінің бас дәрігерлері сөз алып, атқарылған жұмыстарға тоқталып, алда тұрған ауқымды міндеттерді саралады. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов өткен он екі айда тұрғындар тарапынан және әртүрлі мекемелерден 109 өтініш түскенін, соның 84-іне тексеріс жүргізілгенін айтты. Қалған өтініштер де бақылауға алынған. Сапалы медициналық көмек көрсетуде кемшіліктерге жол берген отызға жуық басшы мен медицина қызметкері жауапқа тартылды. Десек те, ақ халатты абзал жандардың атына кір келтірмей, жұмысын жауапкершілікпен атқаратын кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмов сияқты білікті мамандар арамызда аз емес. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет Азамат Белгібайұлының қызметін жиналғандарға үлгі етіп, мерейтой иесіне өңір басшысының Құрмет грамотасын табыс етті.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp