«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘДЕНИ МҰРА — ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әрбір елдің өз тілі мен ділі, тарихы, мәдениеті мен ұстанымы болады. Осынау ұлан-ғайыр жерді жаудан қорғап, ұрпаққа аманаттаған ата-бабаларымыздың бізге қалдырған байлығын көздің қарашығындай сақтау – абыройлы парыз.

Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз келешек жоқ. Өйткені, тарих – ақиқат жаршысы. Ол тек қағазға басылған дүние ғана емес, өткеннің белгісіндей болған құнды жәдігерлермен де ерекшеленеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласының жалғасы іспетті болған “Ұлы даланың жеті қыры” – өткен тарихқа қайта оралуға, жоғалтқанымызды бүтіндеуге мүмкіндік берген ауқымды жоба. “Рухани жаңғыру” бағдарламасында саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қайта түлеудің айрықша маңызды екі үрдісі екені айтылды. Заман ағымына икемделіп, жаңа дәуірдің жағымды жақтарын алу дұрыс, бірақ өткенімізді де естен шығармауға тиіспіз. Ал жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу.

Бұл орайда облыстық мұражайлар бірлестігі “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру бағытында ауқымды шараларды жүзеге асырып келе жатқанын айтқан жөн.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында “Табиғат-ананың тазалығы үшін”, “Өткенге жол”, “Дәстүрлерді сақтаймыз” сияқты бес танымдық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар республикалық іс-шаралар тізіміне енді.

Осыдан бірер жыл бұрын “Халық қазынасы” акциясы бастау алып, Мағжан Жұмабаев, Есіл, Шал ақын, Айыртау, Жамбыл аудандары тұрғындарының назарына бірегей жәдігерлер ұсынылған еді. Жерлесіміз, халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің “Ұлпан” (1974 ж.) романының қолжазбасы мұражайдағы бірегей жәдігердің бірі болып саналады. Аталмыш акция биыл “Ботай – Солтүстік Қазақстанның киелі ескерткіші” атты жобамен жалғасын таппақ. Жыл бойы облыс тұрғындары Ботай мәдениетіне қатысты материалдармен танысатын болады. Жалпы, мұражай қорында 347 мыңнан астам жәдігер бар. Соның дені археологиялық қорда сақтаулы.

Қойнауы құт Қызылжар жерінде дүниеге келген дарынды тұлғалар аз емес. Өскелең ұрпақ олардың еңбектерінен өнеге алып, әрқашан құрмет тұтуы тиіс. Сондай тұлғалардың өмірі жайлы сыр шертіп, олардың өнерін жас ұрпаққа насихаттау игі іс. Әсіресе, туған жерден жырақта жүрген өнерпаз жерлестеріміз жайлы көп адам біле бермейді. Сол себепті, “Туған өңір – тұнған сыр” жобасы аясында Калининград қаласында тұратын жерлесіміз, суретші, кескіндемеші Евгений Печерскийдің жеке шығармашылық көрмесі өтті. Сонымен қатар тұрғындар суретші Асылболат Смағұлов пен Нұрлан Смағұловтың тамаша туындыларымен танысуға мүмкіндік алды. Көрме авторлары мұражай қорын толықтырып, картиналарын сыйға тарту еткенін де айтып өткеніміз артық болмас. Облыстық бейнелеу өнері мұражайына танымал суретші, монументалист Анатолий Бургаевтың туындылары тарту етілсе, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына ақын, жерлесіміз Қожамбет Ордабайұлының шежіресі мен Сегіз серінің шекпені, белгілі қоғам қайраткері Мәркен Ахметбековтің жеке заттары табысталды.

Елбасының бастамасымен биылғы жыл “Жастар жылы” болып жарияланды. Жалпы, жеткіншектердің қатысуымен мұражайда түрлі шаралар өтіп тұрады. Тарих пен археологияны насихаттау мақсатында Айыртау ауданындағы “Ботай” тарихи-мәдени музей-қорығында тарих ғылымының докторы, профессор Виктор Зайбертпен кездесу ұйымдастырылды. Археологиялық ескерткіш аумағындағы кездесу қызықты өтті. Жастар өздерін толғандырған сауалдарды қойып, емен-жарқын әңгімелесті. Үкімет бағдарламасына енгізілген ежелгі Ботай мәдениетін таныстыратын ашық аспан астындағы мұражай құру алдағы уақытта жүзеге асырылмақ.

Сандық технологияларды енгізу жолымен экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы әр салада табысты жүргізілуде. Тұрғындар арасында ақпараттардың қолжетімділігін арттыру үшін облыстық мұражайлар бірлестігі тарихи-мәдени мұра нысандарын цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Мұражайлардың залдары мен көрме орындарында экспозициялар және жеке жәдігерлер туралы ақпарат берілген QR-кодтар орнатылды. “Заман таспасы” жобасы аясында өңіріміз үшін тарихи маңызы бар ғимараттар мен ескерткіштерге қырық бес QR-код қойылды. Соның ішінде республикалық маңызға ие бес киелі орын бар. Біздің басқарма сайтында киелі жерлер бойынша 3D-турлар орналастырылды.

Жалпы, біздің өңір үшін өткен жыл табысты болды әрі айтулы оқиғалармен ерекшеленді. Сегіз сері, Қожаберген жырау, Ақан сері, Мағжан Жұмабаев сияқты замана заңғарларының мерейтойлары атап өтілді. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей елдерінің өңіраралық ынтымақтастық форумының жоғары деңгейде ұйымдастырылуы облысымыздың мерейін үстем етіп, мәртебесін асқақтатты. XV өңіраралық форумның аясында “Қазақстан мен Ресей – серіктестер диалогы”, “Ата-бабалардың киелі мұрасы” атты көрмелер ұйымдастырылып, облыс тұрғындары мен қонақтары тарихтан сыр шертер құжаттар мен суреттерді тамашалады. Ал өткен жылдың соңында жарияланған Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туғызған бірегей жоба екенін айтқым келеді. Бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса зерттеуді қажет ететіні ақиқат. Сондықтан мұражай қызметкерлерінің алдында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне зерттеу жүргізу міндеті тұр. Шетел архивтері мен музей қорларындағы материалдардың негізінде ұлттық тарихты зерделеу қажет. Алдағы уақытта ақпараттық базаны қалыптастыру, қор коллекциясы мен мұражайлық жинақтарды жүйелеу үшін жақын шетелдер мен еліміздің өзге өңірлеріне ғылыми-зерттеу іссапарларын ұйымдастыру көзделуде. Бұл мұражай қорын құнды материалдармен толықтыруға мүмкіндік берері сөзсіз.

Өз өлкеміздің тарихына қызығушылықты арттырып, өлкетану және зерттеу жұмыстарын жандандыру, тұрғындар арасында креативтік әлеуетті анықтау мақсатында көктемде “Солтүстік Қазақстанның ұлы есімдері” атты бейнероликтер байқауын ұйымдастыру жоспарлануда. Ал тарихи-мәдени мұра мен заманауи инновациялық технологиялар аясында мұражай экспозициясын құру мақсатында облыс тұрғындары мен қонақтары үшін ақпараттық қолжетімділікті арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Гүлнәр МҰҚЫШЕВА, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp