«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары осы аптада жұмыс бабындағы іссапармен Қызылжар өңірінде болды. Олар облыс орталығындағы және аудандардағы мекемелерде, кәсіпорындарда болып, жергілікті жерлердегі жағдайлармен танысып, тұрғындармен кездесті.

Мәжіліс депутаты Ирина Аронова “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Облыс әкімінің мүгедектер мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Светлана Бусыгина халық қалаулысына мүмкіндігі шектеулі адамдардың мұң-мұқтаждары жайлы айтты.

– Еліміздің кез келген өңірлеріндегі сияқты біздің облыста да мүмкіндігі шектеулі адамдардың кейбір ғимараттарға еркін кіруіне қажетті жағдай жасалмаған. Тіпті, жаңа бой көтерген нысандардың бірқатарында жобалау-сметалық құжаттама жасаған кезде ондай мүмкіндіктер қарастырылмайды. Оларда пандус пен мүгедектер арбасын көтергіш міндетті түрде болуы тиіс емес пе? Сондықтан бұл проблеманы назардан тыс қалдырмау керек, – деді Светлана Бусыгина.

Мәжіліс депутаты Ирина Аронова “Нұр Отан” партиясының белсенділері мүмкіндігі шектеулі адамдарға инфрақұрылым нысандарының, тұрғын үйлердің, қоғамдық көліктердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесін күн тәртібінен түсірмейтінін, жыл бойы бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар мүгедектерге әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, гранттар жеңіп алуға жағдай жасауды тиісті орындарға жеткізетін болды.

Ерлі-зайыпты Исмағамбетовтар ұлдары Жоламанның әскер қатарында азаматтық борышын өтеп жүріп, қайғылы қазаға ұшырағанын, бірақ әлі күнге дейін шындыққа көз жеткізе алмай жүргендерін айта келді. Алайда, олар тиісті орындарға барғанымен, жазбаша өтініш түсірмепті. Ирина Аронова облыстық әскери прокуратураға бұл отбасы ресми түрде өтініш білдірген соң, мәселені жоғары орындарға жеткізуге уәде берді.

Семейдегі ядролық сынақ аймағында әскери борышын өтеген Әлмағамбет Жәнібеков 2015 жылы жүрегіне ота жасатқаннан бері мүгедектік ала алмай жүргенін айтты. “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалында оның құжаттарының көшірмесі мен өтініші қабылданып, мәселені шешу үшін тиісті орынға жіберілетін болды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp