«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЛАСЫН АСЫРҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің түзеу мекемелері мен тергеу изоляторында қадағалау мен тиісті тәртіпті нығайту бойынша режімдік қызметтер орындалады. Ол үшін сотталғандарға түсіндіру жұмысын жүргізу, мекемелердің аумағына тыйым салынған заттардың түсу арналарын анықтау үшін де іс-шаралар ұйымдастырылады.

Жоспарлы жұмыстар нәтижесінде былтыр облыстың түзеу мекемелерінде сотталғандарға тыйым салынған заттарды беруге әрекет жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдардың саны азайды. 2018 жылы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 481-бабын бұзғаны үшін алты адам жауапкершілікке тартылды, барлық тұлғаларға ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

Былтыр ЕС-164/3 мекемесіне немересімен қысқамерзімді кездесуге келген И. есімді азаматшаның қалтасынан “Maxvi” маркалы ұялы телефон табылып, тәркіленді. Ал ЕС-164/8 мекемесі тексеру тобының ғимаратында сотталған Б.-ға келген азаматшадан “Бриз” қырыну кремі мен “DOUBLEMINT” тіс пастасына жасырылған “Aсtiv” ұялы байланысының екі сим-картасы табылды. Сондай-ақ, ЕС-164/3 мекемесіне кездесуге келген адамдарды тексеру кезінде бір азаматшаның күртешесінің ішкі қалтасынан жасырылған ақша табылып тәркіленді. Петропавл қалалық сотының шешімімен ол кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ЕС-164/8 мекемесіндегі тексеру тобының үй-жайында С. есімді азаматтың заттарын және азық-түлік өнімдерін тексеру кезінде сарғыш түсті ұнтақ түріндегі екі қағаз және бір полиэтилен орамасы табылды, олар аяқ- киім тазалағышқа және шай пакеттеріне жасырылған. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес тәркіленген зат жалпы салмағы 1,07 грамм героин екені анықталды. Бұл азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Былтырғы желтоқсан айында ЕС-164/8 мекемесінде сотталған Д.-ға арналған сәлемдемені берген кезде үш жаңғақ ішінде ерекше иісі бар өсімдік тектес зат табылды және тәркіленді. Бұл сәлемдемені Алматы қаласында тұратын К. есімді азамат жіберіпті. Сот-химиялық сараптамаға сәйкес тәркіленген зат жалпы салмағы 18,52 грамм гашиш болып шықты.

Ай сайын облысымыздағы түзеу мекемелерінің басшылығы мен қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері есепті кезеңде атқарылған жұмысқа талдау жүргізеді. Оның нәтижелері бойынша қызметтік міндетіне адал қызметкерлерге көтермелеу шаралары қолданылады. Бұл тәжірибе көрсеткеніндей, тексеру және тінту жұмыстарының сапасын жақсартуға өз септігін тигізеді.

Рүстем САҒДЕНОВ, облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің жедел уәкілі, әділет капитаны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp