“Үміт. Сенім. Қайырымдылық” қоры, “Қызыл ай” қоғамының облыстық филиалы және “Ақ ниет – Петропавл” бірлестігі “Біз біргеміз” атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, басында баспанасы жоқ, көше кезген адамдарға ас-сусын таратты.
Дәстүрлі шара бұл жолы Жұмысшы кентінде ұйымдастырылды. №25 орта мектептің жанынан орын тепкен баспанадағы 50-ден астам адамға жылы киім-кешек пен төсек-орын таратылды. Үкіметтік емес ұйымдардың мұндай қайырымдылық шаралары 2013 жылдан бері жалғасып келеді. Әсіресе, аязды күндері үйсіз-күйсіз жүргендерге қамқорлық көрсету күшейтілген. “Қызыл ай” қоғамындағы еріктілер де осы күндері белсенділік танытуда. Мәселен, “Империал” таксопаркінің басшысы Наиль Абраев көмекке мұқтаж жандарға өз қаражаты есебінен азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар әкеліп берді.
Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің айтуынша, Петропавлдың бір өзінде 300-ден астам қаңғыбас бар екен. Олар жертөлелер мен құдықтарды, жылу трассаларының бойын паналап, киім-кешегін арбаларға салып, көше кезуді әдетке айналдырған.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.