«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІТАПХАНА – ҚҰНДЫЛЫҚТАР ОРДАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кітапханалар жүйесін жаңғырту, заманауи құрылғылармен жабдықтап, цифрлық жобаларды енгізу бойынша мәдениет ордасында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Олардың барлығы кез келген тұрғынның қажетті ақпаратты кедергісіз алуына, жастардың шығармашылық, интеллектуалды әлеуетін арттыруға, ең бастысы кітапханаға келушілердің өз уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуіне бағытталған.

Бүгінгі күні Уәлиханов ауданында орталық және балалар кітапханасы, он бес ауыл кітапханасы (Ақбұлақ, Ақтүйесай, Аққұдық, Амангелді, Бидайық, Қайрат, Қаратерек, Қарашілік, Көбенсай, Қулыкөл, Қондыбай, Күзексай, Мортық, Телжан, Өндіріс ауылдарында) жұмыс істейді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша кітап сөрелері жалпы сомасы 13 502 мың теңгенің 4734 әдебиетімен толықты. Соның нәтижесінде кітап қоры 99 мың дананы құрады. Биыл оқырмандарға қазақ тілінде 52 мың кітап және газет-журнал ұсынып отырмыз. Ауыл азаматтарын кітапханаға тарту мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Әр жексенбі сайын ауыл-ауылды аралап, үгіт-насихат жүргіземіз. Мектеп оқушыларының қатысуымен “дөңгелек үстел” отырыстарын өткіземіз. Ауданда осындай 500-ден астам шара ұйымдастырылды.

Ауыл кітапханаларының материалдық-техникалық жағдайы біршама жақсарып, интернет байланысы нығайды, автоматтандырылған кітапханалық бағдарлама енгізілді. Кітапхана ісін автоматтандыру, қағаз түріндегі дәстүрлі ақпараттық қорларды электронды нұсқаға көшіру, электронды каталогтар, библиографиялық дерекқорлар жасақтау, интернет желісінің көмегімен ақпарат алмасу бұл саладағы қызметімізді жаңа сатыға көтеріп отыр.

Жуырда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген бағыттарды жүзеге асыру мақсатында және “Қазақстан кітапханалары” жобасы аясында аудандық кітапхана жанынан коворкинг орталық ашылғанын айта кету артық болмас. Алдағы уақытта мұнда үйірмелер мен пікір алмасу клубын ашуды жоспарлап отырмыз. Оқырмандарымыз орталықта кітап оқумен ғана емес, жеке шығармашылық жұмыстарымен де айналыса алады. Аталмыш орталық заман талабына сай мазмұнды әдебиетпен толықты. Оқырмандардың кітап оқудан басқа теледидар көріп, кофе ішулеріне және ойын алаңына барып, тынығуларына мүмкіндік жасалған. Келушілер қатары күн санап көбейіп келе жатқанын көріп, жаңашылдықтар енгізудегі еңбегіміздің зая кетпегеніне қуанамыз. Жуырда бизнес өкілдерімен бірлесіп, семинар өткіздік. Жастар кәсіпкерлігін қолдау тақырыбында ауданымыздың бетке-ұстар кәсіпкерлері мен мамандары бизнесті табысты жүргізудің қырсырына тоқталып, жиналғандарға ақыл-кеңес берді.

Өзім жетекшілік етіп отырған мәдениет ордасы ұлттық әдебиетіміздің ең үздік туындыларын насихаттау, оқырман сұранысын қанағаттандыру мақсатында да жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеді. Кітапханада Қызылжар топырағында дүниеге келген ақын-жазушылар, атап айтқанда, ұлт қайраткері Смағұл Сәдуақасов, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, жазушы-драматург Сәкен Жүнісов, халық әртісі Ермек Серкебаев сияқты тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арналған жиындар өткізу дәстүрге айналған. Уәлиханов ауданының тоқсан жылдығына орай аудандық кітапханада “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Ұлы дала өркениеті” атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. “Туған жерім қандай көркем – шежіреге толы мекен” атты “дөңгелек үстел” өтті. Осы іс-шараға ақын Серік Тұрғынбекұлы, “Төлеген Айбергенов” атындағы сыйлықтың иегері Төкен Әлжантегі, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, даңғайыр диқан, Социалистік Еңбек Ері Есілбай Кәдіралин келіп, кітаптарын сыйға тартты. Олар “Құрметті қонақтар қолтаңбасы” естелік кітабына пікір жазып қалдырды.

Аудандағы жалғыз балалар кітапханасы кішкентай оқырмандарына заман талабына сай қызмет көрсетуге талпынуда. Жас буын өкілдерінің шығармашылықпен айналысып, үйірмелерге қатысуына барлық жағдай жасалған. Кітапханашы Кәмила Амангелдіқызы мен Жанаргүл Мүшелбай балаларға ағылшын тілі мен латын әліпбиін үйретуде. “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында кітапханада балаларға арналған тегін ІТ-бұрыш ұйымдастырылды.

Кітапханашылар арасында байқаулар жиі өткізіліп тұрады. Солардың нәтижесінде арамызда қажырлы еңбегімен кітапхана беделін арттырып, ұжым мақтанышына айналған мамандардың қатары қалың. Былтыр Астана қаласында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай “Рухани қазына” фестивалі өткен болатын. Оған еліміздің музейлері мен кітапханаларының үздік қызметкерлері қатысты. Конкурста кітапханашымыз Жанаргүл Мүшелбай мен әдіскеріміз Алтын Оспанова “Үздік кітапхана қызметкері” аталымында жеңімпаз атанды.

Күләш ЕГІНБЕКОВА,

Уәлиханов аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp