«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨМЕКТЕСПЕК БОЛҒАН, БІРАҚ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласындағы “Ударник” түнгі клубының маңында екі қызды қағып кеткен “Лексус” көлігінің жүргізушісі Илья Старухинге қатысты кезекті сот отырысында айыпталушының жауабы тыңдалды. Өзін “сүттен ақ, судан таза” етіп көрсеткісі келген ол спирттік ішімдікті татып алмағанын айтып, ақталып бақты.

Айыпталушы алдымен зардап шегуші тараптан кешірім сұрады. Қайтыс болған Ксения Овсянникованың жетім қалған екі жасар қызына алдағы уақытта көмек көрсететінін айтты. Осы арада екінші зардап шегуші Татьяна Балабаннан да кешірім сұрайтынын жеткізді.

Содан кейін Илья Старухин 14 қыркүйекте орын алған оқиғаның қалай болғанын баяндады. Осыған дейін сол түні жанында болған куәгерлердің жауабын тыңдаған ол жарытып ештеңе айтпады. Тек өзінің спирттік ішімдік ішкенін теріске шығарумен болды.

Айыпталушының сөзіне қарағанда, жол апаты орын алған кезде көліктің жылдамдығы шамамен сағатына 40 шақырымға жеткен. “Куәгерлердің неге олай айтқанын білмеймін, мен жылдамдықты бірден асырмадым. Алайда, сәл жоғары жылдамдықпен келгенімді мойындаймын”, – деген Илья Старухин қыздардың жолға кенеттен шыға келгенін, көліктен түсіп, зардап шеккендерге көмектеспек болғанын айтты. Алайда, неге екені белгісіз, Илья Старухинді зардап шегушілердің жанынан ешкім көрмеген. Сот залына шақырылған такси жүргізушілері, басқа да куәгерлер Илья Старухиннің көлікпен қағып кеткен қыздардың жанына барып, көмек көрсетіп, “Жедел жәрдем” шақырмақ болғанын байқамағандарын жеткізген еді. Яғни, оқиға орын алғаннан кейін Илья Старухин ешкімнің көзіне түспеген. Өзінің айтуы бойынша оқиға былай өрбіген:

– Бес минуттан кейін мен “Жедел жәрдем” көлігінің келе жатқанын байқадым. Олардың зардап шегушілерге медициналық көмек көрсететініне көзім жетті. Есеңгіреп қалдым. Содан болар, жауапкершіліктен қорқып, аула арқылы Мағжан Жұмабаев көшесіне шықтым. Сол жерде көлік тоқтаттым. Оқиға орнынан кетіп қалғаным қателік болғанын түсінемін, – деді Илья Старухин. Демек, қылмыс орнынан бой тасалап, оқиғаны сырттай бақылағанын мойындап отыр. Кейін шекарадан қалай өткенін баяндады.

Тергеу барысында жол апаты орын алған көліктің ішінен алкогольдің иісін жоятын “Антиполицай” таблеткасы табылған болатын. Сот залында Ксения Овсянникованың әпкесі спирттік ішімдікті татып алмаса, бұл таблетканың не үшін қажет болғанын сұрады. Көпшіліктің көкейіндегі сұрақ та осы. Алайда, айыпталушы таблетканы ешқашан қолданбағанын, тіпті, ашпағанын айтып ақталды. Кінәні өзінен аулақтату үшін көліктің рөліне кей кездері әкесінің де отыратынын айтты.

Илья Старухин кінәсін ішінара мойындап отыр. Яғни, жылдамдықты асырғандықтан, көлікті тоқтата алмаған. Оқиға орнынан да қашып кеткенін жасырмайды. Тек сот отырысы басталғалы өзі де, куәгерлер де оның спирттік ішімдік ішпегенін айтып бағуда. Бірақ бұл жазаның жеңілдеуіне ықпал ете қоя ма екен?

Келесі сот отырысы 14 ақпанға белгіленді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp