«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫС ӘКІМІ Қ.І.АҚСАҚАЛОВТЫҢ ТҰРҒЫНДАР АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕБІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жылы Қазақстанда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” Жолдауындағы, Президенттің бес әлеуметтік бастамасындағы, 2018 жылғы 5 қазандағы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауындағы, сондай-ақ, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы шеңберінде қоғамдық сананы жаңғыртудың жалғасы болып табылатын Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” жаңа бағдарламалық мақаласындағы айқындалған тапсырмаларды жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілді.

2018 жыл, сондай-ақ, еліміздің Тәуелсіздігінің және Мемлекет басшысының бастамаларын табысты жүзеге асырудың символына айналған, Қазақстанның қоғамдық-саяси және мәдени өмірінің орталығы, біздің елордамыз – Астананың 20 жылдығы аясында өтті.

Бұл маңызды оқиғалардың барлығы біздің мемлекетіміздің қалыптасу мен дамуының тағы бір кезеңіне айналды.

Біздің өңіріміз үшін былтырғы жыл Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен екі елдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумының өтуімен есте қалатын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облысымыздың 2018-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының қабылдануы маңызды оқиға болды.

Облысымыздың 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы оң серпін көрсетті. Экономиканың барлық салаларында өсім қарқыны сақталды.

Облыс бойынша өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы қысқамерзімдік экономикалық индикатор 104,4 пайызды (Қазақстанда 104,7 пайыз) құрады, бұл – еліміздегі тоғызыншы көрсеткіш.

2018 жылы ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 2 пайызға (ҚР – 3,4 пайыз), өнеркәсіп өндірісі 2,2 пайызға (ҚР – 4,1 пайыз), құрылыс жұмыстарының көлемі 13,6 пайызға ( ҚР – 4,1 пайыз), негізгі капиталға инвестиция тарту көлемі 8,1 пайызға (ҚР – 17,2 пайыз), тұрғын үйлерді пайдалануға беру 9 пайызға ( ҚР – 12,1 пайыз) өсті.

Агроөнеркәсіптік кешен

Ауыл шаруашылығы облыстағы басты сала болып табылады, оның өнімдерінің көлемі 2 пайызға (520,4 млрд. теңге) өсті. Есепті кезеңде 82,9 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды немесе өсім 12,7 пайыз (барлық инвестицияның 39,1 пайызы) болды.

Облыстағы 1,9 млн. гектарға осызаманғы технологияны қолдану, цифрландыру (барлық егістік алқаптың 46 пайызы) гектар берекелігін арттыруға мүмкіндік берді, ол егін шығымдылығына және өнімнің сапасына әсер етті. Былтыр 5,2 млн. тонна астық жиналды. 2018 жылы дәнді дақылдардың әр гектарынан 18,7 центнерден өнім алынды, ол 2017 жылға қарағанда 1,2 центнерге көп.

Егістік алқаптарын әртараптандырудың нәтижесінде өткен жылы 976,1 мың гектарға майлы дақылдар себілді. Бұл республикамыздағы майлы дақылдар алқабының 34,4 пайызы.

2018 жылы майлы дақылдардың жалпы түсімі 941 мың тонна болды (әр гектардан 9,9 центнер), ол алдыңғы жылға қарағанда 245,7 мың тоннаға көп. Жалпы өнімнің өсімі 17 млрд. теңгеге жетті. Өнімнің басым бөлігі экспортқа шығарылады. Үстіміздегі жылы майлы дақылдардың егістік алқабын 1 млн. гектарға жеткізуді жоспарлап (барлық егістік алқаптың 23 пайызы) отырмыз.

Өңірімізде майлы дақылдарды, сондай-ақ, дайын азық-түлік тауарларын, машиналар мен қондырғыларды және т.б. сату нәтижесінде экспорт 1,1 есе өсті.

Агроөнеркәсіптік кешенде еңбек өнімділігі (2017 жылы) 2,4 млн. теңге (өсім 7,8 пайыз) болды. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 3 млн. теңгеге жетті, өсім 25 пайыз.

Мал шаруашылығы жақсы қарқынмен дамып келеді. Бұл саладағы өнімдер көлемі 2018 жылы 146,1 млрд. теңгені құрады, физикалық индекс көлемі 102,7 пайыз.

2018 жылы ет өндіру 2,1 пайызға (93,9 мың тонна), сүт 1,6 пайызға (555 мың тонна), тауық жұмыртқасы 16,3 пайызға (809,4 млн. дана) ұлғайды.

Облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу маңызды бағыт болып табылады. Өңіріміздегі өңдеу өнеркәсібі көлемінің 60 пайыздан астамы оның үлесіне тиесілі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 82 кәсіпорын жұмыс істеді. Былтыр облыста тамақ өнімдері өндірісінің көлемі 110 млрд. теңгені құрады, физикалық индекс көлемі 106,9 пайыз.

Өндіріс көлемінде негізгі үлес сүт (36 пайыз), астық өңдеу (28 пайыз), нан-тоқаш және ұн өнімдері (14 пайыз), ет өңдеу (5 пайыз), май шығару (7 пайыз) салаларына, басқа да өнімдер өндірісіне (10 пайыз) тиесілі.

Облыстағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің сыртқы сауда айналымы 2018 жылдың он бір айында сомасы 182,4 млн. АҚШ доллары болатын 743 мың тоннаға жетті, бұл 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 11 пайызға көп (сомасы 163,9 млн. АҚШ доллары, 629,2 мың тонна). Осы уақытта 143,5 млн. АҚШ долларының 652 мың тонна өнімі экспортталды, ол 2017 жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 15 пайызға артық (сомасы 125,3 млн. АҚШ доллары, 592 мың тонна).

Былтыр мына өнімдердің экспорты ұлғайды:

– сүт өнімдері 56 пайызға (2018 жылы – 17272 тонна, 2017 жылы – 11051 тонна);

– тағамдық жұмыртқа 52 пайызға (2018 жылы – 2263 тонна, 2017 жылы – 1490 тонна);

– арпа 2,5 есе (2018 жылы – 32511 тонна, 2017 жылы – 13150 тонна);

– ұн 5 пайызға (2018 жылы – 200968 тонна, 2017 жылы – 192059 тонна);

– дәнді дақылдардың тұқымы 39 пайызға (2018 жылы – 118358 тонна, 2017 жылы – 85012 тонна).

Өңіріміздің экспортерлері өнімдерін өткізудің жаңа нарығын іздестіру бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Мәселен, “Молпродукт”, “Маслодел Петропавл” кәсіпорындары тұрақты түрде өнім сапасын жақсартуда, осызаманғы қондырғыларды орнатуда. Сыртқы нарыққа шығу үшін өнімдердің жаңа түрлерін белсенді түрде игеруде.

2018 жылы 2,7 млрд. теңгеге 2200 сиырға арналған және цифрландыру элементтері енгізілген төрт сүт кешені пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылы 4,5 млрд. теңге қаржыға 1700 бас сиырға арналған үш тауарлы-сүт фермасын салу жоспарланған.

Ет өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін “Тайынша-Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде үш мың қара малды бордақылайтын алаң құрылды. Тайынша ауданындағы “ЕМС-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі шошқа кешенінің жұмысы қайтадан жанданды. Бұл кешенде жылына 5 мың тонна шошқа еті өндіріледі.

Өнімдерін Қытайға шығаруды көздейтін “Тайынша ет комбинаты” кәсіпорны жұмысын қайта жаңғыртты. Былтыр оған 700 млн. теңге инвестиция тартылса, биыл ол көрсеткіш 1,3 млрд. теңгеге жеткізілмек.

Үстіміздегі жылы үш мал бордақылау алаңын салу жоспарланған. Мұндай кәсіпорындар өңіріміздің әр ауданында болуы тиіс деп есептеймін. Бұл жобаның шеңберінде бес жүзден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік аламыз.

Облысымызда жүргізіліп жатқан осындай жұмыстардың нәтижесінде сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен 90 пайызға, ал етпен 50 пайызға дейін қамтамасыз ету мүмкіндігі туады.

Өнеркәсіп

2018 жылы өнеркәсіп өнімдерінің өндірісі алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға өсіп, 250,7 млрд. теңге болды.

Өсім өнеркәсіптің барлық төрт саласы бойынша байқалды. Былтыр тамақ өнімдері өндірісінде – 6,9 пайыз, ағаш бұйымдарында – 2,8 есе, басқа да металл емес минералды өнімдерде –18,6 пайыз, сусындарда – 18,5 пайыз, резеңке және пластмасса бұйымдарында 10,8 пайыз өсім болды.

Асыл және түрлі түсті металдар өндірісінің 4,8 пайызға ұлғаюы есебінен металлургия өнеркәсібінің көлемі 57,9 пайызға өсті.

Өнеркәсіп саласында жұмыс істейтіндер қатары 0,4 пайызға артып, 11,8 мың адамға жетті. Олардың орташа айлық еңбекақысы 9,1 пайызға өсіп, 111 мың теңге болды.

Мемлекет басшысының қолдауымен 2018 жылдың қараша айынан “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” және “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамдарында технологиялық жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Бұл мақсатқа осы кәсіпорындарға республикалық бюджеттен 3,3 млрд. теңге қаржы бөлінді.

Келісімшарттар нәтижесінде 2019 жылдың бірінші тоқсанында машина жасау кәсіпорындарының тапсырыс портфелі 20 млрд. теңге деңгейінде болып отыр.

Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 2019 жылы бес жүзге жуық жұмыс орнын құру арқылы сомасы 14,7 млрд. теңге болатын жеті жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Өткен жылдың қазан айында “Биооперейшн” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін қалпына келтірудің екінші кезеңі аяқталып, крахмал мен балуыз өндірісі жөніндегі цех іске қосылды. Бұл кәсіпорынның жұмысы сегіз жыл бойы тоқтап тұрған болатын.

Индустрияландыру күні Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір барысында “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қайталама полимерлерді өңдеудің толық циклімен металлпластикалық бұйымдар шығаратын зауытының тұсаукесері болды.

Жалпы сомасы 27 млрд. теңге болатын “Тиелин Логистик Инвест Компани” компаниясының құрама жемазық өндіретін және ағаш өңдеу, “KAZMEAL” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бидай өңдеу жөніндегі зауытының құрылысы, “PP Solutions” компаниясының осызаманғы Дата-орталығын құру жөніндегі жобаларын жүзеге асыру қолға алынды.

Инвестиция

Облыста өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 8,1 пайызға артып, 212 млрд. теңге болды. Ал жеке инвестицияның үлесі 73,3 пайыз. Бюджеттен бөлінген 1 теңге қаржыға 3 теңгедей жеке инвестиция тартылды.

2018 жылы республика бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға тартылған инвестицияда Солтүстік Қазақстан облысының үлесі 21 пайыз болды. Біздің өңір ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша елімізде көшбасшы болып қалуда.

Үстіміздегі жылы жалпы сомасы 6,2 млрд. теңгеге “Alageum Electric” акционерлік қоғамының трансформатор зауытын салу және “CLAAS” неміс компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жөніндегі жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.

Физикалық индекс көлемін үш пайыз деңгейінде қамтамасыз етумен өнеркәсіпті дамытудың жақсы серпінін сақтау, сондай-ақ, 2018 жылмен салыстырғанда жеке инвестициялардың он пайыздық өсімін қамтамасыз ету басым бағыттар қатарында болмақ.

2018 жылдың қорытындысы бойынша отандық және шетелдік компаниялармен барлығы 10-нан астам меморандумға қол қойылды.

Бүгіндері жеті ірі инвестициялық жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, олар екі жылдан кейін өңіріміздің экономикасына 80 млрд. теңгеден астам қаржы тартуды қамтамасыз етеді және 1500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерліктің дамуы

Бүгінгі таңда өңірде 28969 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 5 пайызға (2017 жылы – 27587) көп.

Былтырғы жылдың 9 айында өндірілген өнімнің көлемі 370,6 млрд. теңгені құрады. 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12,3 пайыз өсім бар.

Кәсіпкерлік субъектілері облыстың әр үшінші белсенді тұрғыны үшін жаңа жұмыс орындарын құрды (106,3 мың адам немесе өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 107 пайыз).

Мемлекеттік бюджетке түскен салықтардың 56 пайызы, яғни 41,1 млрд. теңге бизнес өкілдеріне тиесілі. Өсім 0,6 пайызды құрады.

2017 жылдың қорытындысына сәйкес облыстың ӨЖӨ-нің төрттен бірі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі.

Сала бойынша қарасақ, кәсіпкерлік субъектілерінің басым бөлігі – 43 пайызы сауда-саттық саласына (2016 ж. – 44,6 пайыз) тиесілі. Ең азы – 3,2 пайыз құрылыс саласында (2016 ж. – 2,9 пайыз).

Өңірде кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасау, жаппай кәсіпкерлікті, оның ішінде отбасылық бизнесті дамыту мақсатында арнайы жоспар бекітілді. Онда экономиканың барлық саласы қамтылып, 13 бағыт бойынша 103 іс-шара анықталған.

2018 жылы өңірде 58 жоба жүзеге асырылды. Оның 6-уы – өнеркәсіп, 25-і – сауда-саттық, 4-і – туризм, 14-і – медицина, ал 9-ы – ауыл шаруашылығы саласында.

Аудандар және Петропавл қаласының әкімдіктері жергілікті атқарушы органдардың сайттарында елді мекендердегі бос жер учаскелері туралы ақпарат беретін карталар жасады. Жалпы 291 жер телімі берілді.

2018 жылы кәсіпкерлікті тексеру 30 пайызға азайды.

2017 жылы өңірлер мен қалалар арасында жүргізілген бизнес жүргізу жеңілдігі рейтінгінің қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы 5-ші орынға ие болды (1-ші – Қызылорда облысы, 2-ші – Атырау облысы, 3-ші – Астана қаласы, 4-ші – Батыс Қазақстан облысы).

Кәсіпкерлікті жүргізу жеңілдігі рейтінгінде жоғары көрсеткішке қол жеткізуімізге бизнес субъектілеріне жүргізілетін тексерістердің азаюы, кәсіпкерлік субъектілеріне жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржылай қолдау мөлшерінің өсуі, кәсіпкерлік субъектілері шығаратын өнім көлемінің артуы, бюджетке кәсіпкерлерден түсетін салықтың өсуі ықпал етті.

2018 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 2,028 млрд. теңге бөлінді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 36,8 пайызға артық (1482,4 млн. теңге). Жалпы 127 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 64 өтініш бойынша демеуқаржы берілсе, 49 жоба кепілдендірілді, ал 6 жобаға грант бөлінді.

2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында бөлшек саудадағы тауар айналымы 237,2 млрд. теңгені құрады. Физикалық индекс мөлшері 100,6 пайыз болды.

Көтерме сауда тауар айналымы 328,4 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға өсті.

2018 жылдың 9 айының қорытындысына сәйкес, облысымызға 105 мың турист келді. Бұл 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 13,6 пайызға артық. Резиденттер 96,1 мың адам, өсім 13,6 пайыз, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға көп. Ал резидент еместер 8,9 мың адам, бұл 2017 жылдағыдан 22,7 пайызға артық.

2018 жылдың 9 айында туристік саладан түскен қаржы мөлшері 880,5 млн. теңгені құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес мерзімінен 24,8 пайызға (705,3 млн. теңге) жоғары.

Салаға 1,3 млрд. теңге инвестиция құйылды.(“Telegraph” қонақүйі (180 млн. теңге), “Алтын Орда” (150 млн. теңге) пайдалануға берілді. Петропавл қаласында “Royal Palace” қонақүй-мейрамхана кешені, Айыртау ауданында “Дара” демалыс базасы, Шал ақын ауданында “Beauty Land” ЖШС-нің демалыс базасының құрылысы аяқталды).

Туризм саласын жүйелі дамыту мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі өңірлермен бірлесіп, 2025 жылға дейін туризмді дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама жасауда. Бағдарлама аясында Имантау-Шалқар демалыс аймағы ел бойынша үздік 10 жобаның тізіміне кірді.

Халықаралық консалтингтік компания Имантау-Шалқар демалыс аймағын дамыту бойынша кешенді жоспар жасады. Бұл жоспарда 10 бағыт, яғни инженерлік және автокөлік инфрақұрылымын салу, демалыс аймағын абаттандыру, инвесторларды тарту, маркетинг, жарнамалауды жүзеге асыру және т.б. көзделген.

2019 жылы Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласы аясында энеолит дәуірінің ерекше археологиялық ескерткіші – “Ботай” мәдениеті мұражайының құрылысы басталады. Бұл мақсатқа ел бюджетінен 2 млрд. теңге бөлінбек.

Өңірімізде былтыр орын алған маңызды оқиғалардың бірі – “Қазақстан мен Ресейдің туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері” тақырыбындағы Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы. Облыс орталығы Қазақстан мен Ресейдің 38 өңірінен келген 800-ге жуық делегатты қарсы алды, туризм саласында 25 өңіраралық және коммерциялық келісімшарт жасалды. Көрмені үш күннің ішінде 7 мыңнан астам адам тамашалады.

Көлік-логистикалық инфрақұрылымның дамуы

Облыстың жолдарын жөндеуге бөлінетін қаржының мөлшері жыл өткен сайын өсіп келеді. Соңғы үш жылда 76,2 млрд. теңгеге облыстың 1901 шақырым жолы жөнделді (2016 ж. – 21,7 млрд. теңге, 472 шақырым, 2017 ж. – 21,5 млрд. теңге, 754 шақырым, 2018 ж. – 33 млрд. теңге, 675 шақырым). Жалпы 62 мың адам тұратын 128 елді мекен қамтылды. 2018 жылы 675 шақырым жолды жөндеуге 33 млрд. теңге бағытталды.

Үстіміздегі жылы 37,4 млрд. теңгеге 705 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бұрын-соңды жол жөндеуге мұндай көлемде қаражат бөлінген емес. Бұл қаржы автожолдардың 65 пайызының жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді (2018 ж. – 61 пайыз).

Сумен қамту

Халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту, оның ішінде таза ауызсумен және жылумен қамту мәселесіне басымдық беріледі.

Облыс тұрғындарын соңғы 2 жылда (2017-2018 ж.ж.) сапалы ауызсумен қамту мәселесін шешу мақсатында 12,2 млрд. теңгеге 355,3 шақырым су құбыры салынды. Сондай-ақ, 26,7 мың адам тұратын 41 ауылды сумен қамту жақсартылды. Облыс тұрғындарының орталықтандырылған суға қолжетімділігі 84,9 пайыздан 89,7 пайызға (15,7 мың адамға) өсті.

2019 жылы сумен қамту жұмыстарына 8,4 млрд. теңге қарастырылған. Бұл 24 мың тұрғыны бар 29 ауылды сумен қамтуды жақсартуға мүмкіндік береді. Жалпы облыс бойынша халықтың орталықтандырылған суға қолжетімділігі 90 пайызды құрайтын болады.

Құрылыс

Облыста құрылыс саласының өсімі жақсы. 2018 жылы 218,1 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп. 2068 пәтер салынып, 7800 солтүстікқазақстандықтың тұрғын үй жағдайы жақсарды.

2018 жылы облыс орталығында екі жаңа шағынаудан бой көтерді. Бұл мақсатта 640-тан астам ескі және апаттық жағдайдағы тұрғын үй сүрілді. Оның орнына 2000 пәтер және бірнеше ірі әлеуметтік нысан салынды. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасатын болады.

2019 жылы қолданысқа берілетін тұрғын үйдің көлемін 2240 пәтерге дейін жеткізуді, оның ішінде 1740 пәтерді – бюджет, ал 500 пәтерді тұрғындардың есебінен салу жоспарланған.

Бес әлеуметтік бастама аясында “7-20-25” бағдарламасын жүзеге асыруға 518 пәтер дайындалды.

Жалпы 2019 жылы – 851 пәтер, оның 527-сі бірінші тоқсанда пайдалануға беріледі.

“Цифрлық Қазақстан”

Цифрландыру – біздің жұмысымыздың ең маңызды бағыттарының бірі. Бүгінде өңір экономикасының барлық саласына цифрлық технологиялар енгізілуде.

Қызметтің барлық саласы: білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ, Smart-Петропавл құру үшін маңызды болып табылатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және қауіпсіздік салалары да цифрландырумен қамтылған.

Кәсіпорындардың ақпараттық технологияларға көбірек көңіл аударғаны өте маңызды. 2018 жылы жүргізілген жұмыстар көрсеткендей, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында еңбек өнімділігі 2 есе артты. Ауруханалардағы адам кезегі 40 пайызға азайды. Коммуналдық қызметтер үшін төлем жинау 20 пайызға ұлғайды.

Үстіміздегі жылы бұл жұмыс жалғасын табады, сандық технологияларды білім беру мен денсаулық сақтау салаларына одан әрі енгізу жобалары жоспарланған, шұғыл шақыртулар бойынша жылдам әрекет ету үшін “112” Бірыңғай қызметі жүзеге асырылады, мемлекеттік қызметтер автоматтандырылады. Бұған қоса, “Smart sity” тұжырымдамасы аясында инклюзивті қаладағы өмір, бизнесті дамыту, таза қалада тұру, қаланы “ақылды” басқару сияқты өмірдің барлық салаларын цифрландыру жоспарланған.

Осы жобаларды жүзеге асыру азаматтардың әл-ауқатын, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы мен жеделдігін арттыра түседі.

Петропавл қаласының дамуы

Облыс орталығын заманауи, сәнді де ыңғайлы қала ету – бүгінгі таңда алда тұрған аса маңызды міндеттердің бірі.

Өткен жылы бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында көппәтерлі 8 тұрғын үй және бір пәтерлі 83 баспана пайдалануға берілді.

Қалада көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысын дамыту тұжырымдамасы қабылданды.

2018 жылы 1000 орындық теннис орталығы мен Оқушылар сарайының құрылысы аяқталды.

Соңғы жылдары өңірімізде дамыған сауда инфрақұрылымын құру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда.

Екі “Семейный” супермаркеті, “GUL Mаркет” гүл сауда үйі ашылды. “Береке” шағынауданында “Nord Plaza” сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы аяқталды.

2019 жылы сауда алаңы 26,3 мың шаршы метрді құрайтын “Dostyk Mall” сауда-ойын-сауық орталығын пайдалануға беру жоспарланған.

“Royal Palace” мейрамхана-қонақүй кешені, 500 орынға шақталған классика элементтері және осызаманғы трендтерді топтастырған жаңа қазақ драма театры қаланың көркіне айналмақ.

Тұрғын үй кешені мен шағын орталықтары бар көппәтерлі екі үйдің құрылысы жүргізілуде, “Береке” шағынауданында биыл пайдалануға берілетін көппәтерлі екі үйдің және Жуков көшесінде екі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қаланың құрылыс компаниялары коммерциялық баспана салуға кірісті.

Жаппай құрылыс алаңына айналған “Береке”, “Жас өркен” шағынаудандарына және “Солнечный” кентіне коммуникациялар, соның ішінде жылу, су және электр жарығы тартылуда.

Жамбыл, Н.Болатбаев, Ж.Қизатов, М.Жұмабаев көшелерінде ашылған сегіз саябақ қаланың ажарын аша түсті. Бұл саябақтар абаттандырылып, өрнектас төселді, көгал алаңдары мен жолжиектер жасалып, 250-ден астам сәндік элементтер орнатылды.

Қаланың орталық көшелерінде әбден тозығы жеткен, қазіргі заман талаптарына сай келмейтін 80 сауда павильоны сүріліп, қоршаулар бұзылды.

Қала көшелерін қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс орталығында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 366 шақырымды құрайды. Былтыр автожол саласына барлығы 3 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталды.

Инновациялық технологияларды енгізу арқылы энергия үнемдеу және энергия тиімділігі жөнінде шаралар жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 35 шақырымнан астам 9 көшеде жарықтандыру жүйесі энергия үнемдегіш баламасына алмастырылды және 1,5 млрд. теңгеге 2295 қуат үнемдейтін шам орнатылды.

Ескі және апаттық жағдайдағы үйлерді бұзу бағдарламасы аясында К.Сүтішев көшесіндегі 38-ші, Орал көшесіндегі 3-ші және 4-ші үйлер сүрілді.

2019 жылы 2-ші Первомайская көшесіндегі апаттық жағдайдағы тағы 4 үй сүріліп, олардың орнына 93 пәтерлі екі көпқабатты баспана салынбақ.

Білім беру

Облыста 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілген.

Үш ауысымда оқытуды болдырмау үшін Петропавл қаласында 1500 орындық 2 мектептің құрылысы жүргізілуде, олардың ашылуы биылғы жылдың 1 қыркүйегіне жоспарланған.

Облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді бағдарламасын жүзеге асыру аясында қалада 900 орындық тағы бір мектеп салынады.

Облыс орталығындағы барлық мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде екі мемлекеттік қызмет: “Мектеп жасына дейінгі (7 жасқа дейінгі) балаларды кезекке қою” және “Бірінші сыныпқа қабылдау туралы жолдама беру” автоматтандырылған, бұл мемлекеттік қызмет көрсету үрдісін жеңілдетіп, жылдамдатады әрі білім беру мекемелері жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Инклюзивті білім беруді жүзеге асыру мақсатында қажетті инфрақұрылым жасалуда, мәселен, биыл №21 және №40 орта мектептер негізінде ерекше қажеттіліктері бар, соның ішінде “аутизм” диагнозы қойылған балаларға арналған екі ресурстық сынып ашылды. Бұл ерекше қажеттіліктері бар балаларды сапалы біліммен қамтуды арттыра түсуге мүмкіндік берді. Бұған “Дара” және “Болашақ” қайырымдылық қорларының қолдауы арқасында қол жеткізілді.

Жаңадан салынған жоғары технологиялық “DIGITAL URPAQ” Оқушылар сарайы өсіп келе жатқан жас ұрпақтың зияткерлік даму орталығына айналды. Мұнда қазірдің өзінде көркем-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, IT-бағыттар бойынша 1500 баланы қамтыған 77 үйірме жұмыс істейді.

Қосымша 20 мың білім грантының бөлінуі облыс мектептері түлектерінің басқа жаққа кетуін 15 пайызға азайтуға мүмкіндік берді.

Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша біздің университетте білім алғысы келетіндердің саны үш есеге ұлғайып, 1072 грантты құрады, соның ішінде техникалық мамандық алғысы келетін, мұғалім және дәрігер болғысы келетін студенттер саны артты.

Алғаш рет М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне түскісі келгендердің оқу ақысын төлеу үшін жергілікті бюджеттен 35,0 млн. теңге бөлініп, 75 мемлекеттік білім гранты берілді. Соның ішінде 41-і – педагогикалық, 21-і – медициналық және 13-і – ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша. Өз еліміздің жоғары оқу орындарына түсіп жатқандардың саны артқаны да қуантады, олардың саны 1,7 есеге ұлғайған.

Үстіміздегі жыл облыстағы білім беру мекемелерінің жұмыс сапасын арттыруға екпін бермек. Облысты дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарында білім беру маңызды орын алады. 2019 жылға республикалық бюджеттен 120 білім беру нысанын күрделі жөндеуге 5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Күрделі жөндеу 120 білім беру мекемесінде оқу-тәрбие үрдісіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Өңірімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында екі мың орындық 4 жатақхана (1 – ЖОО, 3 – колледждер үшін) салу жоспарланған. Бұл студенттердің жатақханамен қамтылу көрсеткішін 70 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жаңа оқу-зертханалық ғимаратының құрылысы жоспарланған. Бұл студенттер санын 10 мыңға дейін жеткізуге мүмкіндік жасайды.

Денсаулық сақтау

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында (облыс тұрғындарына амбулаторлық және стационарлық көмек көрсету үшін) офтальмологиялық диагностикалық орталық салынды. 3-ші емхана жанынан Отбасы денсаулығы орталығы ашылды. Облыстық онкологиялық диспансердің екіқабатты ғимараты пайдалануға берілді (311 млн. теңге).

Өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шешу үшін Елбасының тапсырмасымен осызаманғы көпсалалы аурухана саламыз, оның құрамына облыстың 6 стационары енгізілмек. Бұл ауруханаға жатқызу, емдеу мерзімін қысқартып, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырады.

Жаңа аурухананың жанынан медицина қызметкерлеріне арналған 200 пәтерлі үй салуды жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ, 2019 жылы 4 млрд. теңгеге медициналық техника сатып алу жоспарда бар, бұл өткен жылдардағымен салыстырғанда 3 есе көп.

Жаңа магнитті-резонанстық томограф, 2 ангиограф, 3 рентген кешені және басқа да құрал-жабдықтар өңіріміздегі медициналық қызмет сапасын арттырып, уақтылы және нақты диагностиканы қамтамасыз етпек.

Ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 20 пайызға өседі.

Денсаулық сақтау саласын кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да медицина факультеті ашылды. Бүгінде онда өз түлектерімізден басқа, Үндістаннан келген 77 студент білім алуда.

Мәдениет

Бүгінде мәдениет саласы дамудың жаңа деңгейіне көтерілуде. Облыста ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының қаржылай қолдауымен соңғы үш жылда 22 мәдениет ошағы пайдалануға берілді. Оларды күтіп ұстау жеке инвестициялардың есебінен жүзеге асырылуда.

Үстіміздегі жылы облыс аудандарында 10 мәдениет нысанын ашу жоспарлануда.

Облыста 9 мемлекеттік мұражай жұмыс істейді. Олардың екеуі облыс орталығында болса, 7-і аудандарда орналасқан.

Өткен жылдан бері өңір жұртшылығы облыс мұражайларына тегін кіруде. Бұл шара “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынды.

Өңірімізде Қазақстан Республикасының тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген 599 тарихи-мәдени нысан бар.

Биыл ұлттық құндылықтарымызды насихаттау және төлқұжаттаумен айналысатын тарихи-мәдени нысандарды пайдалану және қорғау жөніндегі орталық құрылды.

“Рухани жаңғыру” және “Ұлы даланың жеті қыры”

Облыстағы 25 нысан киелі жерлер тізіміне енді. Олардың 6-уы: “Абылай ханның резиденциясы” мұражай-кешені, “Ботай” қонысы, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Қожаберген жыраудың және Құлсары батырдың мазарлары, Сырымбет қонысы жалпыұлттық тізімге енді. Екі нысан – Ақан серінің (Айыртау ауданы) және Ноғайбай бидің (Мағжан Жұмабаев ауданы) мазары жалпыұлттық маңызға ие киелі жерлердің алдын ала тізіміне енгізілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2018 жылдың наурыз айында “Ботай” мемлекеттік мұражай-қорығы құрылып, бүгінде онда түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Туристерге гаджеттердің көмегімен (QR кодтарды орнату арқылы) тарихи ескерткіштермен, қасиетті нысандармен танысуларына мүмкіндік беретін “Заман таспасы” жобасын жүзеге асыру жалғасын табуда.

2018 жылдың 20-21 сәуірі күндері оркестрлер мен ұлттық аспаптар ансамблінің Сегіз сері атындағы “Гауһар тас” ІІ республикалық фестивалі өтті.

Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығын тойлау барысында 250-ден астам түрлі шара ұйымдастырылып, оған еліміздің барлық облыстарының және Ресей Федерациясы шекаралас өңірлерінің өкілдері қатысты.

16-20 ақпан аралығында “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымының қолдауымен Түркияның Кастамону және Анкара қалаларында “Мағжан жылының” ашылуы өтті.

“Жаһандық әлемдегі қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет” арнайы жобасы аясында солтүстікқазақстандық өнерпаздар Германия, Қытай Халық Республикасы, Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей, Белорусь, Польша, Чехия, Грузия және басқа да мемлекеттерде болып, шетелдік өнерсүйер қауымды тәнті етті.

Ақпан айында С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ cазды-драма театры жанынан есту қабілеті төмен азаматтарға арналған шағын театр ашу жоспарланып отыр. Бұл еліміздегі мүгедек жандарға арналған алғашқы театр болмақ.

Жалпы 2019 жылы 3 халықаралық және 3 республикалық байқау мен фестиваль өткізу жоспарланған.

“Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” және “Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламалық мақалаларын негізге ала отырып, ауқымды жобаларды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары жасалды. С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың 85 жылдығына орай “Облыстық кітапханалар – ақпарат пен бос уақыттың өңірлік орталықтары” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қайыржан Жолдыбаевтың (Германия) қатысуымен “Қызылжар дауысы” опера өнерінің халықаралық фестивалі, ақын Ерік Асқаровтың 60 жылдығына арналған республикалық конференция мен ақындар айтысы сияқты маңызды шаралар өңір жұртшылығының назарына ұсынылатын болады.

“Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында әр аудан орталығында тарихи-өлкетану бағытындағы мұражайлар ашу жұмыстары жүргізілуде.

Облыста 15 коворкинг орталық жұмыс істейді. Солардың бірі С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада болса, 14-і аудандық кітапханаларда ашылған. Биыл осындай орталық Петропавл қаласында И.Шухов атындағы кітапханада да ашылады.

2018 жылы С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана робототехника ресурстық орталығын ашуға арналған грант жеңіп алды.

Спорт

Өңірімізде дене шынықтыру және спортпен 173 мыңнан астам адам жүйелі түрде айналысады. Бұл – облыс жұртшылығының 31,2 пайызы. Өңірімізде спорттың 82 түрі кеңінен тараған.

2018 жылдың басынан бері 315 мың адам қатысқан 1400-ге жуық шара өтті. Олардың дені бұқаралық және халықтық спорт ойындары (“Север”, “Ақ бидай”, “Надежда”, ұлттық спорт түрлері бойынша спартакиада, облыстық әйелдер спартакиадасы). Сонымен қатар бір мыңнан астам солтүстікқазақстандық Мемлекет басшысының қолдауымен өткен “Challenge! Сен өзгешесің!” республикалық спорттық акциясында белсенділік танытты.

Облыс аумағында 40-тан астам республикалық және халықаралық сайыс ұйымдастырылды. Алғаш рет өңірімізде ұлттық ат спорты түрлерінен, көркем гимнастикадан ел чемпионаты, спорттық жекпе-жек және бокс, дзюдо, таэквандо, грек-рим күресі және еркін күрес сияқты спорттың күш қолданылатын түрлерінен конфедерация кубогы өтті.

2018 жылы қазақ күресі мен спорттық жекпе-жектерді дамыту үшін облыста “Қызылжар арландары” спорт клубы ашылды.

Дене шынықтыру және спортпен белсенді шұғылданушылар үшін 2862 спорттық ғимарат жұмыс істейді. Олардың 40-тан астамы өткен жылы салынды.

Мағжан Жұмабаев ауданында Батыр Баян атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Мұндай нысан Уәлиханов ауданында да ашылды.

2019-2021 жылдарға арналған қосымша қаржыландыру бағдарламасы бойынша Ақжар, Айыртау, Тайынша, Мамлют, Аққайың, Шал ақын, Есіл аудандарының орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жоспарлануда.

Тұрғындарды әлеуметтік қолдау

2018 жылы 12200 тұрақты жұмыс орны құрылды. “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекетік бағдарламасымен 26 мыңнан астам адам қамтылған.

Облысымызда жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында кәсіпкерлікке 719 тұрғын тартылған. Бұл мақсатқа 2,7 миллиард теңге несие бөлінді. 2017 жылмен салыстырғанда қаржы 2 есе артық берілді.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарының көмегімен 11 мыңнан астам тұрғын жұмыспен (мал, бау-бақша, ара және құс шаруашылығы) қамтылды. Бұл шаралар соңғы екі жылда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көрсеткішін 10,5 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.

Биылғы жылы алғаш рет стартап-жобаны жүзеге асыру үшін 546 азаматқа 130 миллион теңгенің қайтарымсыз гранты берілді.

Жалпы, қабылданған шаралар еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтауға және жыл басынан жұмыссыздық деңгейін 4,9-дан 4,8 пайызға дейін төмендетуге ықпал етті.

2019 жылы 30 мыңға тарта адам қамтылған құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, шағын бизнес салаларындағы жаңа жобалар есебінен өзін-өзі жұмыспен қамту шаралары жалғасын табатын болады.

Жаппай кәсіпкерліктің оң серпінін сақтап қалу мақсатында 2019 жылы кредиттеу мөлшері 5 миллиард теңгеге, ал гранттар 300 миллион теңгеге дейін ұлғаяды.

Қосымша еңбек ресурстарын өңірімізге тарту мәселесі – облыс экономикасын дамытудың маңызды факторы. Облысымызға еліміздің өзге өңірлерінен азаматтарды көшіру әлі де жалғасуда. 2018 жылы біз 1500 адамды (450 отбасы) қабылдадық. Қоныс аударушыларға жер, тұрғын үй беріледі және олар жұмыспен қамтылады. 2019 жылы ірі агроқұрылымдардың қатысуымен ауылдық жерлерде 5 типтік жоба бойынша 600 үй тұрғызу жоспарланған.

Біз қаржыны ауылдардың жолдарын, мектеп, балабақша, Мәдениет үйлерін жөндеуге, ауызсумен қамтуға, ауыл шаруашылығын қолдауға бағыттайтын боламыз. Бұл өңірдің тартымдылығын арттырып, көші-қонның теріс көрсеткішін төмендетеді (2019 жылы – 2600 адам, 2020 жылы – 1100 адам).

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жылуға, жарыққа, суға, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға, лифті пайдалануға тарифті төмендету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Заңдылық және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету

Облысымызда заңдылықты және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жоспарлы шаралар жалғасын табуда, нәтижесінде барлық негізгі бағыттар бойынша қылмыс деңгейінің төмендегені байқалып отыр.

2018 жылы жалпы қылмыс жасау 5,6 пайызға азайды. Барлық қылмыс түрлерін ашу бойынша жақсы көрсеткішке қол жеткізілді.

Қабылданған шаралар нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар саны 7,7 пайызға (1071-ден 989-ға дейін), көшелердегі 5,5 пайызға (402-ден 380-ге дейін), жасөспірімдер арасындағы 30,1 пайызға (73-тен 51-ге дейін), жазасы толық өтелмеген тұлғалар бойынша 36,1 пайызға (693-тен 443-ке дейін), мас күйде жасалатын қылмыстар 18,6 пайызға (1096-дан 892-ге дейін) кеміді.

Облыс аумағына 1142 бейнебақылау камерасы (Петропавл қаласында 410) орнатылған, соның көмегімен 561(+30,8 пайыз, 429) қылмыс ашылды.

Полиция департаментінің бастамасымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған “Жастар жылы” шеңберінде 2019 жыл “Есірткісіз болашақ” ұранымен есірткіге қарсы күрес жылы ретінде өтуде. Тиісті ведомствоаралық бағдарламаны бекіттім.

Азаматтардың сенімін арттыру және полиция жұмысының ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда.

Азаматтарды қабылдаудың ыңғайлылығы үшін полицияның барлық құрылымдарында фронт-кеңселер ашылды.

“Жастар жылы”

Жастар жылы шеңберінде Мемлекет басшысының “Жасыл қала – жасыл ауыл” жобасын біз қолдаймыз. 2019 жылы “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтарының көмегімен Петропавл қаласында және барлық аудандарда “Жастар саябағы” ашылады.

Жастар жылын жүзеге асыру шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысында “Жастарға 100 нақты қадам” жол картасы жасалды. Сонымен қатар жастарды әскерге тарту мақсатында әскери-патриоттық бағыттағы “Әскердегі бір күн” жобасы жүзеге асырылмақ.

Петропавлда алғаш рет “I-Vent” инновациялық жастар форумы, кибер спорт өңірлік турнирі, сондай-ақ, жұмысшы жастар арасында кәсіби шеберлік конкурсы, шалғайдағы ауылдық округтер өкілдерінің қатысуымен “Жастар керуені” өтеді.

“Жастар ортасындағы мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды әлеуметтік қолдау бойынша кешенді шаралар” жобасы шеңберінде жыл сайын “Шексіз өнер” жастар фестивалі ұйымдастырылуда. Мысалға, 2018 жылы түрлі аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталған фестивальға Петропавл қаласы және облыс аудандарынан 200-ден астам өрен қатысты.

2019 жылы кірісті еселеу және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға байланысты Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған жүйелі жұмыс жалғасын табатын болады.

Өткен 2018 жылдың қорытындысы бізге алдағы міндеттерді шешу жөніндегі жұмысты сенімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Облыс жұртшылығы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына, өлкеміздің дамуына, айналамыздың гүлденуіне барынша қолдау білдіретініне сенімдімін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp