«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАМШЫРАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өнерге жақын, талапты балаларды көргенде кеудені қуаныш кернейтіні анық. Жас құрақтай өсіп келе жатқан өрендерді өнерге, шығармашылыққа баулу – ұлағатты іс. Талантты балалардың дарынын шыңдауға Жамбыл аудандық өнер мектебі де айрықша үлес қосуда.

Әр баланың өз әлемі бар. Бір бала есеп-қисапқа жүйрік болса, енді біреуі шығармашылыққа жақын келеді. Баланың бойындағы ерекшелікті дер кезінде байқап, оған дұрыс бағыт бергенде ғана болашағынан зор үміт күтуге болады.

Өнер мектебінің тарихы әріден бастау алады. Преснов аудандық кеңесі атқару комитетінің шешімімен 1966 жылы 75 орындық музыкалық балалар мектебі ашылған болатын. Ол жерлесіміз, жазушы Иван Шуховтың үйінде орналасқан еді. Бастапқыда балалар фортепьяно, сырнай мен аккордеонда ойнауға үйренсе, кейін үрмелі аспаптар үйірмесі және домбыра сыныбы ашылды.

Бүгінде домбыра сыныбына Күлбара Асанбаева жетекшілік етіп, тәрбиеленушілерге қос ішекті аспаптың құдіретін ұғындырып келеді. Ұстаздан шәкірт озса – ғанибет емес пе? Аз уақыттың ішінде оның шәкірттері облыстық домбырашылар байқауында жүлделі орын алып, ұстазының мерейін үстем етті. Бүгінде домбыра сыныбында оқитын балалардың жетістіктерін ауыз толтырып айтуға болады. Облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген жеткіншектеріміз аз емес. Солардың бірі – Аңсар Ғалымжан. Ол өткен жылы “Сахна тарландары”, “Қыс өрнегі” атты республикалық, халықаралық сайыстарда тамаша өнер көрсетіп, облысымыздың намысын абыроймен қорғады.

Бүгінде бізде 200-ден астам бала әртүрлі үйірмеге қатысады. Қазір мектепте театр, көркем-сурет, би студиялары, эстрадалық вокал сыныбы мен гитарашылар үйірмесі бар. Өнер дейтін шексіз әлемнің тұңғиығына бойлаған Лаура Бекқожина, Мұхамедәлі Хәкім, Дилара Бақыт, Марэта Адамян есімді дарынды ұл-қыздар мен “Балдәурен” эстрадалық вокал студиясының өнерпаздарын қалайша мақтан етпеске?! Өнер мектебінде білім алған өзге де шәкірттеріміздің жеткен жетістіктері бүгінгі дарынды өрендерге үлгі болуда. Фортепьяно үйірмесіне қатысқан түлегіміз Надежда Гордиенко Қырғызстан, Ресей елдерінде өткен халықаралық байқауларда топ жарды. Ол бүгінде Петропавлдағы өнер колледжінде білім алуда.

Өнерпаздардың бойындағы қабілеттерінің шыңдалуына, бірінші кезекте білікті, тәжірибелі ұстаздардың сіңірер еңбегі зор. Біз де осыған ерекше мән береміз. Оқытушылық құрамымыз жыл сайын білікті ұстаздармен толығуда. Шәкірттерін тұлпардай баптаған әр жетекшінің өзіндік орны бар. Бәсекелі жарыстарда бәйге алып жүрген жеткіншектердің өнерін шыңдауға кәсіби тұрғыда атсалысқан Дина Мұнайдарова, Күлбаршын Рәзиева, Наталья Грицаева, Лариса Максимова сияқты ұлағатты жандардың еңбегін атап өткен жөн. Бүгінде біз жаңадан ашылған би студиясы мен гитарашылар үйірмесінің жұмысын жандандырудамыз.

Өкінішке қарай, шығармашылықпен толыққанды айналысуға мүмкіндік бермей отырған кедергілер де аз емес. Қазір домбыра сыныбы, би, көркемсурет, театр студияларына маман тапшы. Өнер мектебінің аядай жерде орналасқаны да жұмысымызға қолбайлау болып отыр. Ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар, жеткіншектер алаңсыз шығармашылықпен айналысып, бір жерде білім алғанын қалайды. Заманауи үлгідегі өнер мектебінің жеке ғимараты салынса деген тілегіміз бар.

Әмина ҒАЛИЕВА, Жамбыл аудандық өнер мектебінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp