«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ЖАСТАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасының қатысушыларымен кездесу өтті. Өңірлік жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған жиынға жергілікті өрендер қатысты.

Жиында аталмыш орталықтың бөлім басшысы Зарина Қожанова “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның маңызына тоқталды.

– Республикалық жоба кейінгі толқынды білімге, іскерлік пен адалдыққа баулуда зор маңызға ие. Биылғы байқау танымал тұлғаларды насихаттауды емес, жаңа есімдерді таныстыру мақсатын көздеп отыр. Яғни, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбек жолын көпке үлгі етеді. Жуырда бірінші кезеңнің жеңімпаздары анықталып, өңірімізден ұсынылған 64 үміткердің 8-і үздіктердің қатарынан табылды. Осы азаматтардың жетістігін жастар да білуі тиіс. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Зарина Қауынтайқызы.

Сәлімхан Сәбитов – тағдырдың тәлкегіне мойынсұнбаған азамат. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы “Қоғамдық келісім” КММ-нің сарапшысы болып жұмыс істейтін жасты “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасына әріптестері ұсынған. Ол мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көлік жүргізуді үйрететін арнайы мектеп ашуды көздейді. Былтыр жерлесіміздің “Равная дорога” атты әлеуметтік жобасына Алматы және Астана қалаларында өткен “Жаңа толқын 100+”, “Жастар синергиясы – бірлік энергиясы” атты форумдарда алты миллион теңгенің қолдауы көрсетілді. Бүгіндері қайырымды жандардан түскен қаржыға екі “LADA Granta” автокөлігін сатып алған ол өз идеясын жүзеге асыруға бір қадам жақындай түсті.

Жиында “Ардос-Жүрек” мүгедектер қоғамы” заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Ақжан Кәрім де өз тәжірибесімен бөлісті. Жерлесіміз соңғы 5 жылдың ішінде 20-ға жуық жобаны жүзеге асырған. “Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі” жобасы былтыр “Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары” байқауының өңірлік кезеңінде үздік деп танылып, оған 1 миллион теңге сыйақы табысталған болатын.

– Жастардың өздеріне деген сенімін күшейтіп, идеяларын жүзеге асыруға бағыт-бағдар сілтейміз. Бүгінге дейін үш азаматқа кәсіп ашуға көмектестік. Ал “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасы жайлы айтар болсам, бірінші кезеңде солтүстікқазақстандықтардың арасынан үздік шығамын деп ойлаған жоқпын. Себебі, барлық үміткерлер жеңіске лайық деп ойлаймын. Жалпы, жоба қатысушылары өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп, болашақта қоғамға пайдасын тигізіп жатса, құба-құп, – дейді Ақжан Кәрім.

Шара соңында жастар жоба қатысушыларына сұрақтарын қойып, өз идеяларын жүзеге асыру бойынша кеңес алды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp