«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКІ КӨЗ – ЕКІ ЖҰЛДЫЗ МАҢДАЙДАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде балалардың барлығының дені сау деп айтуға болмайды. Жас құрақтай өсіп келе жатқан ұл-қыздардың денсаулығына ата-аналар қаншалықты мән береді? Қазіргі таңда қатерлі ісік, туабітті жүрек және сал ауруларын айтпағанда, бүлдіршіндер арасында көз аурулары көрсеткіші едәуір өскен. Дәрігерлер оның негізгі себебін өндірістің, жаңа технологиялардың дамуымен байланыстырады. Соның әсерінен соңғы жылдары түрлі дертке шалдығып, бақытты балалық шақтарын мазасыз сәттерге айырбастаған сәбилер саны да, олар жиі душар болатын аурулар да артқан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев өңірде көз дертімен жеті мыңға жуық адам есепте тұрса, соның екі жарым мыңы балалар мен жасөспірімдер екенін жеткізді. Көңілге қаяу түсірген бұл ақпарат ресми дерек қана. Ал көз ауруы бола тұра дәрігерге қаралмаған адам қаншама? Сондықтан бұл көрсеткіш әлдеқайда көп болуы мүмкін. Мектепте оқитын балалар былай тұрсын, балабақшаларда көзілдірік тағатын бүлдіршіндердің қатары да жыл санап көбейіп келеді. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Яғни, тұрғындар арасында көз ауруы жасарып, балалардың көру қабілеті нашарлауда.

Петропавл қаласындағы офтальмологиялық-диагностикалық орталықтың дәрігері Әмина Мәдиева мектеп жасындағы балалар арасында көз аурулары көбейіп келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның себебін дәрігер ұялы телефонға телмірудің кесірімен түсіндірді. Сондай-ақ, мектеп жасындағы балалардың оқу жүктемесі де денсаулыққа кері әсер ететінін қадап айтты.

– Ұялы телефонды, планшетті, телевизорды көп көрудің салдарынан қазір балалар миопия дертіне шалдығуда. Бұл алыстан көрмеу, сығырлық ауруы деп аталады. Ондай балалар офтальмологтардың бақылауында болуы тиіс. Егер бір жылдың ішінде көздің көру қасиеті төмендесе, дереу емдік шараларын қолға алу керек. Қазір, әсіресе, қыли көз балалар көбеюде. Бұл дерт – көздің бұлшық еттері қызметінің бұзылуынан пайда болады. Оның соңы амблиопия секілді күрделі дерттерге соқтыруы мүмкін, – деген Әмина Ғазизқызы ондай науқастардың көзін қалпына келтіру үшін арнайы аппаратпен емдеу тәсілдері жүргізіліп, ота жасалатынын айтты.

Облыстық офтальмологиялық-диагностикалық орталықтың дәрігері көмекке жүгінетіндердің арасында көз жарақатын алып, күйік шалған, конъюктивитпен ауырған кішкентай науқастар да бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, конъюктивиттің бактериалды, вирусты және аллергиялық түрлері болады. Бактериалды, вирусты түрлері жеке бас гигиенасын сақтамаудан пайда болады. Ол бүлдіршіндерге бала-бақшада, ойын алаңдары мен көпшілік ортада жұғуы мүмкін.

Дәрігерлер миопия дертінің тарауына кондиционерден де ықпал ететінін айтады. Сондықтан аталмыш аурудың алдын алу үшін ата-аналар балаларының денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс.

– Ата-аналар балалардың гаджеттерді шектен тыс пайдаланбауын, сабақ оқитын орынның талапқа сай болуын қадағалауы керек. Балалар мен жеткіншектер компьютерде отырғанда үзіліс жасап, көз бұлшық етінің жұмысын жақсартатын жаттығуларды жасағаны жөн. Үнемі жаттығу жасау арқылы көз дертінің алдын алуға болады, – дейді окулист Күлпәш Хамзина.

Мамандар балалардың бөлмесі ашық түсті әрі жарық болуы тиіс екенін айтады. Жыл сайын көз дәрігеріне қаралып тұру да артық емес. Әсіресе, дәрігерлер өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін болашақ аналарға құрсақтағы сәбидің денсаулығына айрықша назар аударуға кеңес берді. Никотин, алкоголь немесе өзге де зиянды заттарды қолдану баланың көру қабілетіне әсер етеді екен. Оның ең қауіптісі – суқараңғылық. Өкінішке қарай, біздің өңірде де туабітті суқараңғылыққа тап болған немесе көздің қатерлі ісігіне шалдыққан кішкентай науқастар жоқ емес. Мәселен, жақында дәрігерлер екі жастағы бүлдіршінде көз іші қатерлі ісігін (ретинобластома) анықтаған. Қауіпті дерттің пайда болуына қоршаған орта мен тұқымқуалаушылық әсер ететін көрінеді. Әсіресе, бұл ауру бір жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі екен.

Баласының көру қабілетін қалпына келтіру үшін талай ата-ананың аурухана табалдырығын тоздырып жүргені шындық. Соның бірі Айыртау ауданының тұрғыны Әсем Серікқызы. Баласының денсаулығына алаңдаған ана өткенді өкіне еске алды.

– Тұңғыш қызым Мәдинаның жасы қазір 12-де. Осыдан 4-5 жыл бұрын дәрігерлер оның көру қабілетінің нашар екенін айтып, миопия диагнозын қойды. Содан бері талай аурухананың есігін тоздырдық. Бір шеті Астана қаласына дейін бардық. Жастайынан көру қабілеті төмен болса, ертеңі не болмақ? Сондықтан қызымның болашағына алаңдаймын. Кішкентай кезінде планшеттен түрлі мультфильмдерді көруді ұнататын. Біз оның айтқанын істеп, шектеу қоймадық. Енді, міне, денсаулығына кесірі тиіп отыр, – дей келе, ол ата-аналарды баланың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Өкінішке қарай, көз ауруларына шалдыққан балаларының ертеңіне алаңдаған Әсем сияқты ата-аналар көп. Тіпті, елемеген аурудың соңы қайғылы жағдаймен аяқталып, өкініш өзекті өртеген жағдайлар да аз емес. Мәселен, өткен жылы Петропавл қаласының екі жастағы тұрғыны ретинобластома ауруынан көз жұмғаны белгілі. Көз торының жетілмеген эмбриональдық клеткасынан дамыған қатерлі ісіктің кесірінен сәбидің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Бұл ретте өңірде балалардың көз ауруларын емдейтін білікті мамандардың жетіспейтінін де жасыруға болмас. Өңірде 21 офтальмолог маман болса, соның тек біреуі ғана балалар көз дәрігері.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp